21 Сәуір, 2010

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ АҚЫНЫ ӘСИЯ БЕРКЕНОВА: АЙТЫС МЕНІҢ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМДАРЫМДЫ ЖАРИЯ ЕТТІ

1767 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Халқымыздың ұмытылуға жақын қалған хас өнері – айтысты өткен ғасыр­дың 80-жылдарынан бастап қайта тірілтіп қана қоймай, биікке көтерген талантты шоғырдың арасынан Қазақ­станның халық ақыны Әсия Беркенова ойып орын алады. Алмастың жүзіндей өткір сөзіне мақамы мен домбыра­шылығы сай болып, қарсыласының алдын кесіп, көрер­менді аузына қаратып отыратын Әсия айтыстың ақ берені атанды. Сахна­ға ол шыққанда нысанаға дөп тиіп жататын ойлы сөзге де, әдемі әуен­ге де орта толатын. Біздің тілшіміз ақын­ның мерейтойы қарсаңында Әсия Әйіпқызы­мен кездесіп, әңгімеге тартқан еді. – Әсия Әйіпқызы, алдымен сізге “Егемен Қазақстанның” мыңдаған оқырманы, айтыстың жанкүйерлері болып сауал тастайын. Қазір айтыскер Әсия қайда жүр, неге көрінбей кетті? – Еш жаққа да кеткен жоқпыз, туған жердің ауасын жұтып, суын ішіп, қызы­ғына тоймай дегендей, Қостанай қала­сында тұрып жатырмыз. Мені айтысқа жіберіп, үйдегі ағаң өзі қарап қалатын. Балаларымыз қазір ержетіп, бір-бір шаңы­­рақ көтерген. Табылды екеуміз не­ме­ре­лері­міздің тәрбиесімен айналыса­мыз. Оның сыртында Ахмет Байтұр­сынов атындағы Қостанай мемлекеттік уни­верситетіндегі өнер студиясын бас­қа­ра­мын, талабы бар жастарды өнерге баулимын. – Сізді айтыста қарсыластарыңыз “арпа ішінде бір бидай болып жүрсің” деп қағытатын еді. Одан тіліміз есіктен қарап қалған ортадан келіп отырған сөздің майын тамызған ақынға деген ризашылық та аңғарылып тұрар еді. Сіздің ақындық жолыңыз қалай қалыптасты? – Қазақ біреудің төбесі жұрттан биік­тесе оның тегін сұрап жатады. “Тақыр жерге шөп шықпайды” деп осы түсінікті тағы шегелеп қояды қазекем. Сол рас. Менің әкем Әйіп ақынжанды болған кісі екен. Замандастары оның хатты ылғи өлеңмен жазғанын айтады. Ал оның әкесі Хакімжан ел ішінде “өлеңші Хакім­жан” атанған, домбырамен ән айтатын, әрі ешкімге сөзін жібермейтін, ділмар кісі болыпты. Менің жасымда үлкен кісі­лер “сенің сөз саптасың атаң Хакім­жан­ға ұқсаған” деп айтушы еді. Дегенмен, мен әке жұртымда емес, нағашыларымның ықпалында өстім. Нағашы атам Жұма­ғали да, оның қарындасы Алтынбас апам да керемет домбырашы еді. Осы кісі­лердің шапағаты қанымда болған шығар. Сосын жалпы менің туған жерім Әулиекөл десе – Әулиекөл дер едім. Қазақ даласының осы тұсына да аруақ қонып, нар шөккен. Әулиекөлдің атын бұрынғы шежіре шалдар еліне иманды­лық шапаға­тын шашқан Әсебек әулие­мен байланыс­тырады. Қояндыағаш ауылын­да Кеңес Одағы­ның Батыры Сұл­тан Баймағамбетов ағамыз туған. Мұнда белгілі академик Кенжеғали Сағадиев, министр Шайсұлтан Шаяхметов ержет­кен. Әулиекөлге Ахмет Байтұрсыновтың да табаны тиген. Ол кісі шамамен 1893 жылы осындағы мектепте оқытушы бол­ған. Негізі Ахаңның анасы Күнше шеше­міз біздің елдің қызы. Бұл жағынан біз­дің ел Ахметті жиен дейді. Ал ағайын­ды Ақтас, Байтұрсынның етене қарын­дасы Ақкенжеден менің нағашы атам туа­ды екен. Бұл жағынан қусақ мен Ахаңа жиеншармын. Әжем анама дейін алты құр­сақ көтерген екен, сол алтауы да ше­ті­непті. Жетінші балаға аяғы ауыр кезінде атамыз­дың түсіне нағашылары кіріп, “Перзентің­нің атын Ақтас қойшы, тұрақтар” деп аян беріпті. Өмірге келген қызға Ақтас деп ер баланың атын қойыпты. Бірақ әжем одан кейін туған жеті сәбиін де жасқа толмай жер қойнына беріп отырыпты. Сол Ақтастан туған мен де анадан жалғызбын. Ал екіншіден, мені өнерге жақын еткен де, ақын еткен де өскен, білім ал­ған ортам, мектебімдегі ұстаздарым. Мен жалпы елу жылдан бері өнерде жүрмін деп есеп­теймін. Өйткені, есімді білгелі ауыл клубы­ның сахнасынан түс­кен жоқпын. Ауыл­дағы “қызыл бұрыш­тың” меңгерушісі Ақан Жұмағалиев ағай мені де кіп-кіш­кентай кезімнен сахнаға шы­ғарып, өлең айтқызатын, ересектер­ден қал­дырмайтын. Үгіт бригадасымен шо­пан­дарды, егіс даласын аралап жүрдік. Ауыл өнерпаздары еңбегін ешқашан мін­дет­сімейтін, ақы да сұрамайтын. Маң­дайын күнге қақтап қой бағып, егін егіп жүр­ген ауылдастарының алдында ән ай­тып беруді өздеріне парыз сияқты көре­тін. Сол кездегі қоғамдық өмір адам­дар­ды ұжымшыл­дыққа, бауырмалдық­қа, бір-біріне шынайы қамқорлық жасауға тәр­биеледі. “Бірің – бәрің үшін, бәрің – бірің үшін!” деген ұран тек маңдай­ша­лар­­­да ғана емес, сана­мызда жазылып тұр­­­ғандай болатын. Мектеп қабырғасында да көркемөнер­паз­дар үйірмелерінің бел­сенді мүшесі болдым. Бейімбет Май­лин­нің “Шұғаның белгісі” шығармасы бо­йын­ша спектакль қойып, сонда Шұға­ны ойнайтынмын. Сенің өнеріңді ауыл бо­лып көреді, қолпаштайды, мақтайды. Осы­­­ның бәрі де баланы қанаттандырып, бойындағы ұшқынды үрлей береді екен ғой. – Сіз жаңа “Мені өнерге жақын еткен де, ақын еткен де ұстаздарым” деп айтып қалдыңыз. Осыған толығырақ тоқталып өтсеңіз қайтеді. – Өзім де осыны айтқалы отыр­ған­мын. Мектеп тек білім берумен шектел­мейді. Ол баланы жан-жақты қалыптас­тыра­тын қасиетті дүкен ғой. Мектепте жүргенде “Ошаған” деген қабырға газеті­нің редакторы болдым. Оған нашар оқи­тын, тәртібі төмен, кір-қожалақ жүретін балаларды мазақтап, өлең шығарып жазып қоямын. Осының барлығына да менің ұстаздарымның ықпалы, олардың талабы болушы еді. Негізі, мектепке барып, балалардың алдында өзінің саба­ғын беріп қана кететін жандарды мұғалім дейміз. Осы орынды болар. Ал ұстаздың мағынасы одан терең, тіпті ол басқа түсінік сияқты маған. Мен өзіме білім берген мұғалімдерімнің барлығын да ұстаз деп астын сызып айтамын. Ұстаз баланы хас мүсінші секілді сомдайды, оның бойындағы кесапат қылықтарды кесіп тастап, тамаша қасиеттерді ұш­тайды. Ал мұның өзі ұстаздың күнделікті уағыз айтуымен бола қалатын нәрсе емес, баланың алдында оның өзі үлгі болуымен, жүрек жылуымен жүзеге асатын құбылыс қой. Педагогиканың ерекшелігі, қиын әрі қасиетті сала екен­дігі осында. Менің мектептегі ұстаздарым осындай жандар болды. Әлі күнге дейін Қаратай Сәрсен­баев, Сағындық Дос­маған­бетов, Күләш Құрманова, Күләш Маметанова сияқты арамызда аман-есен жүріп жатқан ағай-апайларыма мейрам сайын хабар­ласып, құт­тықтаймын, жағ­дай­ларын біліп қоя­мын. Өзіміз біраз жас­қа келсек те қарт ұстаз­дарым баладай ай­на­лып-толғанып, риясыз көңілден риза­шы­лықтарын біл­ді­ріп жатады. Мен ай­тыс­қа барып жүрге­нім­де “баласы атқа шапса, анасы үйде тақы­мын қысады” деген­­дей, бір тілеулес­терім де осы ұстаз­дарым болды деп білемін. Олардың менен күткен үміті көп еді. Мен өмірде айтыс ақыны болмасам да, бәрібір тұлға боларым анық еді. Өйткені, бала кезден өте белсенді және азаматтық ұстаным­дарым айқын болды. Айтыс соны жұртқа жария етті. – Сіздің өзіңіз де ұстаз мамандығын қалаған екенсіз. Бірақ жасыңыздан өлең­ге, қазақ өнеріне құштар бола тұра, орыс тілі мен әдебиетінің маманы болдыңыз. Оған да ұстаздарыңыздың ықпалы болды ма? – Жоқ. Мен Қыздар педагогика институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне түскенімде, ұстаздарымның көпшілігі наразы болды. 53 түлектің арасында мектепті мен ғана үздік бітір­дім. Аттестатыма тек дене шынықтыру мен “мал шаруашылығынан” (ол кезде осындай пән болған) ғана “4” түсті. Мемлекеттік емтихан тапсырғанда әде­биет­тен шығарма жазатын едік қой. Сонда Ілияс Жансүгіровтің “Құлагер” поэмасы бойынша шығарманы өлеңмен жазып шықтым. Сол өлең-шығарманың көркемдігі қандай екенін қазір айта алмаймын, бірақ ұстаздарым “беске” бағалағанына қарағанда, жаман да шықпаған шығар деп ойлаймын. Мені математика пәнінен сабақ бере­тін ағайым математик, химиядан сабақ беретін апайым химик болады деп ой­лай­­тын. Әр пәннің мұғалімі өзіне тар­та­тын. Ауылда жүргенде “Қазақ вальсін” айтып, әнші болуды армандадым. Бірақ сол кезде ел ішінде өнер адамы туралы пікірдің дұрыс қалыптаспауына бай­ла­нысты мені үйдегілер консерва­торияға жібермеді. Ал орыс тілі мен әдебиеті факультетіне баратындығым­ды ешкімге айтпадым, бұл менің ішімдегі реніштен туған шешім болатын. Аудан орталы­ғын­дағы мектеп-интернат жанында кәсіптік-техникалық училище болды. Міне осын­да оқитындар мектеп оқушыларына ылғи тиіседі, ер балаларды ұрады. Баланың өзін ғана емес, ұлтымызды неше түрлі етіп мазақтайды. Соны естігенде намыс­тан тырнағыма дейін күйіп кететін едім. Нан сұрайтын орыс­шамыз болса да олар­дың өз айтқандарын өздеріне қайтара алмаймыз, жасқаншақ­тана­мыз. Олар әрі көп, әрі бастықтардың бәрі солардың сөзін сөйлейтін сияқты болып тұрады. Кейін ойласам, заманның желі екен. Содан өзгемен осы тілде тең дәрежеде сөйлесуді, қорлатпауды мақсат етуім арманнан кем соқпады да, мектепті бітір­ген соң көп ойланбастан осы факуль­­тетке бардым. Уақыттың өзі де осыны лайық көрді білем. – Әсия Әйіпқызы, өзіңіз шық жуытпаған қазақтың намысы үшін өзге тілді үйрендіңіз, оны жас ұрпаққа үйреттіңіз. Ал сол қазақты өзіңіз айтыста қамшылап алатын ана тіліңіздің жағдайын қазір қалай деп білесіз? – Тіл үшін қазынадан миллиондаған теңге қаржы бөлініп, жасалып жатқан жұмыстарды, шығып жатқан көптеген сөздіктерді, кітаптарды, ашылып жатқан мектептерді жоққа шығармаймын. Алай­да, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңіп кетті деп тағы айта алмаймын. Об­лыс­тарда іс қағаздарын жүргізу мемле­кет­тік тілге көшті дейді, бұл аударма­шы­лардың арқасында. Мемлекеттік тілге көшкен ел емес, қағаз ғана. Қостанай жағдайында аудармашы болмаған күні мекемелер іс қағазын орысша жазады. Сол аударма­шы­ның өзі тілді шала біледі, аудармасын кейде түсін­сең, кейде түсінбейсің. Рес­пуб­ликадағы жалпы көрініс те осы айт­қандардан алыс емес деп білемін. Аудар­машы ұстамай қазақ тілін білуің керек деген қатаң талап жоқ. Орыс тіліне талап болған кезде үйрен­дік қой. Ол кезде орыс тіліне қажет­тілік жасалды. Сол қажетті­ліктің өзі тілді үйренуге талап емес пе? Тәуелсіздік кел­ген­де туған бала бүгінде ержетті. Содан бер­гі жиырма жылда бір тілді үйренуге неге болмасын? Қазақ тіліне қажеттілік жоқ және билік басында жүргендердің арасында тіл жа­нашыр­лары да жоқтың қасы. Прези­де­нті­міз сияқты екі тілде бірдей таза сөйлейтіндерді тым аз байқаймыз. Жиырма жылда бір тілді меңгере алмай билік басында жүр­гендер­дің интеллектуалдық деңгейін қалай деп ойлауға болады? Патрио­тизм тілден бас­та­лады. Қазақ тілінің ар­ти­куля­циясында кездесетін ерек­ше­ліктер неміс, француз, ағылшын тілдерінде де бар. Ниет болса қай тілді де үйренуге болады. Қазақтар­дың қанында лингвис­ти­калық се­зім­тал­дық бар, біз үйрен­ген қай тілді де мүл­тіксіз сөйлей­міз. Орта Азия, Кавказ халық­тарының орыс тілінде өз тілінің бояуын сақтап сөйлейтіні кешірімді секілді, ал бізден оны еш­кім күт­пей­тін. Сон­дық­тан өз ағайын­дары­мыз қазақ тілін мүлтіксіз сөйлеп тұрса, қалға­ны да сол тілде сөй­леу­ге тырысар еді. Біз өз артық­шы­лық­тарымыз­дың бағасына жету­ден гөрі, өзгеге еліктегішпіз. – Осы жәйт дініміз тұрғысында да байқалып отырған жоқ па? – Дін – жан дүние мәдениеті­нің атасы. Ішкі мәдениетің, жалпы жан дүниең таза болмаса, дінді шы­найы ұстай алмайсың. Әңгіме жұрт­тың барлығының жайнамазға жығылуында емес. Қазір жастар­дың, орта жастағы кісілер арасын­да да діннің жолы осы екен деп, басы-көзін тұмшалап алатындар кездеседі. Бұл да сол еліктеп-солықтап, кететіндігі­міз­ден. Шүкір, ақ дінімізді құқай етіп көрсеткен заман кетті, қазір мешіті жоқ ауыл, елді мекен жоқтың қасы. Бірақ, сол дінді ұрпақ санасына рухани байлық, тәрбие етіп сіңіретіндей іс-қимыл жоқ. Иесіз жастарымызды түрлі секталар иеле­ніп жа­тыр. Ресейдің телеарна­ларын­дағы жаңа­­лықтардан діни тақырыптағы ақ­паратты жиі естуге болады. Оларда жеке теле­арна да бар. Онда діни мағына­сы терең әңгімелер, хабарлар береді. Біз­дің республикалық арналардың бірінен беріл­ген айтыскер ақын Мұхаметжан ініміздің хабары жұртқа ұнаған болатын. Қазір көгілдір экранның пәрмені күшті, оны имандылық, адамгершілік тәрбие беретін хабарларға пайдаланғанда нәти­жесі жоғары болады деп білемін. Қазір жыл сайын қажылыққа бара­тындар қатары көбейді. Бұл жақсы. Бірақ Меккеге рухани тазару үшін барғандар­дың жан дүниесінде өзгеріс болды ма? “Қа­сиет­ті парызды өтеуге баратындар оған белгі­лі бір дәрежеде іштей дайын болды ма, әлде қалтаны керген ақшаның күші ме?” деген ой келеді маған. Қажы­лықтың қоғамдық дәреже, артықшылық емес, парыз ғана екенін түсінсе дейсің. Олар заман­дастарына құрғақ уағызбен емес, өзінің имандылық, адамгершілік үлгісін көрсетсе, дініміздің жалпы жас ұрпақ тәр­биесіне ықпалы да күшеймек. “Иманды­лық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ” деген осы. – Сіздер айтыс көрігін қыздырған 80- жылдары қоғамдағы қадау-қадау мәсе­ле­лерді қанын шығара айтып жүрдіңіздер. “Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел” деп Абай айтқандай, соның нәтижесін көресіз бе бүгін? – Негізі айтыс қазақтың қанында бар өнер. Ол тіліміз барда жоғалмайды. “Тіл – құрал” деп Ахмет Байтұрсынов айт­қан­дай, айтыс қоғамдағы кемшіліктерді сынаудың, содан арылудың құралы бол­ған ғой. Сондықтан қоғамда жарылмаған жарадай мәселелер пісіп жетілгенде ай­тыс­қа да қажеттілік, хас өнердің алмас­тай жарқылдайтын сәттері туады. Сексенінші жылдары айтысқа қоғамда қажеттілік туды. Манап, Көкен, Тәушен секілді аға-апа­лары­мыздың соңына ерген Әселхан, Қати­молла, Қонысбай сияқты біздің буынға саясаттың, уақыттың шаңы­мен басылып қалған айтысқа жан бітіру, оны біршама жоғары серпіп тастау бақыты тиді. Ал қажеттілік туды дейтін себебім, өткен ғасырдың сексенінші жыл­­дары жұтаған тіліміздің, өгейсіген діні­міздің, аяқасты болған салт-дәстүрі­міздің жағдайы адамдар жүрегінде қатта­лып, шемен боп жатыр еді. Айтыс соның барлығын жанартау етіп жарып, ортаға алып шықты. Біз айтысқа арқау еткен мәселелердің қазір қоғамда орнын тауып, жөнге кел­ген­дері бар. Мысалы, Наурызды алайық. Қазір бұл елімізді қойып, халықаралық мерекеге айналды. Салт-дәстүрлеріміз де жанданып, әспеттеліп отыр. Жоғарыға жал­тақтаған, “аға халыққа”, еліктеген кеңестік дәуірде адамдардың санасында қалыптасқан кейбір түсінікке де жаңа көзқарас қалыптасты. Мысалы, мен сол жылдары “Орыстың қайы­ңы, қысы дей­міз, Қазақта қыс боп, қайың өспей­тін­дей” деп айтып жүрдім. Қа­зақ­тың кең байтақ жері дегенде, қылта­нақ өспейтін бетпақ даланы елестетер едік. Мұның барлығы да отарлық жымысқы сая­саттың ықпалымен қазақтардың шөлді ай­мақ­тар­ға ысырылып кеткендігінен деп ой­лай­мын. Әйтпесе, қазақ даласының басқа шал­ғайын былай қойғанда Қостанай өңі­ріндегі Аманқарағай, Арақарағай, Науыр­зым ормандарын қайда қоясың? Осындағы қарағай, қайың халқымыздың санасына неге сіңісті болған жоқ дейсіз. Болды ғой. Қазақ сұлу қызын қайыңға, қайратты, бойшаң жандарды қарағайға теңеген жоқ па? Ал тіпті, Бибігүл Төле­гено­ва айтатын “Қызқарағай” әніндегі қыз­қарағай орыстар “голубая ель” дейтін шыр­шаның қысы-жазы көгілдір түсті болып тұратын сұлу түрі. Шы­нында “қызқарағай” керемет атау емес пе? Айтыс жақсының бәрін өзінен бұрын өзгеге жамайтын әдетімізден арылуға ықпал етті деп ойлай­мын. Рухты көтерді. “Петровка, Михайловка, Семеновка, селолар қаптап кетті даламызда” деп едім айтыстардың бірінде. Жер-су аттарын өзгерту мәселесі қазірде де өте маңызды бо­лып отыр. Жергілікті тарихшы ғалым­дар жыл сайын экспедиция ұйымдас­тырып, зерт­теп жатыр. Қостанай өңірінде қазақша атауы болмаған жер, су, елді мекен жоқ бол­ған. Қазір басқасын айт­па­ғанда, Қос­танай қаласындағы қазақша аталатын көше атау­лары он пайызға да жетпейді екен. Қиқы-жиқы бір көшенің аты Қазақ деп аталады. Қазақтың жерінде осындай атау керек пе? Әйгілі батыр, мәмілегер Шақшақ Жәні­бектің кіндік қаны Торғай даласында тамған. Оның атына бір көше беруге болмай ма? – ­Сіз қазір әжелер немерелеріне ертегі айтпайды дегенге қалай қарайсыз? – Мен де әженің бірімін, бірақ неме­ре­леріме ертегі айтып беремін деп өтірікші болғым келмейді. Мен өзім өмір сүріп жатқан ортадан, қоғамнан басқаша емес­пін. Менің балаларым баршасы сияқ­­ты балабақшаға барды, қазір неме­ре­лерім ба­рып жүр. Демек, менің немере­лерімді өзге­лер тәрбиелеп жатыр, ал мен де, келінім де жұмыс істегеннен кейін біз де өзгенің баласын тәрбиелеп жүрміз. Әр заманның өз ерекшелігі, өз қажеттілігі бар. Қазіргі бала­лар ертегіні тыңдап, қиялға беріл­мейді, сол ертегіні көзбен көргісі келеді. Өйткені, олар теледидары, экраны бар заманда өмір сүріп жатыр. Әңгіме­міздің басында мен телеарналар пәрмен­ділігі туралы айтып едім. Сол ойымды тағы да қайталағым келеді. Отбасының, ананың тәрбиесі бала үшін өмірдің басты тұғырнамасы еке­нінде дау жоқ. Бірақ сол баланың есін білгеннен көретіні көгілдір экран. Сон­дықтан “Ел болам десең – бесігің­ді түзе” деген ұлы Мұхтардың сөзін­дегі бесіктен бүгінгі көгілдір экран­ның ықпалы кем емес. Жас ұрпақ тәрбиесіне осы экран қатты әсер-ықпал етеді. Қазіргі кішкен­тай сәбилерге Алпамыстан гөрі Шрек, Фионалар жақын. Сондықтан телеарна­лардан берілетін балалар хабар­ларының, мультфильмдердің барлығы да ұлттық сипатта, халықтық менталитетімізге жақын болуы керек. – Осы айтып отырғандарыңыздың барлығы да түптеп келгенде жастар тәр­бие­сіне қызмет етеді. Ал жастар – елдің ертеңі. – Әңгіме сонда. Өткеннің барлығын сызып тастаудың қателік екенін зиялы адамдар жиі айтады. Біздің жас кезімізде октябренок, пионер, комсомол саты­лары­­нан өттік. Мұның өзі жастармен жұмыс­тың бөліп қойған жүйесі сияқты екен. Қазір жастардың белгілі бір шоғы­ры ғана бел­сенді өмір сүреді. Мұның өзі бүгінгі қоғам­дағы экономика­лық, қоғам­дық қаты­настардың өзгеруіне байланысты да шығар деп ойлаймын. Біздің жастық шағы­мыздағыдай емес, қазір әр отбасы­ның тұрмысы әр түрлі. “Тоқ бала аш бала­мен ойнамайды” деген мәтелдің шынды­ғын күнде көріп отырмыз. Мате­риал­дық теңсіздік моральдық теңсіздікке әкеледі. Осындай ойлар көңілді бұлтты күн­дей түнертіп өткенмен, өзім жастардың болашағынан үлкен үміт күтемін. Өйткені, олардың білім алуына елімізде тамаша жағдайлар жасалып отыр. Әр отбасы, әр адам Елбасының осы кемел ісінің қадіріне жетуіміз керек. Оның мәнісі бар тапқаныңды бала тәрбиесіне салып, оны босаңсытпауда жатыр. – Әсия Әйіпқызы, сізге енді соңғы сұрақ. Жас келген сайын сыртқы әдемі­лікті, жастық реңді қалай сақтап қалуға болады? Қазір қалада да, ауылда да шашын боя­майтын әйел кемде кем. Солардың барлығы дерлік сән қуғаннан емес, шашының ерте ағаруынан амалсыздан бояйды. Ал сіздің шашыңызда бір тал ақ жоқ. – Шашымнан бұрын ауылды атаға­ныңа жүрегім шым ете қалды. Менің бар­лық жастық шағым, өмірімнің көп бөлігі ауылда өтті. Науырзым ауданын­дағы “Соснов” кеңшарында тұрдық. Даланың бар сұлулығы осы ауылдың маңайында тұнып қалғандай болатын маған. Сонымен қатар бай шаруашылық ауылдың әлеумет­тік тұрмысына да жақсы көңіл бөлді. Ауыл­да тұрсақ та күйелеш болып от жаққаны­мыз жоқ, үйлер орталықтан жылытылды. Ауыл – алтын бесік қой, ақсақалдар мен әжелердің алдын кеспеуді, кішіге ізетті, қа­йы­рымды болуды, дәстүр-салтты әр қазақ­тың бойында ауыл қалыптастырды. Қазақтың өлеңінің де бұлақ қайнары ауыл­да жатыр десем, жаңалық ашқаным емес. Ал шашы ағармаған адамның өмірі жеңіл, тағдыр ауыртпалығын көрмеген деген түсінік бар. Олай емес сияқты, адамның сыртқы қалпының сақталуы тұқым қуалайтын қасиет пе деймін. Менің әжем сексеннен асып қайтыс болғанда бір тал шашы ағармастан кетті. Анам да шашына ақ түспестен дүниеден озды. Әжем аштықты да, бейнетті де, көз жасын да көрген жан еді. Әңгіменің басында ол кісінің баласы көп шетіне­генін айтқанмын. “Ауылдағы бейіттің жартысы менікі, бұл әдіре қалғыр шаш неге ағармайды?” деп шашын жуған сайын кейитін жарықтық. Қазақ қыздары қайыңның безіндей қатты, емендей мықты болған ғой. Тәуелсіз еліміздің жетістігі, қуанышы көп қой, шүкір. Жармын, анамын, ақын болып еліме танылдым. Осының бар­лығы да бір әйелге аз бақыт емес. Бірақ, айтыс ақыны болу бір әйелге оңай да жүк емес. Ұлтымыздың, халқымыздың қамын жеген ойларымды ашық айтып тастаймын. Ойыңды бүлтелектемей ашық, кесіп айта салудан жергілікті билік бар, замандастар дегендей, жұртқа жақпай да қаласың. Қазір айтысқа көп шықпасам да, көңілімдегі ойды өлеңге түсіремін. Жақында осындай бір ой қағазға өлең болып түсті. Жүремін не күйді кешіп тегі, Көкейде жатыр ойдың көшіп легі. Туралық таңдайыма таңба болып, Уызбен келген несіп бесіктегі. Әділдік толқи ағып ақ бұлағы, Ақбозы ақиқаттың шапқылады. Шындықты шытырманнан шешіп алсаң, Тура сөз туғаныңды жат қылады. Сөзімді алмады деп жеңіс қалап, Көрсетпей жүрер саған тегіс қабақ. Қыртысын қыңыр істің жазам десең, Досың да кете берер теріс қарап. Шындықты шырқыраған елең етем, Өзгеден ой-пікірім неге бөтен? Ортақ тіл табу үшін өзгелермен, Өз тіліңді тістеуің керек екен. – Рахмет. Өнеріңіз ортаймасын. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ.