Президент • Бүгін, 15:58

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет

2 мин
оқу үшін

«Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында Президент Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алып империяның негізгі қуаты мемлекеттік басқару жүйесінде болғандығына тоқталды.

«Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Алтын Орда дәуірінде дала дәстүрлі құқығы мен ислам құқығының үйлескенін, сондай-ақ «Ұлы жасақ» заңы мен Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті қоғамдық тәртіптің негізін қалағанын жеткізді.

«Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді. Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты. Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды. Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз», деді Президент.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырғандығын атап өтіп, тарихқа әділ әрі саяси тұрғыдан бейтарап баға беру керектігін айтты.

Соңғы жаңалықтар