Әлем • 03 Ақпан, 2021

Мектепке ұялы телефон алып келуге тыйым салынды

4371 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың білім министрлігі бастауыш және орта мектеп оқушыларына мектепке ұялы телефон алып келуге тыйым салды, деп хабарлайды Egemen.kz

Мектепке ұялы телефон алып келуге тыйым салынды

Әкімшілік агенттіктің баяндамасына сәйкес, 18 жасқа дейінгі жастардың 74 пайызы интернетті смартфон арқылы қолданады. Билік ұялы телефондар жасөспірімдерге кері әсер етеді деп есептейді, сондықтан шектеу қою жастардың көру қабілетін сақтап, сабаққа деген зейінін ашуға ықпал етеді.

«Бұл оқушылардың көру қабілетін сақтап, сабаққа деген зейінін ашып, оқу процесі кезінде интернетте отырып, ойын ойнамауы үшін, физикалық және психикалық дамуын күшейту үшін қабылданды», делінген министрлік сайтында.

Министрліктің жарлығы бойынша ұялы телефонды тек сыныпқа емес, сонымен қатар, жалпы мектепке алып келуге болмайды. Қаулыға сәйкес, қажет болған жағдайда ата-аналар өтініш жазуы қажет. Сол жағдайда ғана оқушы өзімен телефон алып жүре алады. Алайда оқушы сабақ кезінде телефонын сақтауға арналған орынға тастап кетуі тиіс.

Мұғалімдерге де үй жұмысын телефон арқылы жіберіп, оқушыдан үйге берілген тапсырманы телефон арқылы орындауын талап етуіне тыйым салынды. Мектеп әкімшілігі оқушыларға телефонды қажет жағдайда ғана қолдануды түсіндіруі қажет. Министрлік ата-аналарға баланың қызығушылығына мән беріп, олардың оқуға, спортпен және шығармашылықпен айналысуға деген ынтасын ашып, телефон сатып алардан бұрын дұрыстап ойлануды ұсынды.