Қоғам • 03 Ақпан, 2021

Зейнетақы қаржысы (Оны пайдалану баспана бағасын қымбаттата ма?)

562 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел азаматтары жаппай зейнетақы қорындағы жиған-тергенін тексеріп, кәдеге жаратуға жете ме, жоқ па деп «бас қатырып» жатыр. Ипотека қарызын өтеп, жер мен үй алып қалуды көздейді. Бірақ оған бәрінің бірдей қаражаты жетпейді. Осы­нау мүмкіндікті пайдаланатын адам саны 800 мыңға жетер-жет­пес.

Зейнетақы қаржысы (Оны пайдалану баспана бағасын қымбаттата ма?)

Үй бағасы өседі

Үкімет мұғалімдердің жалақысын өсірсе, ертеңі­не базардағы азық-түлік­тің аспандап шыға келетіні секіл­ді, зей­нет­ақы қаржысын пайдалану жайлы жаңа­лық жария бол­ғалы үй бағасы да қым­бат­тайды деген қауесет тарап жүре берді.

«2020 жылдың қорытындысы бо­йынша жаңа үйлердің бағасы 5,0 па­йызға қымбаттады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда төмен (+6,4 пайыз), бірақ 2016 (– 3,6), 2017 (+1,3), 2018 (+2,6) жыл­­дар­мен салыстырғанда жоғары. Екін­ші деңгейлі үйлер­дің бағасы 13,2 пайызға жетіп, 2014 жылдан бері (+17,6 пайыз) ре­корд орнатты» деп жазды теле­грамдағы Tengenomika кана­лының авторы Ғалымжан Айтқазин.

Egemenniń тілшісімен сұхбат­тасқан JER.kz жылжымайтын мүлік агенттігінің бас­шысы, Қа­зақ­стан біріккен риэлторлар қауым­дастығының кеңес мүшесі Орын­басар Сатаев бұл ойды қостайды.

– Бастама жылжымайтын мү­лік нары­ғында бағаның қым­баттауына үлкен әсер етеді. Ста­тистикаға сүйенсек, 2020 жылы 307 884 ке­лісім­шарт жа­салған. Енді бұған зей­нетақы төлемін пай­даланушылар қосылады. 800 мың адам­ның 30-40 пайызы баспана алады деген күннің өзінде сұраныс күрт артып кет­пек. Осыған байланысты тұрғын үй баға­сы міндетті түрде өседі, – дейді агенттік басшысы.

Баспана бойынша кеңесші Ұлан Дәулетқали біржолғы зей­нетақы төлемін пайдалану бас­пана бағасына әсер етерін, со­ған қарамастан бұл бастаманы қол­дайтынын айтады.

– 800 мыңға жуық азаматтың ішін­де үй алуға мүмкіндігі бар­лар – мұнайшылар, мемлекет­тік қызметкерлер, жоғары басшы­лықтағы адамдар. Бұған дейін де жақсы табыс тауып келген аза­маттардың өз аймағында онсыз да үйі болуы мүмкін. Енді олар Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бір үй алып қоюды көздейді. Соған байланысты аталған екі қалада үй бағасы шарықтайды. Меніңше, баспана бағасы 10-30 пайыз ара­лығында қымбаттайды. Ал зей­нетақы қорындағы қаржысы 1 мил­лионға жетпейтін салымшылар саны 6 миллион шамасында. Яғни азаматтардың зейнетақы қ­орына деген сенімсіздігі басым. Үйде отырып кәсіп істейтін, таксист болып ақша табатын азамат­тар зейнетақы қорына қаржы сал­майды. Егер мемлекет азаматтарды қорға ақша құю бойынша ынталандыра алатын болса, онда олар кәсіптерін заңдастыра бас­тайды. Сондықтан жағдай баспана құнының қымбаттауына әсер етсе де бұл бастаманы дұрыс деп санаймын, – дейді блогер.

Сарапшы Орынбасар Сатаев­тың сөзінше, үй бағасының аспандап кетуіне әсер етіп отырған қате механизм бар. Біріккен риэлторлар қауымдастығының кеңес мүшесі оны былай түсіндіреді.

– Бастапқы жарнасы 10 немесе 20 пайыз болатын тиімді ипотекалық бағдарламалардың барлығы жаңа пәтерлерге бағыт­талған және сатушы міндетті түрде заңды тұлға болу керек. Осы механизмде қателік кеткен секілді. Аталған ережелерді құ­ры­лыс компаниялары өз ың­ғайы­на пайдаланып, бағаны өсі­­ріп жіберді. Өйткені менен ал­ма­саң кімнен аласың дейді. Ал тұр­ғындардың қаражаты немесе айлық кірісі жетпегендіктен 1-2 бөлмелі, ауданы шағын пәтерлер­ді алып жатыр, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, осыған байланысты екінші нарықтағы тұрғын үйдің бағасы сәл көте­рілді. Алайда сатылым өте баяу жүруде. «Ипотека жақсы беріліп жат­қандықтан екінші нарықта да баға биылдыққа түсе қоймайды», деді О.Сатаев.

1

 Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

1,4 трлн теңге түгелімен нарыққа келмейді

Ivitrina.kz жылжымайтын мү­лік агенттігі бірінші нарықтағы тұрғын үйді сату бөлімінің бас­шысы Ораз Исин баға сон­ша­лықты қатты көтерілмейді деді.

– Сол 800 мың адамның 90 пайызында үй сатып ала қоя­тындай жинақ жоқ. Көбінің не­сие тарихы, айлық табысы мүм­кіндік бермейді. Аз-маз қа­ра­жаты барлар ипотекалық несие рәсімдеп, ипотекалық займдар саны өсе түсетін сияқты. Өйткені адамдардың көбі ипотека рәсімдеп, оның жартысын жинақтағы ақшасы арқылы өтеу­ді қалайды. Үй бағасы өседі. Бі­рақ қаншалықты қарқынды өсе­тінін нақты айта алмаймын. Екін­ші деңгейлі үйлер әркез бірін­ші нарықтағы үйлермен ілесе қымбаттайды. Құрылыс ма­те­риалдарының 50 пайызы шетел­ден әкелінеді. Сауда доллармен жасалады. Соған сай құ­рылыстың өзіндік құны да жоға­рылайды. Бұл өз кезегінде бірінші нарықтағы үйлер бағасы­ның қымбаттауына әсер етеді. Сонымен қатар екінші нарықтағы 1 және 2 бөлмелі үйлердің де баға­сы көтеріледі, – дейді Ораз Исин.

Баспана кеңесшісі Ұлан Дәу­лет­қа­лидің айтуынша, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті аза­мат­тар мейлінше тиімді пайда­ланғаны жөн.

– Үй бағасы соңғы үш жылда ұдайы қымбаттап келе жатыр. Ол БЖЗҚ-дан қаражат алуға қа­рап тұрған жоқ. Яғни себепті бұл бас­тамадан іздеуге болмай­ды. Қайта осы мүмкіндікті пайдаланып, үй алып қалудың, ипоте­калық займды өтеп қалудың жолын іздеу керек, – дейді сарапшы.

Krisha.kz сарапшыларының жазуынша, қазақстандықтардың қордағы ақшасы бәрібір аз. 5 млн теңгеден асатын сомасы бар азаматтар саны 2,23 пайыз шамасында. Үй іші қаржысын түгел қосқанда алғашқы жарна сомасына да толтыра алмауы мүмкін.

Жылжымайтын мүлік федера­циясының президенті Ермек Мү­­сірепов 800 мыңға жуық аза­маттың жабылып жүріп алатын ақ­шасы – 1,4 трлн теңге. Бұл нарық үшін елеулі қаржы.

– 2019 жылы тұрғын үй на­рығындағы келісімдер құны 5,5 трлн теңгені құрады. 1,4 трлн – жылдық сұраныстың 25 пайы­­зы. Алайда бұл ақшаның бәрі нарыққа келмейді. Өйткені бір­­шама бөлігі басқа мақсатқа жұм­салады. Оны да ескеру керек, – дей­ді Е.Мүсірепов.

 

Баға қашан тұрақталады?

Экономист Айдархан Құ­сайынов БЖЗҚ қаржысын кә­деге жаратудың соңы экономи­калық қиындыққа ұшы­ратуы мүм­кін деген пікірде.

– Бұл біздің экономикаға жа­ғым­сыз әсер береді. Жылжы­май­тын мүлікке деген жаңа сұра­ныстың пайда болуы бағаны кө­теріп жіберді. Кімде көп ақша бар, олардың бұрыннан үйі бар. Ал халықтың басым бөлігінде көп қаржы жоқ. Әрең күн көріп жүр. Егер сіздің жасыңызға сәй­кес жеткілікті мөлшер 4 млн тең­ге болса, сіздің жинағыңызда 4 мил­лионнан асатын ақша болса, онда сіз 800 мың адамның қата­рына кіресіз. Нақты үй сатып алуға ниеттенетін адам 50-60 мың шамасында ғана деп ойлаймын. Қалғандарының мүмкіндігі оған жетпейді, – дейді экономист.

Сәл бұрынырақ осы мазмұн­дас пікірді қаржыгер Расул Рыс­мам­бетов те айтқан еді.

– БЖЗҚ қаржыны таратумен емес, оны кәсіби түрде инвес­тициялаумен айналысуы керек. Мойындау керек, ақшаны бұған дейін де ала бастаған. Жұмыс істемей жатқан ақшаны алу мүмкін дұрыс та шығар де­ген аргументацияны пайдалан­дым. Бірақ бұл жағдайда ел үшін жалғыз дұрыс таңдау бар­­ – квазимемлекеттік сектор­ мен банктерді асырағанша, БЖЗҚ-да ақшаны ұстау және оны дұрыс басқару керек. БЖЗҚ басқарушылары қазір­гі эко­но­ми­калық жүйеде теңге­мен көр­сетілген кез келген инвес­ти­­­ция­ның құнсыздануға ұшы­рай­тынын түсінуі керек, – деп жазады қаржыгер Фейсбуктегі парақшасында.

БЖЗҚ қаржысын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұм­саудың экономика үшін нә­тижесі қа­лай боларын алдағы бірер жыл анық­тап берер. Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Президент Қ.Тоқаев үй бағасын қымбаттатпауды тап­сырған еді. Бұл да өз кезегінде на­рықтағы бағаны долларға байлап, әрбір бағдарлама жа­рық көрген сайын пайда кө­руді көксейтін компанияларға берілген сигнал іспетті. Бағаның қымбаттауы 800 мың адам ті­зіміне кіре алмайтын, бірақ жыл­дар бойы тірнектеп жиған қаржысына биыл баспана алсам деген жандарға соққы болып тиіп кетсе, нағыз қиындық сонда тумақ.

JER.kz жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы алғашқы жартыжылдықта баспана бағасы сөзсіз шарықтайды дейді. Оның бір емес, бірнеше себебі де бар.

– Бағаның шарықтауы заңды құ­былыс. Ең бірінші саяси тұ­рақ­тылық, ұлттық валютаның әлсі­реуі, тиімді ипотекалық бағ­дар­ламалар, зейнетақы тө­ле­мін пайдалану, жаңа тұр­ғын үй құ­рылыстарының тапшы­лығы және өте баяу салынуы,­ пан­демияға байланысты жұ­мыс кү­шінің тапшылығы мен қым­бат­тауы, құрылыс материал­дары­ның қым­баттауы, тұрғын үй құрылыс рұқ­сат құжаттарының рәсімделу процесінің өте ұзақтығы секілді себептер бағаны шарықтатады, – дейді О.Сатаев.

Айтуынша, ахуал екінші жар­­ты­жылдықта тұрақталмақ. Нарықта құрылыс компаниялары санының көбеюі баспана ұсы­ныстарын да арттыра түседі. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақ­талуына оң ықпалын тигізеді, деді сарапшы.