Қазақ елі дүниеге азаттығын паш етіп, әлемдік қоғамдастыққа толыққанды мүше болғалы, бірлігі мен берекесін, татулығы мен тұрақтылығын басты тұғыры етіп, тәуелсіз мемлекет ретінде дербес дамудың даңғылына түскелі 22 жыл болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің кезекті азаттық мейрамын жылдағы дағдысынша жарқын көңіл, жасампаз істерімен жайдары қалыпта қарсы алды. Алғаш азаттығын алған тұста Қазақ елін этносаралық, конфессияаралық араздықтың ошағы болады деген сан сәуегейді сансыратып, керісінше, татулықтың тал бесігіне айналған жұрттың күллі табысының кілті – кемеңгер басшысының келелі бастамаларын барша халық болып қолдауында.
Екінші қазынамыз: Ел бірлігі. Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты
жиында сөйлеген сөзден.

Қазақ елі дүниеге азаттығын паш етіп, әлемдік қоғамдастыққа толыққанды мүше болғалы, бірлігі мен берекесін, татулығы мен тұрақтылығын басты тұғыры етіп, тәуелсіз мемлекет ретінде дербес дамудың даңғылына түскелі 22 жыл болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің кезекті азаттық мейрамын жылдағы дағдысынша жарқын көңіл, жасампаз істерімен жайдары қалыпта қарсы алды. Алғаш азаттығын алған тұста Қазақ елін этносаралық, конфессияаралық араздықтың ошағы болады деген сан сәуегейді сансыратып, керісінше, татулықтың тал бесігіне айналған жұрттың күллі табысының кілті – кемеңгер басшысының келелі бастамаларын барша халық болып қолдауында.
Ел тәуелсіздігінің 22 жылдығына арналған салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің тартуы ретінде еліміздің жеті қазынасына айналған басты құндылықтарымызды атап көрсетті. Ой-толғау осы қазыналарымыздың екіншісі, яғни бірінші қазына – Мәңгілік Елдің мызғымас іргетасы – Ел бірлігі қағидасына тоқталып, оның маңызын аша түсуді көздейді.
Елбасы айтқандай, Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне жазылатын бақ. Азаттық бізге ғайыптан бұйырып, аспаннан түсе салған жоқ. Ол бабалардың қанымен, аналардың жасымен суарылған сан ғасырлық күрес арқылы келді. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы алтын елдің жылнамасы – азаттық үшін арпалыстың айқын куәсі. Ұлы бабаларымыз алтын таққа мініп, айдарынан жел ескен сәттер де, бодандық қамытын киіп, басына бұлт үйірілген кезеңдер де болған. Қай заманда да халқымыз азаттық рухын аласартпай, жүрегінің төрінде сақтай білді. Тәуелсіздік ең ұлы құндылық ретінде ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келді. Ендеше, Қазақстанның тәуелсіздігі – қазақ халқына, оның мемлекеттілігіне, тілі мен мәдениетіне байланысты тарихи әділеттіліктің салтанат құруы.
Президенттің бастамаларын қолдаушы да, оны жасампаздықпен жүзеге асырушы да – халық. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері қарапайым қазақстандықтар Елбасының тірегі болып келеді. Оның әлемге танымал алып тұлғаға айналуының бір қыры оның туған халқының қапысыз қолдауына ие болуының нәтижесі десек, тиісінше елдің бүгінгі шат-шадыман, берекелі тірлігі біртуар ұлының халқына деген шынайы қамқорлығының, елі үшін еткен өлшеусіз еңбегінің арқасы. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін», деген сөздері Елбасының еліне деген риясыз перзенттік пейілінің көрінісі. Ең бастысы, бұл пейіл әрдайым нақты іспен өріліп, ерен тұлғалы Елбасы екі тізгін, бір шылбырды өзіне сеніп тапсырған елін асқар асуларға бастауда.
Салтанатты жиында Елбасы атап өткен тәуелсіздіктің тағы бір тартуы, қайталасақ артықтығы жоқ, құнды қазынасы – Ел бірлігі. Тағдырдың жазуымен өткен ғасырда сан түрлі ұлыс өкілдерінің мекеніне айналған қазақ жерін талай сәуегей этносаралық араздық пен қақтығыстардың ошағына балағаны күні кеше ғана болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы: «Көп ұлттылық – біздің кемшілігіміз емес, артықшылығымыз», деген еді. Бүгінде әлемнің ең дамыған азулы елдерінің өздері Қазақстанның этносаралық қатынас саясатын мұқият зерттеп, өздеріне үлгі етуге ұмтылып отырғаны айтуға болатын нақты факт.
Қазақстандағы барлық этностық топтар ел иесі – қазақ халқының маңына шоғырланып, «Бір ел – бір тағдыр» қағидасына ұйыды. Олар тыныштық арқылы тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткізе отырып, тегі бөлек болғанымен тілегі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір тұтас халыққа айналды. Елбасының сөзімен айтқанда, «кез келген мемлекеттің мерейі – мығымдығында, мығымдығы – татулығында» екенін бек түсінді. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған қоғамдық келісімнің бірегей тетігі – Қазақстан халқы Ассамблеясы өркениеттер үнқатысуының теңдесі жоқ еуразиялық үлгісіне айналды. Ол – бүгінде конституциялық мәртебесі бар, ішкі саяси мүдделерден жоғары тұратын жалпыхалықтық келісім институты. Ассамблея жұмысының ауқымын тек осы жылдың өзінде еліміздің 3,5 миллион тұрғыны қамтылған 10 мыңнан астам республикалық және аймақтық шара өткізіп, мызғымас бірлікті жарасымды тірліктің өзегі етуге үлес қосуынан бағамдауға болады.
Еліміздің шын мәніндегі өмір салтына айналған қоғамдық келісім мен ел бірлігі Қазақстан халқын жаңа ғасырда жаңа белестерге бастайтын «Қазақстан-2050» Стратегиясының да басты өзегі. Тарихи құжатта еліміздің этносаралық қатынас саласындағы алыс болашаққа бағытталған стратегиялық бағыты айқындалып берілді. Қазақстан 2050 жылы одан кейінгі ұлы мақсаттарға да қазіргідей бір бағдармен аяқ басатын, жұдырықтай жұмылған, үлгілі ұлттық мемлекет болады. Ал қоғамдық келісім халық пен мемлекеттің, азаматтық қоғам институттары мен саяси партиялардың, діни конфессиялардың біртұтас өмірлік қағидасы әрі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының қалыпты сипаты болып қала береді. Ешкімді басындырмау да маңызды, ешкімді ашындырмау да маңызды екенін әрбір азаматы түсінетін қоғамның әрдайым алды ашық, маңдайы жазық. Осынау ұлы мақсаттардың аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық 20-сессиясы «Қазақстан-2050» Стратегиясы»: бір мемлекет – бір халық – бір тағдыр» деген тақырыпта өтуі заңдылық. Қоғам дамып, биік мақсаттарға ұмтылған сайын Ел бірлігі қағидасының өзектілігі арта түспек. Сол себепті де Елбасы: «ХХІ ғасырда Қазақстан халқы Ассамблеясының миссиясы тарылмайды, керісінше, кеңейе түседі», деп айрықша атап өтті.
Мерейтойлық сессияда Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғана емес, барша халықтың алдында тұрған идеологиялық міндеттерді айқындап берді. Бұл тұрғыдағы басты мақсаттардың бірі – ел бірлігі үрдісіндегі қазақ халқының рөлін арттырып, оны барлық этностық және әлеуметтік топтарды ұйыстыратын қуатты ядроға айналдыру. Бұл үрдіс өз бойына бірлікті, сабыр-салиқалылық пен патриоттықты негіз етеді.
Ұлтымызды ұлы мақсаттарға ұйытатын тағы бір тетік – Қазақстанның тіл саласындағы саясаты. Қазақ тілі – қай ұлттың өкілі екеніне қарамастан, Қазақстанды мекен еткен барша халықты біріктіретін құдірет. Қазақ елін өзімнің Отаным деп танитын әрбір азамат мемлекеттік тілді білу қасиетті парызы екенін жан жүрегімен сезінуі қажеттігін ұғындыру жолында да Ассамблея тынымсыз еңбек етуде. Стратегияда Елбасы атап өткендей, 2025 жылға қарай мемлекеттік тіл қоғам өмірінің барлық саласында үстемдікке ие болып, кез келген ортаның басты қатынас тіліне айналуы үшін Ассамблея жанындағы «Тілдарын» және «Лингва» тіл орталықтары мен этномәдени бірлестіктер жемісті жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қазақ тілін жеделдетіп оқытудың тиімді әдістемесі – «Тілдарын» бойынша А1 және А2 деңгейіне арналған екі оқу-әдістемелік кешен әзірленіп, шығарылды. Бұл әдістемемен биыл 23 курс және 12 семинар ұйымдастырылып, онда 1314 тыңдаушы оқып шықты.
Ассамблея жұмысының ең басты қырларының бірі – «Қазақстан-2050» Стратегиясының рухани өзегі болып табылатын Жаңа қазақстандық патриотизм. Патриотизмге жаңа қазақстандық деп сипаттама берілуінің өзі Қазақстан халқының жаңа ғасырда жаңа биіктерге ұмтылуына жаңа рухани серпіліс беру керектігінен туындаған ізгі қадам. Бұл басымдықтың стратегияда көрініс тапқан басқа бағыттардың түйіні ретінде бөлекше аталуының да өзіндік мәні бар. Себебі, Жаңа қазақстандық патриотизм – тәу етер тәуелсіздігімізді нығайтып, ортақ Отанымызды дамыта түсудің негізгі тұғыры.
Адам жанының ең нәзік екі қылының біріншісі оның ұлттық болмысы десек, екіншісі, әрине, діни сенімі. Қазақстан зайырлы мемлекет, елімізде діни сенім бостандығына Ата Заңмен кепілдік берілген. Нәсіліне, ұлтына, діни нанымына немесе басқа да жағдайға байланысты ешкімді кемсітуге болмайды. Сонымен бірге, діннің үстемдігіне де, дінді мансұқтауға да жол берілмейді. Дін саласындағы мемлекеттік саясат конфессияаралық сабыр-салиқалылық пен татулықты нығайтуға бағытталған. Бұл салада да еліміз зор жетістікке жетті. Қазақстан басшысының ешкіммен салыстыруға келмейтін мәмілегерлік қабілетін, дінаралық түсіністікті орнатудағы теңдессіз тәжірибесін күллі әлемнің мойындағанын әр жолы қатысушыларының саны еселеп өсе түскен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне дүниенің түкпір-түкпірінен келетін мәртебелі меймандардың сапалық құрамына қарап-ақ бағамдауға болады.
Елбасының ел бірлігін нығайту жолындағы тәжірибесі бүгінде талайға ой салып отыр. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ қабырғасында қолға алынған мәдениеттер үндестігінің халықаралық онжылдығының аясында биыл этносаралық жарасым мен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің беташары жасалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім моделі Біріккен Ұлттар Ұйымында, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Копенгагенде, Варшавада, Венада, Женевада және Нью-Йоркте өткен ірі халықаралық форумдарында таныстырылды. Бұл модель ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Бас комиссары жұмысының басты бағыттарының біріне айналды. Тұңғыш Президент күніне орайластырылып, бейбітшілік және келісім тақырыптарында өткен халықаралық конференция бұл саладағы Елбасының тұлғалық келбетін және аталған тақырыпқа деген әлемдік назардың ауқымын айшықтай түсті. Соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және дінаралық татулық саласындағы тәжірибесін зерттеу үшін 15 мемлекеттен, атап айтқанда, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина, Армения сияқты елдерден 60-тан астам өтініштің түсуі Қазақстанның ұлттық өмір салты – қоғамдық келісімнің халықаралық күн тәртібінен нық орын алғанына айғақ болса керек.
Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан халық қалаулысы атанған азаматтар да жемісті еңбек етуде. Халық өкілі міндетін абыроймен атқару, Ассамблеяның мерейтойлық 20-сессиясы мен ғылыми-сараптамалық кеңес отырысының шешімдерін орындау мақсатында Ассамблеяның Парламенттегі өкілдері талқыланып жатқан заң жобаларына 1100-ден астам өзгерістер мен толықтырулар енгізді, 26 дербес, 144 ортақ депутаттық сауал жолдады. Қарапайым азаматтардан келіп түскен 700-ден астам хат құзырлы органдарға табысталды. Ассамблея депутаттары «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезінің шешімімен «Бірлік» бағытындағы сарапшылар тобының белсенді мүшелері атанды.
Ел бірлігі мен қоғамдық келісім мәселесі отандық білім және ғылым кеңістігіне де кеңінен жол тартты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Орталық Азияда тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның этносаралық және конфессияаралық толеранттылық кафедрасы ашылды. Одан сәл бұрынырақ осы оқу орнында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы ашылып, айтулы білім ошағымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл – жас ұрпақтың ел бірлігі ұғымына ғылыми тұрғыдан бойлап, этносаралық қатынастар саласында білікті мамандар даярлауға септігін тигізетін айтулы қадам.
Ассамблея қызметінің жаңа қыры – жалпыхалықтық өкілдік миссиясы оның көтерер жүгі мен жауапкершілігін арттыра түсуде. Ол Ассамблеяны саяси жүйенің сенімді өзегі ғана емес, мемлекеттік басқаруға азаматтардың атсалысуын қамтамасыз ететін ашық үнқатысу алаңына айналдырады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспары осының айқын дәлелі. Тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін Елбасы мемлекеттің этносаралық қатынас саласындағы саясатын жетілдіріп, Ассамблея институтын нығайта түсу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Қазір ол тапсырмалар жүзеге асырылуда.
Президент Ассамблеяның аймақтық құрылымдарын барынша жандандырып, дамыта түсу жайына баса назар аударып, бұл бағытта арнайы аймақтық тұжырымдамалар дайындау қажеттілігін айтқан болатын. Тиісінше, Алматы, Астана қалаларында, барлық облыстарда Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамалары әзірленді.
Мемлекет басшысы этномәдени бірлестіктер мен азаматтық қоғамды, мемлекет пен барша халықты ортақ мақсаттар жолында жемісті жұмыс істеуге жұмылдыратын Достық үйлерін дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді де жүктеді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Достық үйлері Қазақстанның барлық аймақтарында болуы тиіс. Бұл оңай шаруа емес, қосымша қаражат та талап етіледі. Алайда, ол айналып өтуге болмайтын қажеттілік. Бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қанша қаражат жұмсалса да артықтық етпейді», деді. Қазіргі таңда еліміздегі Достық үйлері жемісті қызмет етуде. Олардың жұмыс тәжірибелері барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосатын тиімді амалға айналғанын көрсетті. Бүгінгі таңда, Астана қаласы мен бірқатар облыс орталықтарында Достық үйлерін салу мәселесі айрықша бақылауға алынды. Ақмола облысында жаңа мамандандырылған Достық үйі алдағы көктемде пайдалануға беріледі. Ассамблея жанындағы Достық үйлерін аймақтардағы қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалардың орталығы ету үшін олардың қызметінің тиімділігін арттыра түсуді көздейтін Достық үйлері директорларының республикалық әдістемелік кеңесі құрылды. Аймақтардағы түрлі әлеуметтік күштер мен институттарды біріктіріп, әлеуметтік түйткілдердің түйінін бірге тарқатудың ортақ жолдарын іздейтін қоғамдық келісім кеңестерінің құрылуы да маңызды қадам.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тиімділігін арттырып, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік идеясын әрбір азаматтың санасына нық орнықтырудың тағы бір тетігі – бұқаралық ақпарат құралдары. Қараша айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының тұңғыш халықаралық медиа-форумына 20-дан астам мемлекет қатысса, бұл – қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісіне әлемдік ақпарат кеңістігінің қаншалықты қызығушылық танытып отырғанын танытқан айтулы шара. Бұл бағытта арнайы жұмыс істейтін Журналистер клубы да өзінің тиімділігін көрсетті. Ассамблеяның қызметі биыл 183 бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінен көрініс тапты. Республикалық және этностық ақпарат құралдарында этносаралық келісім тақырыбын насихаттайтын 1100-ге жуық материал жарық көрді. Оның ішінде баспасөз беттерінде 368 мақала, ақпарат агенттіктерінде 266 кеңейтілген ақпарат, телеарналарда 456 тақырыптық сараптамалық бағдарлама мен кеңейтілген бейнематериал шықты. «Теңіз тамшыдан құралады» дейді қазақ. Ассамблея мүшелерінің, ел бірлігі тақырыбына қалам тартқан әрбір журналистің еңбегі азаматтарға ой салып, ең басты байлығымыз – қоғамдық келісімнің ел өміріндегі теңдессіз рөлін сезінуіне титімдей болса да үлес қосса, еңбектің еш болмағаны.
Ғасырлар бойғы тоқтаусыз күреске қарамастан, Тәуелсіздік бір-ақ күнде беріледі. Ол күн біз үшін 1991 жылдың 16 желтоқсанында туды. Одан кейінгі әрбір күніміз ең қасиетті құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, оны нығайта түсу мақсатында өтіп келеді. Халқымыздың біртуар тұлғасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев азат елге айналдырған Қазақ мемлекеті кемеңгер басшысының тізгін ұстауымен кемел келешекке бет алып барады. Елбасы айтқандай, «қазіргі буынның маңдайына тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны нығайтып, баянды ету міндеті қатар жазылды». Ендеше, бақытқа масаймай, міндетті абыроймен атқару – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Ол парыз тек елдің бірлігін барша тірлігіміздің тұтқасы ете білсек қана өтеледі. Әдетте біз «жеріміз кең-байтақ болғанымен, халқымыздың саны аз» деп жатамыз. Бірақ, аз болғанмен саз болу, білімді де білікті, тату да тұрақты қоғам құру қолымыздан келетінін өзімізге де, өзгеге де дәлелдей алдық. Тәуелсіздік жолындағы мәңгілік күресте осы қағида әрбір азаматтың жадында нық орын алары сөзсіз.
Ералы ТОҒЖАНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының
орынбасары – Қазақстан Республикасының
Президенті Әкімшілігінің Хатшылық меңгерушісі.