Көкшетау қаласындағы қарды тазалау міндеті «Көкше тазалық» пен «Зерен-2006» коммуналдық мекемелеріне жүктелген. Алайда, қос мекеме бар күш-мүмкіндіктерін жұмылдырғанымен, мол жауған қарға шамалары келер емес. Бұрнағы жылдары небір қарлы боранда үш-төрт күннің ішінде облыс орталығын тазалап үлгеретін. Биылғы берекесіздіктің жолын кесу үшін облыс әкімі Ермек Маржықпаев қар тазалау жұмысын үш ауысыммен ұйымдастыруды талап етіп отыр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Юрий Шидловскийге мердігерлердің өз міндеттерін тап-тұйнақтай етіп атқармағаны үшін ескерту жасалды. Қала іргесіндегі «Құлагер» шағын ауданындағы қасат қар тау-теңіз. Қар құрсауында қалған шағын ауданның тұрғындары үшін қарға адым жер мұң болып, үйлерінен шыға алмай қалды десе де болады.
– Тіршілік болған соң қамалып үйде отыра алмайсың ғой. Біреу – жұмысқа, біреу ауруханаға барғысы келеді. Менің де жұбайым сырқаттанып жатыр, бірақ, біздің шағын ауданға жедел жәрдем көліктері жете алмай, жігерімізді құм қылып отыр, дейді шағын аудан тұрғыны Жеңіс Наурызов, – Былтыр тазалап тұратын, биылдыққа қар тазалайтын техниканың қарасын көре алмай отырмыз.
Өңірдегі күре жолдардың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Мәселен, Көкшетау-Щучинск бағытындағы республикалық маңызға ие жолдың жай-күйіне «Казақавтожол» компаниясының №6 учаскесі жауапты. Көлік ағыны мен жолдың маңызына орай бес деңгейге бөлінген. Тиісінше, тас жол екі сағат ішінде тазартылуға тиісті. Әйтсе де, бұл тұста да жолаушылардың өкпесін қара қазандай ететін жай бар. Қапыда қалған жүргізуші қаншама.
– Жедел әрекет ету мақсатында департаменттің жеке құрамы толық күшейтілген жұмыс ырғағына көшті, дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Нұрлан Атығаев, – Жол талғамайтын 96 көлік дайын тұр. Қар құрсауында қалуы мүмкін, жалпы көлемі мың шақырымды құрайтын 390 учаске анықталып, жылыту бекеттері орнатылды. Қазір облыстық және республикалық маңыздағы жолдарда 890 техника сақадай сай.
Қыс түскеннен бері құтқарушылар жолда қалған 48 жолаушыға қол ұшын берген. Негізінен, облыста қардың қасіретін тартып отырғандар – Ерейментау және Целиноград аудандары.
Облыс орталығының өзі омбы қарға оңбай батып жатқанда, шалғайдағы шағын ауылдардың шаруасы шатқаяқтаған-ақ шығар.
Ақмола облысы