Ақтөбе облысында кәсіпкерлік нысандарының көбеюі жағынан Мұғалжар ауданы көш бастап келеді. Қазіргі уақытта мұнда 3 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Ауданда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен 1,5 млрд теңгеге 21 жоба мақұлданып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 11 ірі жоба іске асып жатыр. Нәтижелі жұмыс арқылы ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өткен жылы 104 %-ға өскен.
Ғалым Айтымбетов өткен жылдың соңында аудан орталығы Қандыағаш қаласында жиһаз жасайтын цех ашқан болатын. Аз уақыттың ішінде Ғалымның цехы қанатын кеңге жайып, қазір 12 азаматқа тұрақты жұмыс тауып беріп отырған өндіріс орнына айналды.
– Жұмысқа кіріскенімізге көп уақыт өте қоймаса да, тапсырыс өте көп болғандықтан, бастапқыда екі-үш адаммен жұмыс көлемін игеру өте қиынға түсті. Сол себепті жан-жаққа сұрау салып, 12 адамды жұмысқа қабылдадық. Қазір олардың еңбекақысы 150-200 мың теңге аралығында. Жұмыс көлемі көбейсе, еңбекақы да артады. Әрине, жұмыскерлерден ең бірінші талап етілетіні – алған тапсырысты дер кезінде сапалы орындау ғана. Осы талаптан шыққан мамандарымыз қалады, ал міндетіне жүрдім-бардым қарағандарға бізде орын жоқ, – дейді Ғ.Айтымбетов.
Кәсіпкер жеке кәсібін ашуға кездейсоқ келген жоқ. Ол 2000 жылы осы ауданның Ақкемер елді мекеніндегі үйдің бір бөлмесінен қолда бар құралымен жиһаз жасауды бастаған еді. Аз уақыттың ішінде Ғалымның шеберлігі Ақкемер ауылынан асты. Ақтөбе қаласынан, Байғанин, Темір, Шалқар аудандарынан тапсырыс көптеп түсе бастағанда, кәсібін кеңейтудің төте жолы – Қандыағаш қаласында жиһаз жасайтын жаңа цех ашу деп түсінді. Осы іске бел байлаған кәсіпкер өткен жылдың басында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алуға құжаттар әзірледі. 20 млн теңге қаржыға қол жеткізген соң жиһаз цехының құрылысына кірісті. Бес ай ішінде өндіріс орнын талапқа сай жабдықтап, жиһаз жасауға қажетті жаңа жабдықтарға тапсырыс берді. Қазір Ғалымның цехы Қандыағаш қаласындағы ең таңдаулы жиһаз жасайтын орынға айналды. Шикізатты сырттан тасығанды аса ұнатпайтын кәсіпкер отандық өнімді пайдаланады. Жиһаз ағаштарын Қостанайдан алдырса, басқа керек-жарақтарды өздері-ақ жасап алып жүр. Өйткені Ғалымның жұмыскерлерінің арасында темірден түйін түйген шеберлер де бар.
Ақтөбе облысы,
Мұғалжар ауданы