31 қаңтар күні «Спутник V» вакцинасының біраз бөлігі Шығыс Қазақстан облысына да жетіп, ақпанның алғашқы күнінен-ақ егу басталып кетті. Екпе алдымен денсаулық сақтау саласының мамандарына салынды.
– Ең бірінші инфекциялық ауруханалардағы дәрігерлерге, медбикелерге, тазалықшыларға қойылады. Екінші кезекте жансақтау бөлімінде еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері алады. Үшінші қабылдау бөлімдеріндегі ақ халаттылар егіледі. Онымен тоқтамайды. Вакцина ақпанның 15-нен кейін тағы келеді. Сәуірде 75 мың доза көлемінде отандық QazCoVac-P вакцинасы келеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмаханов.
Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны Өскеменде алғашқылардың бірі болып облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Қанат Тұрдиев және «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері Ермек Омарбеков, Семейде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы, перинаталдық орталықтың бас дәрігері Арқат Дайырбеков алды.
Ерікті түрде екпе алған Думан Берікұлының айтуынша, ешқандай теріс әсері сезілмеген. Айта кетсек, он сегіз жасқа толмаған балаларға, жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға екпе жасалмайды. Сондай-ақ бұл екпеге аллергиялық реакциясы бар азаматтар да егілмейді.
Шығыс Қазақстан облысына жеткізілген 1 300 дозаның 650-і Өскеменде қалса, 650-і Семейге жіберілді. Вакцина саны мұнымен шектелмей, ай сайын 500 мың дозаға көбейіп отырады. Еске сала кетсек, екпе алу тегін жүргізіледі. Алдымен вакцина алуға келген әр азамат дәрігердің тексерісінен өтеді. Вакциналау екі кезеңге бөлінген. Бірінші компонентті енгізгеннен кейін араға 21 күн салып, екіншісі салынады. Айта кетерлігі, егу ерікті түрде жүргізіледі. Әркімнің денсаулығы – өз қолында.
Шығыс Қазақстан облысы