Медицина • 04 Ақпан, 2021

Вакцинаның әсері жақсы

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мен оның орынбасары Сәуле Сәдуақасова және бірнеше мәслихат депутаты Көкшетау №2 қалалық емханасында, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов, облыс әкімі аппаратының басшысы Азамат Қапышев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаров және тағы басқалары облыстық көпбейінді ауруханада ресейлік «Спутник V» вакцинасын алды.

Вакцинаның әсері жақсы

 

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, вакцина алған адамдардың жағдайы жақсы, ешбір өзгеріс байқалмайды. Екпе ектіру үшін келгендердің бәрі екпені алмас бұрын арнайы медициналық байқау кабинетінде дәрігерлік тексеруден өтіп, сауалдама толтырып, екпеге өз еркімен келге­нін растайтын құжатқа қол қо­йып­ты. Тексерістен өткен соң, ре­сейлік «Спутник V», яғ­ни ғы­­лыми-фармацевтикалық ат­ауы «Гам-ковид-вак» вак­ци­на­сын алды. Бір құты бес адам­ға дейін беруге жетеді. Ек­пе арнайы мұздатқышта бел­гі­ленген температурада сақ­талып, бөлме температурасымен ерітіліп, бірден беріледі.

Сонымен бірге үш күн бойы учаскелік дәрігер­лер вакцина алған адамға хабарласып, жағдайын біліп тұруы қажет. Егер індетпен ауырып тұрған адамдар болса, олар жарты жыл бойы вак­цина алмаулары тиіс. Қазақ­стандық вакци­на болсын, ресейлік болсын құ­рамы бір. Сондықтан қай­сы­сын алса да адамда індетке қар­сы иммунитет болады. Вак­­цина 18 бен 60 жасқа де­йін­гі адамдарға ерікті түрде бе­рі­леді. Жүкті және бала емі­зе­тін әйелдерге екпе алуға ты­йым салынады. Вакцинаны ал­ған адам көпшілік жерге бар­май, өзін оқшаулағаны абзал.

Бірінші күні вакцинаны 120 адам алды. Бұл ресейлік «Спутник V» препараты көрші мемлекетте жаппай егіліп жатыр. Облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаровтың айтуынша, вакцинаны ауруханада вирусты жұқтырып алу қауіптілігі жоғары медицина қызметкерлері алады. Аурухананың 73 қызметкері аталған екпені ерікті түрде алыпты. Вакцина егетін қыз­меткерлер алдын ала оқы­тылып, препаратты сақтап, қолданудың талаптарын сақтаған.

– Мен коронавируспен ауырған жоқпын, сондық­тан оған қарсы иммунитет қалыптастыру үшін вакцина алуға бел будым. Бұл екпенің басқа екпелерге қарағанда ешқандай айыр­машылығы жоқ. Жыл сайын тұмауға қарсы екпені баршамыз алып жүрміз. Басқа да ауруларға қарсы екпелерді алуға учаскелерімізге барамыз. Екпеден кейінгі жағ­да­йым жақсы. Мен өзім ма­ман­дығым бойынша мал дәрі­герімін, сондықтан иммунитет қалыптастыру үшін не ке­ректігін жақсы білемін. Бұл вакцина баршамызға керек деп ойлаймын, – деді об­лыс әкімінің орынбасары Ғалым­жан Әбдіхалықов.

Сонымен бірге Көкшетау қалалық №1 емханасында да екпе егу басталды. Бұл жерде об­лыстық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының орын­басары Нариман Сыз­дықов бастаған ондаған адам коронавирус жұқпасына қарсы екпе алды.

 

Ақмола облысы