Қоғам • 04 Ақпан, 2021

«Menin armanym» жүректерге жылу сыйлайды

511 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда Алматы қаласында «Menin Armanym» корпоративтік қорының баспасөз-кон­ференциясы өтті. Ұйым өкілдері қор жұмысының алғашқы үш айының қоры­тынд­ы­ла­рын айтып берді. Қор денсаулығында кінәраты бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың ар­мандарын орындайды. Олардың басқа ұйымдардан ерекшелігі – сый­лық­тар бермейді не­месе емделуге қаражат жинамайды, керісінше балалардың ішкі қалауын­дағы ниетін орын­дауға көмектеседі.

«Menin armanym»  жүректерге жылу сыйлайды

«Menin Armanym» корпоративтік қоры – еліміздің əр өңіріндегі ауыр дертке шалдыққан науқас балалардың арман-тілектерін орындауға қолғабыс етеді. Осы орайда қор директоры Шамиль Дүйсенғазыұлы атқарылған жұмыстан хабардар етті.

«Біз бұл жобаны қолға алмай тұрып, ұзақ уақыт бойы еліміздің қайы­рым­дылық нарығын зерттедік. Өзде­ріңіз білетіндей, Қазақстанда қайырымдылық қорлары көп, алайда әлі бірыңғай жүйе орныға қоймаған. Әр қордың өзіндік ерекшелігі бол­ған­дық­тан, біз армандардың орындалуына жол ашқымыз келді. Осы мақсатта біз Түркияға барып, 40 жылдық тәжірибесі бар ұйым­ның тұжырымдамасын негіз­ге ал­дық. Бертінге дейін олар əлем­дегі 500 мың баланың армандарын орындаған. Елімізде мұндай алаң қалыптаспағандықтан, түрік əріптестеріміздің жұмысымен танысып, әрі қарай өз қорымызды құруға бел будық», дейді қор директоры.

Бүгінге дейін науқас 13 баланың қалауы жүзеге асырылған. Солардың ішінде көмей папилломатозының диаг­нозы қойылған Шымкент қала­сы­ның 8 жастағы тұрғыны Дамеля Тағайханованың кішігірім арманы орындалды. Оның арманы − есейгенде дәрігер болып, адамдар ауырмай, жарқын өмір сүруіне қолғабыс ету. Қор өкілдері Шымкент қаласының №6 қалалық емханасынымен келісе отырып, Дамеляның арманын жү­зеге асырды. Яғни емхананың дәрі­герлері оған шағын экскурсия ұйымдастырып, әртүрлі дәрігерлік құрал-жабдықтарды көрсеткен. Экс­кур­сия соңында дәрігерлер бола­шақ маманның қызығушылығын ояту мақсатында балаларға арналған меди­циналық жиынтықпен қоса, есте­лікке сыйлықтар табыстады.

Ал бас миының ісігі диагнозы қойылған Тұрсынбаев Бағланның болашақтағы арманы кәсіпкер болу екен. Өзі 16 жаста болса да, өмірге құштарлығы ерекше деп айтуға болады. Ол елімізге танымал әрі үздік кәсіпкер Сырымбек Таумен кездесті.

Кәсіпкердің бастамасы бойын­ша ол апта сайын Көлсайдағы бизнес-тренингке қатысқан. Сонымен қатар Бағлан «Altyn Kopir» нетворкинг кешінің қонағы болып және еліміздің ең үздік кәсіпкерлерімін жолықты. Сол күні оған «Yokohama» атынан арнайы сыйлық табысталып және қордың атынан естелік статуэткасы берілді.

Айта кетерлігі, бұл корпоративтік қорға кез келген адам ерікті болып жұмыс істей алады. Дегенмен қор басшысы еріктілерді бастапқы кезде психологиялық тұрғыдан дайындайтындарын тілге тиек етті.

«Біз оларды психологиялық тұр­ғы­дан дайындаймыз. Ең алдымен, қордың жұмысын бастамас бұрын қызметкерлерге эмоционалды көмек қажет екенін түсіндік. Сол себеп­ті оларға мотивация бере отырып, еріктілер құлшынысын оята білдік десек, қателеспегеніміз. Осындай процестерден өткеннен кейін ғана еріктілердің жұмыс ба­рысындағы кез келген қиындыққа төтеп бере алады. Мәселен, ал­ғаш­қы екі баланың арманын орын­да­ғаннан соң, олар да эмоционалды тұрғыдан қиын екенін түсінді. Сондықтан біз міндетті түрде ше­берлік сабағын өткіземіз. Осыған байланысты желтоқсан айының со­ңын­да олармен қосымша тағы онлайн шеберлік сабағы өтті», дейді Ш.Дүйсенғазыұлы.

Сондай-ақ ол шеберлік сабағына республиканың түкпір-түкпірінен жастар қызығушылық танытып, өздерінің белсенділігін көрсеткенін айтып өтті. Алдағы таңда супервайзерлерге бөлек шеберлік сабағы өтетінін қоса кетті.

Қазақстанда қатерлі дертке шал­дық­қан, емдеуге келмейтін ондаған мың науқас бала бар. Кейбіреуінің көрер қызығы санаулы: бірнеше жыл немесе бірнеше ай. «Menin Armanym» корпоративтік қорының бас­ты мақсаты − баланың моральдық жағдайын жақсарту үшін паллиативті жəне эмоционалды көмек көрсету, əр балаға күнделікті ауыр сырқаттармен күресу үшін жаңа серпін беру. Қазақ­станның кез келген азаматы жобаның демеушісі бола алады немесе еріктілер қозғалысына қатыса алады.