Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, аймақтағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуына арналған брифинг болды. Онда облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов баяндама жасап, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, аймақтағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуына арналған брифинг болды. Онда облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов баяндама жасап, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Баяндамадан ұққанымыз, Қостанай облысы – әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы әрі тұрақты, серпінді дамып жатқан өңір. Облыстың экономикалық және ресурстық әлеуеті қуатты болғандықтан, халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарды еркін дамытуға мүмкіндіктер мол көрінеді. Әрине, облыстың сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуға географиялық орналасқан жері өз тиімділігін беріп отыр. Атап айтқанда, Қостанай аймағы өз еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарымен, сондай-ақ, Ресей Федерациясының Қорған, Орынбор, Челябі өңірлерімен шекараласады.
Облыс әкімі өңірдің табиғи байлықтарға бай екенін айта келіп, кен өндіру кешендері мен машина жасау өндірістерінің табысты жұмыстарына тоқталды. Құрылыс саласының да қарқынды дамып жатқандығын айтты. Сөйтіп, биылғы жылы 5 млн. тонна бидай дәнін жинап, оның 2 млн. тоннасын экспорттауды көздеп отырған астықты облыс та ауыл шаруашылығын өркендетуге де көп мән беріліп жүргенін тілге тиек етті. Облыстың толық жағдайы туралы айқарма бетімізде түрлі салалар бойынша мақалалар жарияланды. Ал біз, брифингтің екінші сұрақ-жауап бөліміне ойыссақ.
Журналистер алдындағы баяндамасының «бісмілләсінен» басқасын толық орыс тілінде сөйлеп шыққан облыс әкімінің қылығы қазақ тілді қауымның наразылығына бірден ілікті. «Жас қазақ» газетінің тілшісі Елбасының Жолдауындағы міндеттердің облыстағы орындалу барысы туралы сұрай келіп: «Мемлекет басшысы сол Жолдауында ана тіліміз туралы да нақты айтты. Онда «Әр қазақ ана тілінде сөйлеуді өзінен бастаса, мемлекеттік тіл Конституциядағы мәртебелі орнын әлдеқашан иеленген болар еді», деді. Әкім мырза, осы мемлекеттік мәселені сіз өзіңізден бастап көрдіңіз бе?» – деп сұрақ қойды.
– Мен ана тілімде сөйлеуді өзімнен бастағанмын. Әттеген-айы, әлі толық меңгере алмай жүрмін. Себебі, кезінде орыс мектебінде оқып, жоғары оқу орнын да сол тілде бітірдім. Бәріңізге белгілі, Кеңес Одағы дәуірінде Қостанай облысындағы жер иесі, ел иесі болған қазақтың саны жалпы тұрғындардың 17 пайызын ғана құрайтұғын. Шүкір етерлігі – бүгінде 38 пайыздан асып отырмыз. Қазіргі таңда барлық аудан орталықтарында қазақ тілін оқытып, үйрететін орталықтар жұмыс істеп жатыр. Оларда 11 мыңнан астам адам мемлекеттік тілді меңгеруге әрекет етіп жүр. 2005 жылдан бері облыста 14 мектеп салынған болса, оның 12-сі қазақ мектебі. Бұйыртса, бұл тұрғыдағы істерімізді әлі де ілгерілете түсеміз деген ниет бар. Ал өзіме қайта оралсам, аздаған уақыт беріңіздер, ана тілімізді толық меңгеруге уәде етемін, – деп жауап берді Н.Сәдуақасов. Кемшілікті мойындау да – азаматтық.
Қостанай облысы туралы әңгіме қозғалса, Торғай өңірі мен Арқалық қаласы назардан тыс қалмайтыны мәлім. Бұл жолы да айтылған аймақ туралы сұрақтар қойылды. Өңір басшысының айтуына қарағанда, көп көкейкесті мәселелердің ішінде моноқалалар бағдарламасы өте өзекті. Бұл үдеріс аймақтағы бизнестің, инфрақұрылымның дамуы мен ел әл-ауқатының артуына, экономикалық тұрақтылыққа өз септігін тигізіп отыр. Бұл ретте әлеуеті төмен Арқалық қаласын дамытуға да ерекше назар аударылыпты. «Бұрынғы облыс орталығының тағдырына көптің көңілі алаңдаулы. Бұл проблема әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарының назарында екенін жақсы білеміз. Шындығын айтқанда, Арқалық қаласының жағдайы оңай емес. Алайда, бірнеше жыл бұрынғы күйінен әжептәуір жақсарды деуге ауыз барады. Халық саны тұрақтап, жаңа жұмыс орындары ашылды. Сөйтіп, бұл жерге бизнес те келе бастады», – деді Н.Сәдуақасов.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Арқалық–Шұбаркөл» теміржолын салу жөнінде қабылдаған шешімі қаланың экономикалық тұрғыда сауығуына айтарлықтай ықпал етіп жатқанын айтты. Дегенмен, әлі де бірқатар мәселелердің де бар екенін атап өтті. «Арқалық қаласындағы ағымдағы мәселенің бірі – іші бос және қайта қалпына келтіруге жатпайтын құрылыстар. Бүгінде 117 тұрғын үй мен 39 ғимарат осы санатқа жатқызылған. Қысқа мерзімде оларды ысырып тастау керек. Өйткені, бұл құрылыстардың сыртқы пошымы халықтың көңіл-күйіне, жалпы әлеуметтік ахуалға жағымсыз әсер етіп, қалаға инвесторлардың тартылуын тежейді», – деді өңір басшысы.
Қостанай аймағы – қазаққа ұлт ұстаздарын берген өңір. Халқымызды білімге шақырып, әліпбиді үйреткен, дүние ғылымына жол көрсеткен ұлт ұстаздары Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынов та, қазақта алғашқы болып роман жазушылар Міржақып Дулатов пен Спандияр Көбеев те, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов пен бірінші журнал шығарушы Мұхамеджан Сералин де осы өңірдің перзенттері. Осыған орай, облыстағы мәдени-тарихи жәдігерлерді қорғауға және қалпына келтіруге байланысты, сондай-ақ елге тұтқа болған тұлғаларға көрсетіліп жатқан құрметке қатысты сұрақ қойдық.
– Бұрнағы жылы Ілияс Омаровтың 100 жылдық мерейтойын атап өттік. Сол сияқты мәдени-рухани шаралар облысымызда жиі ұйымдастырылып тұрады. Негізі, Қостанайда Абайдың, Ыбырайдың және Шоқанның, Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіші бар. Бұлардан басқа да мемлекеттік қайраткерлер мен әйгілі ақын-жазушыларға лайықты құрмет көрсетіп, көшелер мен мектептерге атын беру туралы ұсыныстар бүгінде көптеп айтылып жүр. Бұл ұсыныстарды орынды деп ойлаймыз. Оған қоса оларға ескерткіштер тұрғызу мәселесін де заңға сай шешуге болады. Бұйыртса, ұлттың рухани қазынасына қажет шаралар толығымен шешімін табады, – деді облыс әкімі.
Қостанай өңірі Ресей Федерациясының үш бірдей облысымен шекараласатынын жоғарыда айттық. Келесі сұрақ шекара сызығына жақын тұрған ауылдардың тұрғындары күн сайын азайып, біртіндеп жойылып бара жатқандығы жөнінде болды. Әкімнің сөзіне қарағанда, шекара маңында болашағы жоқ ауылдар бар, олардың жалпы саны облыста 60-тан асатын көрінеді. Ондай ауылдар мемлекеттік көмектен тыс қалмағанымен, ол елді мекендерге инфрақұрылым жасап, инвестиция құюдан ешқандай пайда жоқ. Десе де, жыл сайын халқының саны көбейіп жатқан облыста әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін барлық іс-шара атқарылып жатыр екен.
Журналистердің түрлі сұрақтарына жауап берген облыс әкімі жиналған қауымды алдағы жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Айтқандай, шара барысында Алтай Әбибуллаев облыс әкімдерімен жүргізілген брифингтер осымен аяқталғанын мәлімдеді. Сөйтіп, ағымдағы айдың 27 жұлдызында орталықтың брифингіне Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов келетінін айтты.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».