Пікір • 04 Ақпан, 2021

Тарихқа сыни көзқарас – тағылым басы

877 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тарихи сананың қалыптасуына қуатты қозғау салатын дүниелер тек рухани сабақтастықтың нәзік тінін өткенімізбен жалғап қана қоймай, ұлт тарихының бұралаң-бұлтарысты сәттерін объективті бағалауы тиіс. Қазақ хандығы тәуелсіздігінің ақырына жеткен себептерге терең үңілмей, оған тек сыртқы факторлар әсер еткендей біржақты баға беру, тарихты баяндауда өткенге қошемет білдірумен шектелу дұрыс үрдіс деу қиын. Тарих парақтарын сыни ой елегінен өткізу – одан тағылым алудың бірден-бір жолы.

Тарихқа сыни көзқарас – тағылым басы

Осыған орай тарих жадынамасына сын көзбен қарап, ақтаңдақтардың орын алуына себеп болған жайттар тұрғысында пайымдай алуымыз шарт. Біздің көшіміз­дің көрікті болуы тарих күнтізбесіндегі ұлттың ұстанымы, ұғымы, дүниетанымы секілді категориялардан сынықты, ақауды анықтай алуымызға тікелей байланысты. Кез келген мәселенің салдарын оның себеп­тері анықтайды. Елдің келешегіне алаң­дау тарихтың сындарлы шақтары, мемлекеттілікке төнген қауіптер, сол дәуір­дің ерекшеліктері туралы ой толғай білуді қажет етеді. Өйтпегенде, тарих тағы­лым алмағандар үшін қайталанады.  

Ұлтымыздың дүниетанымы көшпелі өмір салтына орай қалыптасты. Тұтас өмірі ат үстінде өткен көшпенді үшін бабалардан жеткен батырлық, бекзаттық, даналық туралы аңыз-әңгімелер мен жыр-дастан­дар жауынгерлігі мен ержүректілігін, намыскерлігін арттырып, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқын қалыптастырды. Батыр бабалар салтын сол күйінде қабылдау ұлт­тың кез келген даму сатысында бірге жүріп, «ат үстінде» өткен дәуір болмыс­ты ұйымдастырудың қалыптау, жасау, құрастыру секілді машықтардан  қи­сын іздемей, қолда барды ұқсату сынды дағ­дыларды жетілдіруге алғышарт болды. Солай көшпендінің тіршілігіне ар­қау болған мал шаруашылығымен бір­­ге өрілген дүниетанымы өмірдің бар­­лық сатысын қамтыды. Өйткені ал­ғаш­қы қарапайым санаға тұрмысты ұйым­­дастырудың қарабайыр формасы тән болатын. Сол себепті де кейінгі ұрпақ­тың тұрмыстағы, шаруашылық ұйым­дастырудағы әрекеттері алдыңғы буынның өмір сүру қалыбынан көп ерекшеленбей, керісінше кез келген өмір сатыларында оны тасымалдап отырды. «Аттың жалы, түйенің қомында шаруа шешкен бабалардың ұрпағымыз» деп мақтануымыз бекер емес. Өстіп жүргенде, білекке сенген заманның күні өтіп, тарих сахнасында жаңа қатынастардың белең алғанын бірлі-жарым тұлғалар сезгенмен, ұлттың әрі қарай ұйысуы бұрынғы қалпында қала берді.

Алтын орда ұлысының ойрандалуы көш­пенділердің жиһангерлік жорықтары­ның аяқталғанын білдіруімен қатар, өзін-өзі сақтау түйсігі сыртқы қауіп-қатерге жауап ретінде қорғаныс позициясына ­ауысты. Алайда бұл қазақ даласында бірде-бір қорған салу, шеп құру істеріне түрткі болмады. Ерте заман түркілерінің ұстаным қағидаларын бағдаршам еткен халқымыз ғұндардың ықпалымен салынған Ұлы Қытай қорғаны туралы «қорыққан қорған салады» деген тәмсілді санасында мықтап бекітіп алды.

Қазақ хандарының тұсында ешбір қала құрылысының жүргізілмеуі ел билеу­шілердің ұстанымындағы даңқты ата-баба­лардың көшпелі тұрмыс-салтын қалтқысыз сақтау мен олардың жауынгерлік идеал­дарына берілгендігін көрсетеді. Көш­пен­ділер ағысы күшті өзеннен өту үшін жазда бірнеше шақырым салып өткел іздесе, қыста судың қатуын күтті. Сон­ша мал әр жылда болатын мезгілдің қолай­сыздығынан шығынға ұшырап жатса да, оның алдын алуға бағытталған дайындық іс-шаралары жасалмады. Сол секілді, тартылған бидай ұны үшін Хиуа, Бұқар асуға тура келді. Бейнеті шаш-етек­тен келетін ірі қара малды ұстау шаруашы­лықта қолдау таппады.

«Ауруын жасырған өледі». Ұлттың дамудың жаңа кезеңіне өте алмауындағы басты себептің бірі ретінде даңқты ата-бабалар жолының саралығына сену, оны заман ағымына сай лайықтай алмауы ұлттың жасампаз қадамдар жасауына басты шектеу болған пайым-түсінік мәселесі деп қарауға болады. Күнделікті тұрмысында шаруашылық ұйымдастыруды жеңілдету, жетілдіру тетіктерін дамыту туралы қадам­дардың жасалмауы аталардан қалған көшпелі салттың тек артықшылығын көруден болған түсінікпен байланысып жатты. 

Орта ғасырда қазақ хандығының батысы мен шығысында отты қарумен құрсанған милитаристік саясат ұстанған көршілеріне қарсы қояр көшпелілерде атойлаған рухтан басқа мыңжылдықтар көлемінде өзгеріссіз бір қалпын сақтаған соғыс қаруы – садақ пен қылыш қана болды. Тарыла бастаған темір құрсау арасында қазақ хандарының дипломатиялық құралдан басқа тәсілі де қалмап еді. Бұлтаққа салу саясаты уақыт ұттыруға оң әсерін тигізгенмен, соңғы нәтиже өзгеріссіз қалғаны анық. Сірә, тарихтағы осы кезеңдер халық арасындағы зиялыларды бұрынғы өмір ұстындары туралы терең ойға салған мәселе болар. Әйтеке бидің сәтсіз аяқталған Хиуа, Бұқар, Қоқан хандықтарынан отты қару құятын ұста іздейтін елшілік сапарлары соған дәлел. Ықпалы күн санап өсіп келе жатқан Қытай мен Ресей, одан қалды жоңғар шапқын­шылықтары қайтсе елді сақтап қалу қамын күшейтті. Алайда күш тең емес еді.

«Қара қытай қаптаса, сары орыс әкең­­дей көрінер» – деген тәмсіл орта­ғасыр­дағы жоңғар ұлысын тұтас жұ­тып жіберген Қытай мен қазақ даласына сұғына еніп келе жатқан орыс бекі­ніс­терінің арасында қалған сергелдең уақытта айтылған болар. Осы тәмсілден-ақ, сол дәуірдегі ұлттың таңдауын аңғару қиын емес. Жоғарыда айтылған қысқаша баян біздің орыс бодандығын ерікті түрде немесе күшпен қабылдады деген дилеммаға кіріспей, ұлттың даму жолындағы қалыптасқан жағдай мен геосаяси теңгерімсіздік болмай қоймайтын қазақ хандығы тәуелсіздігінің ақырына алғышарт болды деген тұжырымға екпін түсіреміз. Жағдайдың бұлай болып қалыптасуы ұлттың тұрмыстық деңгейден мемлекеттікке дейінгі аралықта пайда болған мәселелерді шешуге тиіс жасампаз қадамдар қабылдауға итермелейтін мотив­тердің жеткіліксіздігінен болды деп айтуға болады. Қазақ халқының техникалық, кәсі­би дағдыларды меңгеруге, сынауға жет­кілікті мотивтерінің болмауы әрі қарай да жал­ғасты. Кеңес үкіметі тұсында бұл көптеген халықтарды теңестірген «кеңес адамы» идеологиясымен білінбесе, бүгінде тәуелсіз елдің әрбір атар таңында осыдан бірнеше ғасыр бұрынғы мәселе әлі де алдымыздан шығып отырады. Мемлекет қабылдаған бесжылдық мер­зімді қамтитын индустрияландыру бағдарламасы қомақты қаржылық демеу арқасында ғана белгілі бір межеге жете алды. Мұндай күрделі бастама негізінен төменнен қолдау та­уып, жүзеге асырылу керек еді. Тұтас ұлт мұндай өзгерістерге дайын болмай шықты.

Ойымызды қорытындылайтын болсақ, біздің ұлтымыз секілді тез бейімделгіш, білімге жаны құмар халық үшін табиғатты бағындыру, игеру, жарату дағдыларын жетілдіру ұлттық деңгейде жүзеге асырылуы керек. Білім беру ісінде қазіргі дизайн ойлау, модельдеу, жобалау және басқа да тұрмысты ұтымды ұйымдастыруға, жасампаз қабілеттерді дамытуға жол ашатын пәндер енгізіліп, төменгі сыныптан бас­тап, жоғары сынып табалдырығына дейін сүйемелденіп, оқушы қарапайым білімнен күрделі білімге сатылап жылжып отыруы керек. Ғылым иерархиясына сәйкес дизайн ойлау, модельдеу, жобалау пәндері табиғат философиясынан қисын іздеп, болмысты ұйымдастырудың ұтымды жақтарын іздеуге, пайымдауға жәрдемдеседі. Ұлттық текті түрлендіріп, күрделендіру санаға жол табудан басталады. Жаратылыстану ғылымдарынан олимпиада жеңімпаздарын шығаруға жасалған талпыныстар қажетті дағдыларды меңгерумен өтелмесе, білім­нің қолданбалы кезеңге өтуі тұралайды. Күрделі формулаларды жатқа соғатын үздік оқушының алған білімі өмірінде іс жүзінде кәдеге жараса, жетістік деп айтуға тұратын шығар. Адамзат өркениеті жерді алғаш мекендеген бір түпкітектің епті құрықты қолға алып, тал басындағы қол жетпес жемісті алақанына түсіргенінен басталмады ма. Біздің ұлтымызға білім беру ісінде жаңа дағдылар мен скилстерді үйретудің келешек үшін маңызы зор.

Даңқты ата-бабалар бағындырған белес­тер біздің өзді-өзі қанағаттану сезім­­­де­ріміздің өлшеміне айналмай, кері­сін­ше тарих ақ­таңдақтары ұзақ сапар­ға шы­ғар­дағы ұлттың компасы ретін­де айқын­далғаны жөн. Ұлттың дүниета­нымдық параметрлері үнемі эволюция­дан өтіп, уақыт тудырған түрлі сын-қатер­лерді еңсе­ре алатындай қабілетке ие болуы қажет.

 

Нұрғиса КӨШЕРОВ,

саясаттанушы