20 Желтоқсан, 2013

Әлеуметтік мәселелер әрдайым назарда

356 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

13535783049Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері және 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласының кешенді жос­пары талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағын ұйымдастырудың Бас схемасы мақұлданды.

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері және 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласының кешенді жос­пары талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағын ұйымдастырудың Бас схемасы мақұлданды.

Отырыста жұмыспен қамту бағ­дарламасына қатысты мәселелерді талқылай келе, Үкімет басшысы С.Ахметов «Бағдарламаны жү­зеге асырудың қарқыны жаман емес. Жол картасында еңбекпен қамту проблемаларын шешудің пәрменді тетіктері ескерілген және бұлардың барлығы іске қосылуы тиіс», деп атап өтті. Премьер-Министр көпшілік бағдарламаның кім үшін құрылғанын, оның оларға не беретінін, қалай жұмыс істеуге болатынын біле бермейтініне байланысты барлық өңірлерге тиесілі бірқатар проблемалар бар екенін және ол кешіктірмей жоюды талап ететінін айта келе, бағдарлама бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз екенін атап көрсетіп, қайта оқытылғандардың еңбекке орналасуы проблемаларына назар аудартты.

«Жекелеген өңірлерде жұмыс­қа орналастыру деңгейі 60 пайызды құрайды. Біз тағы да бюд­жет­тік қаржыны тиімді пайдалану туралы айтамыз. Әрбір өңір­де инфрақұрылымдық жоба­ларды жүзеге асыру бойынша­ жұмыс берушілер тарапынан келісімшарттар талаптарын сақ­тамау деректері кездеседі», деген С.Ахметов барлық өңірлер әкімдерінің және Алматы қаласы әкімінің назарын осы бағыттағы жұмыстарды жақсартуға аударды. Үкімет басшысы бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру барысын жекелеген өңірлердің мысалы негізінде қарастырып, олардың сөздерін тыңдауды ұсынды. Осыған орай, Премьер-Министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне нақты өңірді анықтап, оған жағдайды зерттеу үшін жұмыс тобын жіберуді, бұған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қаржы министрлігі, Өңірлік даму ми­нис­трлігі мамандарын тартуды тапсырып, жергілікті жерлер­де, аудандар мен қалаларда «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының жү­зеге асырылу барысын тәптіштеп қарастыруға нұсқау берді. «Мем­лекет басшысының тапсырмасын басшылыққа ала отырып, біз жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуге тиіспіз», деген Премьер-Ми­нистр бағдарламаға енгізілген тетіктер мен құралдардың тиімді қолданылуы Үкіметтің айрықша бақылауында тұрғанын атап көрсетті.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының орындалу барысы, бағыттары және жүзеге асырылу нәтижелері туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндаған болатын. Министрдің мәліметінше, бүгінде бағдарлама негізінде 241 мыңнан астам адам жұмысқа орналасып, оның 132 мыңы тұрақты жұмыс орнына жіберілген.

Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастыру Бас схемасының негізгі ережелері туралы Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады. Оның айтуынша, Бас схема мемлекеттік басқару жүйесінде оңтайлы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін негізгі тетік болып табылады. Оның кепілдемесі аймақтық және салалық ұзақ мерзімдік жоспарлау және инвесторларға сенімді бағдар үшін негізгі база қызметін атқарады. Бұл – Қазақстанның 2030 жылға дейінгі аумақты дамыту стратегиясын анықтайтын негізгі құжат. Ол қала құрылысы жобасы шеңберінен асып, ел дамуының экономикалық және аумақтық жос­парлауын қамтып отыр. Мұнда, әсіресе, өңірлердің индустриялық мүмкіндіктеріне баса назар аударылған. Мәселен, минералды-шикізат, энергетикалық және су ресурстарының қоры, еңбек ресурстары мен материалды-техникалық базаның қазіргі жағдайы бойынша өңірлердің және экономика салаларының ресурстық мүмкіндіктері ескеріліпті. Сондай-ақ, құжатта аграрлық сектордың, инженерлік, көліктік және рекреациялық инфрақұрылымдардың проблемалары мен әлеуетті мүмкіндіктері қаралған. Мәселен, онда курорттық және туристік орталықтарды дамытудан бастап, экологиялық мәселелерді шешу жөніндегі стратегиялық бағыттар да белгіленген.

Өңірлік даму министрлігіне осы жылдың соңына дейін аймақтарды ұйымдастыру Бас схемасының бекітуге әзірлеу тапсырылды.

Отырыста, сондай-ақ, 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен тамақ өнеркәсібін дамыту бойынша іс-шаралар кешенді жоспарының жобасы бекітілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бойынша іс-шаралар туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміряев баяндады.

Талқылауды қорытындылай келе, Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Экономика және бюджеттік жос­парлау министрлігінің, даму институттарының назарын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын несиелеу мәселелеріне аударды. «Пайыздық мөлшерлеме деңгейі – 7 пайыз, оны біртіндеп түсіру керек. Біз оған жыл сайын қол жеткізетін боламыз. Өйткені, несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету бұл салаға отандық әрі шетелдік инвесторларды тартуда ынталандырушы тетік болып табылады», деді С.Ахметов. Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігіне кешендi жоспарды iске асыруды қатаң қадағалауға алып, қаржыландыруға қажеттi құралдарды даму институттары арқылы тартуды тапсырды.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар