Оқиға • 02 Ақпан, 2021

Қарияның өмірін құтқарған студент марапатталды

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әнеугүні Өскеменде Ертістен су алмақ болып, ағынды өзенге түсіп кеткен әйелді құтқарып қалған студент Сәрсен Аманжолов атындағы алтын медальмен марапатталды. Мұндай медаль студенттің кеудесіне алғаш рет тағылды, деп хабарлайды Еgemen.kz

Қарияның өмірін құтқарған студент марапатталды

"Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша оқып жатқан 2 курс студенті Артем Боровиков Ертіс өзеніне батып бара жатқан 61 жастағы әйелді құтқарып қалғанын өскемендіктер жақсы біледі. Артем Юрьевич күннің суығына, өзеннің ағысына қарамастан кейуананы құтқару үшін Ертіске қойып кеткен. Айтуынша, қарт ананы жағаға алып шығу оңайға соқпаған. Ағынды судағы арпалыста ана жүрек: «Балам, жібере сал, өзің де суға батасың ғой» деп дауыстапты. Десе де, Артем аман алып қалған. 

Бұл да батырлық. Осыны ескерген оқу орнының басшылығы Артем Боровиковты Сәрсен Аманжолов атындағы университет медалімен марапаттап, Абай атындағы стипендия ұсынды.

– Университеттің ғылыми кеңесі Артемнің барлық оқу кезеңіне грант бекітті. Сонымен қатар, бакалавриатта оқуды аяқтағаннан кейін магистратурада оқуын жалғастыруға жол ашылды. 70-жылдық тарихы бар университетіміз студенттің ерлігін мақтан тұтады, деді С.Аманжолов атындағы университеттің ректоры Мұхтар Төлеген.

Жуықта Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы Андрей Мула да Артемға бағалы сыйлық пен мақтау қағазын табыс еткен. Ол студенттің ерлігі жастарға үлгі екенін ерекше атап өтті.