Қоғам • 02 Ақпан, 2021

Ит балақтан алып тұр

327 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының мектеп оқушысын қаңғыбас иттер талап тастаған. Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы облыста кәмелеттік жасқа толмаған балаларды ит қапқан 599 оқиға тіркеліпті.

Ит балақтан алып тұр

Оқыс оқиғалардан кейін жауапты мекемелер қаңғыбас иттер­ге қарсы күрес шараларын жандандыра бастады. Үйреншікті әдет. Ши шықпай, шара қолданылып, көңіл аударыла бермейді. Әйтпесе, Көкшетау қаласының шеткі аудандары тұрмақ, орта­лығының өзінде қарғыбау тағыл­ма­ған, тұмылдырық кигізілмеген иесіз иттер үйір-үйірімен қаңғып жүр.

– Ауыл тұрғындарына иттеріне ие бол­уы керектігі жөнінде әлденеше рет ескерттік. Бұл жолы мектептен келе жатқан інісін қарсы алуға шық­­қан оқушы қызға қаңғырған иттер бас салған, – дейді Краснояр ауы­лы әкім­ді­гінің бас маманы Жанат Әубәкіров, – адамға ауыз салған соң құ­тырған деп күмәндануға да әб­ден бо­лады. Қазір мән-жай мұқият тек­се­рілу­де.

Шалғайдағы елді мекендерде бұл мәсе­ленің қаншалықты шешіліп жат­қан­дығы белгісіз. Жаман індет жай­ла­­ғалы қарға адым жер ұзап шығуға қай­мығатын ауыл тұрғындары «бас жа­рылса – бөрік, қол сынса жең ішін­де» деп жүре берулері де мүмкін. Облыстық бала­лар ауруханасына былтыр ит қап­қан 156 бала медициналық көмек алуға жүгінгендігі соның айғағы болса керек. Биыл­ғы жылы осындай үш оқиға орын алып отыр.

– Краснояр ауылынан жеткізілген оқушы қызға алғашқы көмек көрсе­тіл­ді. Құ­тыру ауруының алдын алуға екпе егіл­ді, – дейді травматолог дәрігер Сергей Вурц.

Дегенмен иесіз иттер талаған жүз­де­ген баланың жүрегі шайлығып, жүй­кесіне салмақ түспеді кім айта алар?! Қазір көзі шалғандардың айтуы­на қа­ра­ғанда, бұралқы «достардың» қа­ла­ның жеке секторларында, әсіресе Краснояр ауылындағы бұрынғы ет комбинаты, облыс орталығындағы Жайлау және Зас­танционный шағын аудандарында тым көбейіп кеткендігі белгілі болып отыр. Өкінішке қарай, таяуда осы шағын аудандарда қаңғыбас иттердің адам­ға шабуыл жасауының екі оқиғасы тірке­ліпті.

– Көз байлана үйге қайтып келе жат­қа­нымда, тайыншадай екі алабай ит тап берді,– дейді қаңғыбас иттен зардап шек­кен қала тұрғыны Тұрар Мағзұмов. – Жан ұшырып қорғануға тырыстым. Мұн­дай жағдай бірнеше рет орын алды. Әрбір оқиғадан кейін төрт рет шағымдандым. Бірақ еш­қандай нәтиже шығатын емес. Көр­ші­леріме де «ит бақсаң, ие бол» деп ескерт­кенмін. Олар да жұрт сөзін ескерер емес. Оның үстіне қаң­ғыбас иттер қаптап жүр. Түн түгіл, күн­діз үйден шығудан қалдық. Бәріміз де бала-шаға бағып отырмыз ғой.

– Краснояр ауылындағы оқиғаның орнына бірден жеттік, – дейді қалалық полиция басқармасының инспекторы Алтынбек Бүкенов. – Қабаған иттер­дің иесін тауып, әкімшілік жауап­кер­ші­лік­ке тарттық.

Бірақ мұнымен мәселе түпкілікті шешіле қоймайтындығы белгілі. Ендігі арада қала әкімдігі қаңғыбас иттердің қа­терін қаперге алып, нақты бір шара қол­дану қажет тәрізді.

 

Көкшетау