Оқиға • 03 Ақпан, 2021

Алматыда 20 автокөлік жанып кетті

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында техника жөндеу орталығы өртеніп, 20 автокөлік толығымен жанып кетті. Оқиға куәлері мен төтеншеліктер  қызыл жалын басталған кезде тек 15 машинаны сыртқа шығарып үлгерген. Олардың иелері енді қайда шағымданарын білмей әрі-сәрі болуда, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы телеарнасына сілтеме жасап.

Алматыда 20 автокөлік жанып кетті

10 жыл бойы жұмыс ітеп келген бұл техникалық жөндеу орталығына адамдар сеніммен көлігін қалдырып келген. Алайда бүгін олар жөнделген көліктерінің орнына, өртенген темір бөлшектерді алып кетеміз деп еш ойламаған.

Алапат  өрт жайлы хабарлама төтенше жағдай департаментінің кезекші пультіне кешкі 22.00 шамасында келіп түскен. Оқиға орнына дереу жеткен төтеншеліктер жалпы аумағы 1300 шаршы метрді құрайтын нысанның 600 шаршы метрін сөндіріп үлгерген. Сонымен қатар, 4 газ-балон мен 15 автокөлікті қызыл жалынның ішінен алып шыққан. Абырой болғанда, жақын орналасқан жанармай құю бекетіне жалын жетпеген.

«Жалпы өрт сөндіру жұмыстарына 40 астам адам жеке құрам және 15 бірлік техника жұмылдырылды. Абырой болғанда, зардап шеккендер, мерт болғандар жоқ», деді қалалық ТЖД ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова.

Көлігін жөндетуге қалдырып, жаяу қалған Равшан Хамраев бұндай сұмдықтың болары үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтады. Техникалық жөндеу орталығы оған көлігін 4 күн бұрын жөндеуден өткізіп, табыстау керек болған. Алайда темір тұлпардың орнына өртенген қалдығын ғана алған ол, не істерін білмей дал. 

«Бүгін таңертең осында кездейсоқ келіп, мына сұмдықты көрдім. Көлігім күл-талқан болып жанып кетті.  Көлік жөндеу орталығының иесіне хабарлассам, тұтқаны көтермейді. Бұл көлік жалғыз табыс көзіміз еді. Оның үстіне әлі несиесін төлеп бітпедім. Такси болып жұмыс істедім. Енді міне не істерімді, кімнен сұрарымды білмеймін», деді жәбірленуші Равшан Хамраев.

Ал өртенген орталық басшылары қасақана өрт қойылуы мүмкін дейді. Айтуынша, жарамсыз болып қалған көлік иелеріне шығынды кім өтейтінін тек сараптамадан кейін ғана айта алады.

«Күзетші жалын басталысымен бірден өрт сөндірушілерге хабарласты. Қасақан өртеу болуы мүмкін. Ешкім білмейді. Барлығын сараптама нәтижесі көрсетеді. Өртенген көлік иелеріне де шығынды кім өтейтіні де содан кейін белгілі болады», деді өртенген ТЖО әкімшісі Геннадий Филлипов.

Қазір тиісті сараптама тағайындалып, өрттің неден туындағаны анықталып жатыр.