Жуырда ғана «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі іргемізде отырған Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы импорттауға аса үлкен мүдделілік танытып отырған тауарлар тізімінде қазақстандық өнімдердің бұрынғыдай көш бастап тұрғандығын мәлімдеді.

Жуырда ғана «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі іргемізде отырған Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы импорттауға аса үлкен мүдделілік танытып отырған тауарлар тізімінде қазақстандық өнімдердің бұрынғыдай көш бастап тұрғандығын мәлімдеді.
Мұны жергілікті кәсіпорындарға серіктестер іздестіру үшін «KAZNEX INVEST» агенттігі ұйымдастырған қытайлық бизнесмендердің Алматыға жасаған сапары растап берді. ШҰАА-дан келген көтерме-сауда компаниялары мен трейдерлері Алматының азық-түлік, металл өнімдерін, жанар-жағармай шығаратын 11 кәсіпорнын аралап көрді.
Компаниялармен келіссөздерден кейін қытайлық тарап сатып алатын тауарлары туралы шешімге келген. Бұлар – «Маслодел» шығарған өсімдік майы, «Sun Beе» ЖШС өндірген бал, «Korona Export» және «Sultan» компаниялары шығарған макарондар, сондай-ақ, «Asem Ai» минералды суы. Сатып алушылар өнімнің сапасын да, қаптамасы мен дизайнын да жоғары бағалады. Бүгінгі күні өндірушілердің әрқайсысымен, ең алдымен, тауарларды ҚХР-ға кіргізу және ресімдеуді реттеу рәсімдері бойынша егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізілуде.
Атап өтетін жағдай, Қытайда, әсіресе, өсімдік майына деген сұраныс өте жоғары. Жыл сайын осы өнімнің отандық өндірушілері «KAZNEX INVEST» агенттігінің ҚХР ШҰАА жасаған сауда миссиясына қатысады және әрбір ретте бұл өнім әлеуетті қытайлық сатып алушылардың үлкен қызығушылығын туғызады. Осы айда Үрімжіде өткен сауда миссиясында «Маслодел» және «Шымкентмай» компаниялары өсімдік майын таныстырды. Екі өндіруші де қазіргі кезде жеткізулер туралы келіссөздерді жалғастыруда.
Сонымен қатар, Қазақстанда өндірілген майлы дақылдар, макарондар, кондитерлік тағамдар, жүн және емдік шөптер сатып алушылардың қызығушылығын тудырды.
2009 жылдан бастап «KAZNEX INVEST» агенттігі Қытайға жыл сайын сауда миссияларын өткізуде. 2009 жылдан 2012 жылға дейінгі кезеңде Бейжіңде, Ининде және Үрімжіде өткен сауда миссияларында 60-тан астам қазақстандық өндірушілер қатысқанын айта кетуге болады. Сауда миссиялары нәтижесінде жасалған Қазақстанда өндірілген өнімді Қытайға жеткізу бойынша келісімшарттардың жалпы сомасы 35 миллион АҚШ долларынан асты. Үрімжіге жасалған сауда миссиялары ШҰАА Халықаралық саудаға ықпалдастық бойынша комитетімен серіктестікте өткізіледі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.