20 Желтоқсан, 2013

Шартарапқа танылған саясат

300 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

20120702205034Кеше «Қазмедиа» ғимаратында Орталық коммуникациялар қызметі өткізген дәстүрлі брифингте сыртқы сая­сат мәселесі сөз болды. Брифингтің қонағы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов шартарапқа танылған сыртқы саясаттағы сан қырлы жұмыстарды назарға ұсынды.

 

Кеше «Қазмедиа» ғимаратында Орталық коммуникациялар қызметі өткізген дәстүрлі брифингте сыртқы сая­сат мәселесі сөз болды. Брифингтің қонағы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов шартарапқа танылған сыртқы саясаттағы сан қырлы жұмыстарды назарға ұсынды.

Ел тарихында өз жетістігімен, жемісімен есте қалатын тағы бір жылды шығарып салатын уақыт та таяу. Күнпарақты ақтарып отырып, ой елегінен өткізсе, сыртқы саясат саласындағы табыстар да аз емес. Дәстүрлі брифингте өзі басқаратын ведомствоның бір жылдық жұмысын журналистерге жайып салған министр шартарапқа көз тігіп, алыспен де, жақынмен де дипломатиялық қатынастар орнатып, әлемге танылған бейбіт саясат ұстанған елдің алдағы жоспарларымен де бөлісті.

«Қазақстан Еуропалық одақпен ынтымақтастықты және әріптестікті нығайту бойынша жұмысты одан әрі жалғастыратын болады, Еуропалық Одақ Қазақстанның басты сауда және инвестициялық серіктесі болып қала береді. Франциямен, Испаниямен және Италиямен стратегиялық серіктестік туралы келісімшарттар жасалды», деген министр   ЕО-мен әріптестікті және ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім жасау жөніндегі жұмыстардың жүргізіліп отырғанын қаперге салды. Инновациялық-технологиялық әріптестіктен бөлек, келісімшарт аясындағы аса маңызды бағыттардың бір бөлігі біздің азаматтарымыз үшін визалық режімді оңтайландыру бағытында сатылы жұмыстар жүргізіледі, деген министр сауда-экономикалық әріптестік турасында да мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан экономикасына салынған шетелдік капитал мөлшері бойынша көшбасшы елдердің біріне айналып отыр. Айталық, 2005 жыл мен 2013 жыл аралығында республикаға тартылған тікелей шетелдік инвес­тициялар ауқымы 173 миллиард долларды құраған.

Ерлан Әбілфайызұлы Қазақстан дипломатиясы шиырлаған жолдарға кеңінен тоқталып өтті. Біздің саясат үшін «қара құрлық» та, Оңтүстік-Шығыс Азия, Тынық мұхиты жағалауларын жайлаған елдер де, Латын Америкасы да қызғылықты. «Жалпы, Азиядағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды даму барысы шын мәнінде Азия-Тынық мұхиты өңірлері елдерімен екіжақты және көпжақты байланыстардың кеңеюін талап етеді. Сондықтан да, сыртқы саясат ведомствосы Азия-Тынық мұхит өңірлерінің елдерімен сауда-экономикалық, инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықты ең жоғары деңгейде пайдалануға мүдделі», деген министр бірқатар елдерде елшіліктер ашылатынын да айтып өтті. Олардың қатарында Азия-Тынық мұхиты аймағындағы, Латын Америкасындағы, Африка­дағы елдер де бар.

«Азиядағы саяси және эко­но­­микалық дамудың қазіргі қарқыны Азия-Тынық мұхиты ай­мағы (АТА) елдерімен екі­жақ­ты және көпжақты байла­ныс­тарды кеңейтуді талап етеді. Осыған орай, біз барлық күш-жігерімізді АТА елдерімен ара­дағы экономикалық және ин­вес­­тициялық-технологиялық әлеу­ет­ті барынша дамытуға, Қа­­зақ­станның экспорттық және ауыл шаруашылығы өнімдері үшін аталған аймақтағы жаңа нарықтарды анықтауға жұмсайтын боламыз», деген министр Азия-Тынық мұхиты аймағымен ынтымақтастықты кеңейту Сыртқы істер министрлігінің 2014 жылғы жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болатынына екпін түсірді. Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің ашылуы мен Қазақстанның Таиландтағы дипломатиялық миссиясының елшілік болып қайта құрылуы өңірге деген қызығушылықтың арта түскенін көрсетеді, деген Е.Ыдырысов Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты дамыған елдермен арадағы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп, жаңа технологиялармен алмасу, энергия және су үнемдеуші технологияларды енгізу, кадр­лар даяр­лау бағыттарында жұмыстардың өрби түсетінін де айтып өтті.

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы АҚШ-пен арадағы қарым-қатынастарға да тоқталды. «Стратегиялық әріптестіктің аясында екіжақты ынтымақтастықтың нормативтік базасын қалыптастыру жұмысы жалғасып жатыр. Жылдың маңызды нәтижелерінің бірі деп АҚШ пен Қазақстан азаматтарына өзара негізде 5 жылдық виза беру туралы келісімді айта аламыз», деген министр жақын көршіміз Ресеймен арадағы қатынастарға да баса мән берді. «Ресей бағытындағы маңызды нәтиже Қазақстан мен Ресей президенттерінің ХХІ ғасырдағы тату-тәтті көршілік туралы жаңа келісімге қол қоюы болды. Бұл құжатта екі ел арасындағы қолданылып жүрген келісімде бекітілген ынтымақтастықтың барлық бағыттары көрініс тапқан. Сонымен қатар, қазіргі заманғы әлем дамуының жаңа үрдістері мен сын-қатерлері ескерілген барынша тығыз қарым-қатынастар да қамтылған», деді Е. Ыдырысов.

«Қара құрлықпен» арадағы дипломатиялық қатынастарды дамытудың маңыздылығы турасында сөз қозғаған министр: «Осыдан бірнеше апта бұрын Мемлекет басшысының Оңтүстік Африка Республикасында біздің елшілігімізді ашу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ал келесі жылы біз Эфиопияда елшілік ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда, Оңтүстік Африка Республикасы – маңызды саяси, экономикалық рөлге ие мемлекет. Ол – «G20» тобының мүшесі. Ал Эфиопия болса, күш алып келе жатқан өңірлік маңызды ел ғана емес, Африка құрлығының саяси астанасы, Африкалық Одақтың штабы орналасқан ел ретінде де тартымды бола түседі», деді Е.Ыдырысов осы ретте ағымдағы жылы Қазақстанның Африкалық Одаққа бақылаушы ел мәртебесін алғанын атап көрсетіп, мұның елдік саяси, экономикалық мүддені ілгерілетуде септігі тиетінін жеткізді.

Министрдің айтуынша, Қа­зақ­стан үшін Латын Америкасы бағытында да жағымды перспективалар ашылмақ. Оның ішінде Бразилия, Чили, Аргентина мен Мексика секілді елдердің орны бөлек. Келесі жылы біз Қа­зақ­станның елшілігін осы өңірдегі жетекші мемлекеттердің бірі – Мексикада ашуды жоспарлап отырмыз», деген Сыртқы істер министрі қазақстандықтардың Бразилияға визасыз-ақ барып келе алатынын айтып өтті. Бұл дегеніміз, әлемге әйгілі доп додасы – футболдан әлем чемпионатын отандастарымыз еш кедергісіз осы елге барып көреді деген сөз емес пе.

Журналистер тарапынан қойыл­ған сауалдардың барлығына жауап берген министр өз сөзінде бірқатар статистикалық мәліметтерді де кел­тіріп өтті. «2013 жылы Орталық Азия бағытында мемлекет басшылары деңгейіндегі 4 кездесу, премьер-министрлер деңгейіндегі 2 кездесу, сыртқы істер министрлері деңгейіндегі 3 кездесу өткізілді. Екіжақты 12 құжатқа қол қойылды, оның ішінде Өзбекстанмен стра­тегиялық серіктестік туралы ке­лі­сім, салалық келісімдер, ын­ты­мақ­тастық бағдарламалары бар», деді ол.

Сыртқы саясаттағы ендігі бір маңызды мәселе – жақын көрші Қытаймен арадағы қарым-қатынас. Осы ретте Қазақстан мен Қытай трансшекаралық өзендерді бөлу туралы келісімге келуге мүдделі, деген министр ағымдағы жылы Сыртқы істер мен Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрліктері бірлесе отырып, шектес елдермен трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау мәселелері бойынша сараптамалық кеңес құрғанын айтып өтті. «Кеңес өз жұмысында Қытай бағытындағы мәселелерге үлкен назар аударды. Ерекше тоқтала кететін тағы бір жайт, Қытай тарапынан да су мәселесі бойынша осындай мүд­делілік бар және осы елдің бұл мәселеде тек Қазақстанмен ғана белсенділігі байқалады. Ал 2001-2013 жылдар аралығында транс­шекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының 10 отырысы өтті. Нәтижесінде осы бағытта 7 екіжақты келісімге қол қойылды. Жақын перспективада Астана мен Бейжің екі елдің арасындағы 24 трансшекаралық өзеннен су бөлулер туралы келісімге қол қоюға мүдделілік танытып отыр», деді Е. Ыдырысов.

Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі тарапынан су саласында Қазақстанның Ресеймен ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне де үлкен назар аударылып отырғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Ресей арасында суға қатысты барлық мәселелерде консенсусқа келушілік бар.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар