21 Сәуір, 2010

ПРЕЗИДЕНТТІҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ДАМУЫ

2904 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Биыл қоғам мен әрбір адамның шын мәніндегі басты құқықтық құралына айналған, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынуымен бүкілхалықтық қолдау тауып республикалық референдумда қабылданған еліміздің тарихи маңызы жоғары саяси-құқықтық құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына 15 жыл толады. 1993 жылғы алғаш Конституция құ­қық­тық мемлекет құруға ден қойған либе­рал­дық-демократиялық күштер мен Жоғарғы Кеңесте шоғырланып, мемлекет құрудың консервативтік “кеңестік” көзқарасын ұстан­ған күштер арасындағы келісім құжаты ретінде тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қабылданды. Бұл билік органдары арасында екіұштылық, бытыраңқылық туындатты. Жоғары мемлекеттік билік органдарының басын біріктіретін буын болмады, тежемелік пен тепе-теңдік құрылмады. Ал бұл жағдай олардың арасындағы терең дағдарысқа әкеп соқтыруы заңдылық еді. Осындай аумалы-төкпелі жағдайда республика Президенті асқан сарабдалдық танытып, халыққа үндеу жолдап, еліміздің жаңа Конституциясының жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығарды. Маңыздысы сол, жаңа Конституцияда Пре­зидент институтының қызмет атқару тетіктері нақты тұжырымдалды. Конституцияның үстем­дігі мен тікелей қолданылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік құрылыстың негіздерін қорғау жө­ніндегі қызметті ұйымдастыру мен іске асыруда басты рөл ел Президентіне тиесілі. Бұған Пре­зиденттің билік тармақтарының келісіп жұмыс істеуін және өзара іс-әрекетін қамтамасыз ететін мемлекеттік билік жүйесіндегі айрықша орны септігін тигізеді. Сонымен бірге Конституцияның тиімді қызмет істеуінің терең тамыры халықтың онда білдірілген ерік-жігерінде жатыр, өйткені ха­лық­тың мұң-мұқтажы Ата Заңда шынайы кө­рі­ніс тауып, бекітілді. Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың баста­ма­сы­мен болған барлық конституциялық өзгер­тулердің сәттілікпен әзірленуінің басты кепілі де осында жатыр. Бұл өзгертулерде жалпы адами құндылықтарға қалтқысыз ден қою, халықтың тілек-талаптарын тереңнен білу, асқан кәсібилік, құқықтық реттеу нысанын толық меңгеру, заңдылық және демократия мүдделерін қорғау көрініс тапты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, елі­міздің қолданыстағы Конституциясы терең эко­номикалық қана емес, сонымен бірге саяси өзгерістер жасауға да мүмкіндік берді. Мұны тәуелсіз еліміздің жаңа ұлттық заңнамасы дә­лелдеп шықты. Нақ соның көмегімен бұл жыл­дары біз Қазақстанда демократиялық инсти­тут­тарды қалыптастырып қана қоймай, азамат­тар­дың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетін елге айналдыру үшін берік іргетас қалай алдық. Ғылыми негізделген қоғамдық терең ре­фор­малар жүргізу мемлекеттегі конституциялық, саяси, экономикалық және әлеуметтік үдеріс­тер­дің даму бағыты мен сипатына өз қол­таң­басын қалдыратынын айрықша атап өту қажет. Реформалар арқылы елдің құқықтық беріктігі сыналады. Мемлекеттік және әлеуметтік да­му­дың соңғы он жылдағы тәжірибесі қазақстан­дық үлгінің дұрыстығын көрсетті. Консти­ту­ция­лық дәстүрлері орнықты батыс елдерінің бір бөлігі ғана өздерінің мемлекеттік құрылысы уақыттың немесе тарихи жағдайлардың сынына реформалар жасамай-ақ төтеп бере алатынын көрсетті. Бұған нақты мысал келтірер болсақ, жиырмасыншы ғасырдың 30-жылдарындағы Ұлы депрессиядан және ХХІ ғасырдың ба­сын­да­ғы қаржылық-экономикалық дағдарыстан айтарлықтай саяси есеңгіреусіз өткен АҚШ-ты және 1990 жылдардың басына дейін екі қо­ғам­да күн кешіп, қайта қосылғанда жымын біл­дірмей, болаттай мықты мемлекет болып шыға келген Германияны мысалға келтіруге болады. Алайда, әлемнің төрт құбыласын да шар­пып өткен экономикалық дағдарыс ешкімге аяушылық білдірмеді. “Мемлекеттің либе­рал­дық экономикаға араласпауы” қағидатының өзін екіталай етіп қойды. Әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс дегеніміз экономист көзімен қарағанда, ең алдымен экономикалық заңдылықтардың бұзылуы. Конституциялық реформаның мазмұнын Ата Заңның қағидаларын жаңарту проблема­сы­мен ұштастыруға болмайтынын атап өткен жөн. Конституциялық реформаны іске асыру қа­рапайым заң қабылдау мәселелері шеңбе­рі­нен әлдеқайда ауқымды. Мұны қоғам дамуы­ның маңызды кезеңі, түрлі көзқарастардың бір арнада тоғысуы ретінде қарастыру қажет. Бұл оны іске асырудың тәртібі мен қағидаттарын, әлеуметтік-құқықтық “болмысын” терең зерттей отырып әзірлеуді, конституциялық реформалау нәтижесінде саяси-құқықтық сипат алатын құндылықтарды талдауды көздейді. Конституциялық реформаның ерекшелігі сол, бір жағынан ол әлеуметтік-саяси, ал екін­ші жағынан – құқықтық үдеріс болып табы­ла­ды. Бұған қоса ең маңызды деген қоғамдық қатынастардың динамикасын білдіреді. Конс­титуциялық реформада оның мақсаты мен ба­сымдықтары, жүзеге асырудың экономикалық, әлеуметтік-саяси, идеологиялық, ұйымдық және құқықтық қағидаттары, алғышарттары мен тәртібі, сондай-ақ қол жеткен нәтиже­леріне талдау жасау қажет екені белгілі. Тұтастай алғанда, Отанымызда жүргізілген конституциялық қайта өзгертулерді біздіңше төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңде – 1991-1995 жылдарда демократиялық үр­діске бет бұрған мемлекет құруға батыл қа­дам жасалды. Екінші кезеңде – 1995-2000 жыл­дарда қазіргі заманғы демократиялық инс­титуттар мен жаңа саяси мәдениет қалыптасты. Үшінші кезеңде – 2000-2007 жылдар аралы­ғын­да таңдап алынған конституциялық даму бағытымыздың нәтижесі ретінде әлеуметтік-экономикалық серпіліс қамтамасыз етілді. Ал төртінші кезең – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2007 жылғы 21 мамырдағы Заң қабылдануымен ерекшеленді. Сол жылы іске асырылған реформалардың нәтижесінде Пре­зидент, Парламент, атқарушы органдар, сот және құқық қорғау жүйелерінің ұйымдас­ты­ры­луы мен қызмет негіздерін реттеуші заңнамаға өзгерістер енгізілді. Күрделі де маңызды конституциялық өзге­ріс­тердің нәтижесінде Елбасы саяси және экономикалық институттардың қызметтерін одан әрі үйлестіріп, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтты. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары аса бағалы құндылық болып табылатын елімізде, Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл – Ом­будс­ман институты құрылып, жаңа саяси партиялар мен үкі­мет­тік емес ұйымдар пайда болды. Ұлт­ара­лық қатынастарды одан әрі нығайту ба­ғытында Қазақстан хал­қының Ассам­блея­­сы Ата Заңда бе­кіген жаңа орнын тапты. Осы рефор­ма­ның негізінде 2007 жылғы 18 тамызда Пар­ла­мент Мәжілісі төр­тін­ші шақы­ры­лы­мы депутаттарының сайлауы өтті. Бұл сайлаудың ерекшелігі, депу­тат­тық ман­дат­тың бір бөлігі Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ұсынылған өкілдеріне тиесілі болды. Тәуелсіздік жылдарында қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылған құқықтық реформалар қоғамдық қатынастар дамуының орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. Мәселен, 1994 жылғы 12 ақпанда бекітілген еліміздегі Құқықтық ре­форманың мемлекеттік бағдарламасында ат­қа­ру­шы биліктің рөлі мен жауапкершілігін арт­тырудың, мемлекеттік басқару сатысын, пре­зи­денттік институтты нығайтудың консти­ту­ция­лық заңнамасын жетілдіру қажеттігі нақты көр­сетілген болатын. Ал 2002 жылғы 20 қыр­күйектегі Құқықтық саясат тұжырымдамасында Ата Заң негізінде іске асырылған реформа­лар­дың жаңа бағыт-бағдары, оң рөлі атап өтілді. Бұл құжатқа сәйкес мемлекетіміз үшін мей­лінше ыңғайлы президенттік басқару нысаны, біртұтас мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлудің тетіктері, атқарушы билікпен өзара іс-әрекет жасайтын қос палаталы Парламенттің жемісті қызмет істеуі берік орнықты. Осыған орай, жоғарыда аталған бағдарла­ма­лық құжаттар шеңберінде Конституцияға 1998 және 2007 жылдары енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың ел іргетасын бекемдеуге, төл құқықтық базамызды нығайтуға, мемлекет­тік құрылыс тәжірибесін еселей түсуге әсері мейлінше мол болды. Қолданыстағы Ата Заңымызда алғашқы өзгерістер 1998 жылы бекітілген болатын. Ол Қа­зақстан халқының мемлекетті басқаруға қа­тысу белсенділігін арттыруға, еліміздің саяси жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған еді. Саяси партиялардың тізімдері бойынша про­пор­ционалды сайлау жүйесін енгізу осы ба­ғыт­та жасалған маңызды қадам болып табылды. Қос палаталы Парламенттің Мәжілісіне депутат сайлауы кезінде жеңген саяси партияларға арнайы 10 мандат берілетін болды. Үкімет мү­ше­­лерінің депутаттық корпус алдындағы жауап­кершілігін арттыру, Парламенттің өкі­леттігін кеңейту, оған сайланған депутаттардың өкілеттік мерзімін төрт жылдан – Мәжіліс депутаттары үшін бес, ал Сенат депутаттары үшін – 6 жылға дейін көбейту, алқабилер инс­титутын енгізу, т.б. 2007 жылы конституциялық реформалар нәтижесінде еліміздің Негізгі Заңында қоғам­дық және мемлекеттік институттардың бірі­гуі­не, қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қар­жы­ландыруға салынған тыйымның алынуы, өлім жазасын қолдану ауқымын шектеу, тек қана соттың санкциясымен тұтқындауды және қамауда ұстауды көздейтін айтарлықтай түзе­ту­лер енгізілді. Мұнымен қатар Конституцияда ел Президентін сайлау мерзімі, Парламенттің өкілеттігі, депутаттар саны, оларды сайлау тәр­ті­бі, қажет болғанда өкілеттігін тоқтату негіз­дері, Үкіметті, Конституциялық Кеңесті, басқа да кейбір мемлекеттік органдарды құру рә­сімдері тайға таңба басқандай айқындалды. Бұл жерде мына бір мәселеге тоқтала кет­сем деймін. Еліміздің Негізгі Заңына арналған форумдардың бірінде академик Ғ.Сапарғалиев атап айтқандай, қазіргі Қазақстанның халқы мемлекет пен қоғам өмірін реформалау туралы идеялар мен шешімдердің шын мәніндегі қозғаушы күші әрі қалыптасу көзі болып табы­ла­ды. Қазақстандағы конституциялық рефор­малар әркезде Отанымыз халқының, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, белсенді азаматтардың кеңінен қатысуымен өтіп жатты. Қоғам өкілдерінің ұсыныстары 2007 жылы Конституцияға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы Заңның тұжырым­да­масын жасақтауға негіз болды. Ұсы­ныс­тардың бәрін жинақтау және конституциялық реформа бойынша бірыңғай көзқарас қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысы Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі республи­ка­лық комиссияны құрып, оның құрамына мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың өкілдерін, қоғам қайраткерлерін кіргізді. Бұл комиссия әзірлеген материалдарды жариялы түрде талқылау конституциялық-саяси жаңғыртудың негізгі қағидаттары бойынша кең ауқымды қоғамдық консенсусқа келуге мүмкіндік берді. Осы комиссия қызмет атқарған кезеңде БАҚ-та саяси жүйені дамыту мәселелері бойынша 1,5 мыңға жуық түрлі ақпараттық-талдаулар жарияланса, соның 70-і іргелі және теориялық мақалалар болатын. Президент өткен жылғы 24 тамыздағы Жарлығымен бекіткен Қазақстан Республика­сының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздерін, Отанымыздың егемендігі мен тұтас­тығын нығайтудағы жасалған реформалардың рөлі атап өтілді. Осылайша еліміздегі заңдылықтың салтанат құруы мемлекеттің әлеуметтік, саяси және экономикалық дамуының тұрақтылығын қам­та­масыз етіп отырғаны тек өзімізге ғана емес, төрткүл дүниеге мәлім. Бұл орайда, ресейлік танымал заңгер, Ресей Федерациясы Консти­ту­циялық Сотының Төрағасы В.Д.Зорькиннің сөзіне құлақ қойсақ, ойластырылып жасалған, қоғам игілігіне бағытталған кез келген рефор­малаудың негізінде әлеуметтік тұрақтылық жа­туы тиіс. Тұрақтылық қоғамдағы сенімнің, яғни адамдар­дың бір-біріне, билік органдары мен қоғамға, мемлекеттің кепілдігіне бек сенімінде екен. Иә, заңдылық сақталған, азаматтар заңға бой­сұнған, заңды құрметтеген, Конститу­ция­ның ережелерін нақты жүзеге асырған жағдайда ғана, берік әлеуметтік тұрақтылық, азамат­тар­дың өз құқықтары мен бостандықтарының мызғымастығы орныға береді. Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік жағынан тұғыры мықты мемлекет ретінде орнығуы туралы айта отырып, президенттік басқару нысанының ерекше маңызына тоқтала кету қажет. Конституцияда көрсетілгендей, Президент адамның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, халық пен мемлекеттік билік біртұтастығын қамтамасыз етуші саяси күш, мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуінің және олардың халық алдындағы жауапкершілігінің кепілі. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ұлт пен этнос арасына дәнекер болып келе жатқан Ата Заң пре­зиденттік басқару нысанын бекемдеп, мем­лекеттің он бес жыл ішіндегі тұрақты әрі дағ­да­рыссыз дамуын қамтамасыз етті. Бұл жерде ұлттық құқықтық жүйені сипаттайтын бірнеше маңызды жәйттерге баса ден қою қажет. Бірін­шіден, қазақстандық модель егемендік жағ­дайында дамудың алғашқы жылдарындағы өз тә­жірибесі мен өзге елдердің озық үрдісі, үйре­нер сабағы ескеріле отырып жасалды. Екінші­ден, бұл модель бірден емес, қоғамның жай-күйіне қарай бірте-бірте ілгері қадам жасауға негіз болды. Бұл мемлекеттік құрылымдардың өз өкілеттігі мен қызмет атқару нысандарына сәйкес стратегиялық міндеттерді бірлесіп ше­шу­ді қамтамасыз етеді. Үшіншіден, президенттік басқару нысаны мемлекеттік органдардың өзара ішкі байланыстарымен ғана шектелмей, со­нымен қатар азаматтар және мемлекеттік емес ұйымдармен қарым-қатынасымен ерек­ше­ленеді. Төртіншіден, маңыздылығы жағынан бірінші десек те болар, президенттік басқару ны­саны Конституцияның идеялары мен қағи­даттарына, сондай-ақ ел Президентінің бас­та­маларына сәйкес дәйектілікпен қарқынды да­мып отыр. Атап айтар болсақ, 2007 жылғы конс­титуциялық реформа барысында мәсли­хат­тар­дың, барлық деңгейлердегі депутаттар мен олардың құрылымдарының мәртебесі нығайды. Әкімшілік реформа ілгерілеу үстінде. Мемле­кет­тік қызметшілерге қойылатын талаптар же­тіл­дірілуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес өз нәтижесін беруде. Мемлекеттік орган­дар­дың жанында үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­дерінен тұратын консультативтік-кеңесші ор­ган­дар қызметі жұрт көңілінен шығуда. Элек­трондық үкімет іске қосылды. Мұндай мы­сал­дар легін жалғастыра беруге болады. Мемлекеттік билікті оңтайландыруда осы атап өтілген өзгерістердің қайсысы болсын ма­ңызды екені сөзсіз. Бұл мемлекет пен қоғамдық қызметтің дәйектілікпен демократияландыруын көрсетеді. Қолданыстағы Негізгі Заңға бұдан өзге де енгізілген маңызды өзгертулер аз емес. Өз кезегінде президенттік басқару нысанының қазақстандық моделі біртіндеп президенттік-парламенттік басқару нысанына айнала оты­рып, демократияның одан әрі дамуының басты факторы және елдің тұрақтылығы мен өркен­деуі­нің конституциялық кепілі болып қала береді. Елімізде заңдылық пен заңнамалық тұрақ­тылықты нығайтуда Елбасының Консти­туция­лық Кеңеспен өзара байланысы ерекше рөл атқаратыны белгілі. Президент Конституция­лық Кеңеске Ата Заң баптарын ресми түсіндіру жөнінде өтініш жасайды, қажет жағдайда еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат беруді талап ете алады және өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. Пре­зидент еліміздің Ата Заңының, адамның және азаматтың құқықтары мен бостан­дық­тары­ның кепілі ретінде, Парламент қабылдап өзіне қол қоюға ұсынған заңдардың Консти­ту­цияға сәйкестігін тексеру үшін Консти­ту­циялық Кеңеске жүгінеді. Елбасының мұндай өтініштері негізінен қоғамда осы қалай екен деген заңдарға байланысты болып келеді. Конс­титуциялық Кеңес күмән туғызған заңдар­дың Конституцияға сәйкестігін немесе оған қайшы келетінін анықтайды. Ата Заңға қайшы деп танылған заңдарға Президент қол қоймай­ды. Бұл тетік заңдар күшіне енгенге дейін адамның және азаматтың құқықтарын алдын-ала қорғаудың шарты болып табылады. Конституциялық Кеңес осы күнге дейін 23 заңның Конституция талабына сәйкестігін тексерсе, солардың 15-і Президенттің өтініші бой­ынша қаралған. Кеңес олардың 8-ін Ата Заңға сәйкес емес деп тапты. Атап айтсақ, Конс­титуциялық Кеңестің 2004 жылғы 21 сәуірдегі №4 қаулысымен “Бұқаралық ақпарат құ­ралдары туралы” Заң, 2009 жылғы 11 ақпандағы №1 нормативтік қаулысымен “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Қазақстанның конституциялық жүйесіндегі ерекшеліктердің бірі ел Президентіне есеп беретін, өзге мемлекеттік органдардан тәуелсіз прокуратураның жоғары қадағалауды қамтама­сыз ету арқылы Елбасының заңдылықты бекемдеуіне атсалысуы болып табылады. Прокуратура Елбасының заңдылықтың, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары сақталуының кепілі функ­цияларын тікелей және күнделікті қамтамасыз етуіндегі құқықтық құралы екені белгілі. Осы мақсатта прокуратура Президенттің барлық мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын бақылауын қамтамасыз етуге қатысады. Бұл тұрғыдан алғанда, прокуратура біртұтас мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөлінуі мен өзара іс-қимыл жасауы жүйесіндегі ерекше орган, яғни мемлекеттік биліктің біртұтастығын қамтамасыз ете отырып, оның заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі қағидатына сәйкес тежемелік әрі тепе-теңдік тетігінің қызметін атқарады. Президент “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында атап көрсеткендей, жаңа онжылдықта біз экономикалық табыстарды дәйектеп, оны қоғамды жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастыра бермекпіз. Бұл бағытта құқықтық реформа ерекше маңызды рөл атқаратын болады. Елбасының қойған басты міндеті – құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандартқа сәйкес келетін жаңа жүйесін қалыптастыру. Міндет үлкен, оны мүлтіксіз орындау – бізге парыз. Бұл үшін еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып, Президент тапсырмасын жүзеге асыруда батыл қадамдарға барып, заңның салтанат құруына ұйытқы болуымыз керек. Ілияс БАҚТЫБАЕВ, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы.