Қоғам • 03 Ақпан, 2021

Құрдымға кеткен құрылғылар

296 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласындағы орталықтандырылған газ тарату құрылғылары орнатылған 645 көп қабатты тұрғын үйде 37 мың тұтынушы тұрады. Тұрғын үйлердің 14,7 пайызы ғана орталықтандырылған көгілдір отынмен қамтылып отыр. Қаладағы көп қабатты үйлерде тұратын тұрғындардың 60,3 пайызы газ баллондарын пайдаланады. Бұл жайт үлкен қауіп тудыруда.

Құрдымға кеткен құрылғылар

 

Орталықтағы көп қабатты үйлердің астыңғы қабатында қоғамдық тамақ­тан­дыру және әртүрлі қызмет көрсе­тетін орындар өте көп. Олардың бар­лығы орталықтандырылған газ болма­ғандықтан, газ баллонын пайдаланады. Бұл да соңғы жиырма жылда созылмалы сырқаттай емі табылмай тұрған дауасыз дерт тәрізді болып тұр. Бірақ көкшетаулықтардың бұл көрініске еттері үйреніп кеткен. Өтпелі кезеңнің өкпек желі орталықтандырылған газ құбырларын ойсырата бүлдіріп кеткен кезде көп қабатты тұрғын үйде тұ­ратындар амалсыздан газ баллондарын пайдалануға көшті. Алғашқы бетте газ баллондарын жоғары қабаттарға көтер­генде көрсетпей қапқа салып, жамыл­ғы­мен жауып таситын. Кейін оны да ұмыт­ты. Құдды дәл осылай болуға тиіс тәрізді.

Қала әкімдігі көп қабатты үйлердің көгілдір отын тарататын құрылғыларын қалпына келтіруге біршама талпыныс жасағанымен, әзірге ниет білдіретін ұжымдардың жоқтығынан көпшіліктің қауіпсіздігі үшін аса қажетті іс нәтижесіз. Қала басшыларының мәлімдеуінше, ең басты себеп – орталықтандырылған газ құбырларын қайтадан қалпына кел­тіруге қажетті қаржының аздығы, екін­шіден, қираған газ құрылғыларының бұ­рынғы нақты иелерін іздеп тауып, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік жеткіліксіз. Қала әкімінің орынбасары Ермек Төлеуовтің айтуына қарағанда, қазір әділет департаментінде газ тарату құрыл­ғыларына қатысты құжаттар да­йындалып, тіркетілуде.

Газ құрылғыларының қауіпсіздігіне жауап беретін құзырлы мекеме – энергетика басқармасындағылар газ баллондарын заңсыз пайдаланып отырған тұрғын үйлердің нақ санын тап басып айтып бере алмайды. Соған қарағанда, ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған бұл мәселеге нақты назар аударып, есеп-қисабын жүргізіп отырған ешкім жоқ деп айтуға болады. Қазір облыс ор­талығындағы 240 газ тарату қон­дыр­ғысының бақандай 99-ы жұмыс істе­мейді. Көп қабатты үйлердің ауласына бар­саңыз, бір кезде халықтың игілігіне әбден жарап тұрған, кейін ту-талақай бұзылып, талан-таражға түскен газ тарату құбырларының үйіндіге айналған қал­дығын көрер едіңіз. Ел ақылды қала, ақылды үй салып жатқанда, қарапайым газ тарату құбырына қол жетпеу, тіпті жаңадан салмай-ақ қойсын, бұрынғы барын қалпына келтіру қолға алынбай жатқанына шынымен таң қаласыз.

– «Центральный» шағын ауданындағы №59 үйдің тоғызыншы қабатында тұрамын, – дейді қала тұрғыны Қайрат Қожақов, – газ құрылғысы құрдымға кеткелі жиырма бес жылға таяп қалды. Біз осында көшіп келгенімізде тәп-тәуір істеп тұрған болатын. Облыс орталығы сусыз, газсыз қалған қиын уақытта құбыр арқылы көгілдір отын беру тоқ­татылды. Содан бері бұл мәселеге назар аударған ешкім жоқ. Әркім өз күнін өзі көруде. Жасы келіп қалған адамға тоғызыншы қабатқа газ баллонын арқалап шығару да оңай емес. Оның үстіне өте қауіпті. Құдды бомбаның үс­тінде отырғандай қорқып-үркіп күн кешу­деміз. Кім біледі, өзің мұқият бол­ғанмен, көршің ыждағатты бола ма?!

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында облыс орталығындағы Василь­ковка шағын ауданындағы бір пәтерде оқыс оқиға орын алды. Бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінде 5 литрлік газ баллоны жарылды. Жарылыс салдарынан 8 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Екі қыз бала өмірден озды. Кейін анықталғандай, жарылыс газ баллонын дұрыс пайдаланбаудан болған. Мұндай қайғылы оқиғалар еліміздің бірнеше аймағында орын алды. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, облыс орталығында көп қабатты тұрғын үй­лер­­дің 60 пайыздан астамы амалдың жоқ­ты­ғынан ереже бұзып, газ баллондарын пай­даланып отырғандығын көре тұра, әре­кет етпегендігімізді қалай тү­сіну­ге бо­лады?!

– Негізінде қолға алса іске асыруға әбден болар еді, – дейді қала тұрғыны Бауыржан Молдағалиев, – кеңес заманында салынған көп қабатты тұр­ғын үйлердің бәрінде газ жүйесі тар­тыл­ған. Рас, кейбіреулер ұзақ уақыт бойы ұмтылыс болмағаннан кейін пәтеріндегі желілерді кесіп тастауы мүмкін. Бірақ негізі бар. Сондықтан, орталықтандырылған жүйені қалыпқа келтірсе, пәтер иелерінің өзі-ақ жеке қаражатына қосып алар еді. Сонда жөндеуге қаражат та қажет емес. Есесіне, қауіп-қатерден құтыламыз.

Шынында да ереже бойынша екі қа­баттан биік ғимаратта газ баллонын пай­далануға тыйым салынған. Алайда, қан­шама тұрғынның қауіпсіздігіне жергілікті билік жеткілікті көңіл аударатын емес. Ермек Төлеуовтің айтуына қарағанда, газ тарату құрылғыларын қалпына келтіру жұмысына тендер жарияланған.

– Шамасы осы жұмыспен айналыса­тын ұжымдар газ тарату құрылғы­ларының бағасының арзандауын тосып отырған шығар, – дейді қала әкі­мі­нің орынбасары, – әзірге қиын түйін­нің шешімін табудың жолдарын қарас­тырудамыз.

Бірақ өкінішке қарай, тендердің бірінші кезеңіне ешкім қатыспаған. Енді арзандату әдісі қолданылмақ. Бәлкім сол кезде барша қала тұрғындарының бас ауруына айналып отырған мәселе шешімін табуы мүмкін.

 

КӨКШЕТАУ