Аймақтар • 04 Ақпан, 2021

«Қызметкерлер өз еркімен жұмыстан босауда»: Антисептиктен қайтыс болған қыздың өліміне кім кінәлі?

481 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарда жасөспірім қыздар уланған орталықтың 4 қызметкері жұмысынан босатылды. Бұл туралы онлайн өткен баспасөз мәслихатына Павлодар облысы Білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қызметкерлер өз еркімен жұмыстан босауда»: Антисептиктен қайтыс болған қыздың өліміне кім кінәлі?

«Өздеріңізге белгілі, 2 қаңтарда Павлодардағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында қайғылы жағдай болды. 3 қыз уланып, біреуі көз жұмды. Ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қыз. Ата-анасы құқығынан айырылған. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық кодекстің 371 бабына сәйкес (адам өміріне қауіп төндірген салақтық), тергеу амалдары жүріп жатыр», деді Дінислам Болатханұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта аталған орталықтың 1 медбикесі, 2 тәрбиешінің көмекшісі, күзетші жұмысынан кеткен. Орталық басшысы жұмыстан босату туралы өтініш берген.

«Бұл қызметкерлер өз еріктерімен жұмыстан босату туралы өтініш берді. Әрі қарай жұмыс істегілері келмейді», деді Дінислам Болатханұлы.

Уланған қыздар Павлодардағы облыстық өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына өткен жылдың қазан айында келген. Бір қыз әрі қарай Шығыс Қазақстан облысындағы «девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына» жіберілуі керек болған.

Айта кетейік, өткен жылы аталған орталықта бөлмелерге бейнебақылау камераларын орнату бойынша көпшілік арасында дау туған еді.

«Менің жатын бөлмелерде бейнебақылау камералары болған кезде бұл жағдайдың алдын алу мүмкін болар ма еді деген жеке ойым бар. Алайда, бұл мәселе өткен жылы резонанс тудырып, шешім бойынша камераларды алып тастағанбыз. Бірақ заң талабына сай орталықтың аумағы, дәліздер көрініп тұратындай камералар бар», деді Дінислам Болатханұлы. Сондай-ақ басқарма басшысы қыздардың антисептик ішіп уланғанына қатысты пікір білдірді.

«Балалар антисептик ішеді деген ешкімнің ойына үш ұйықтаса да келмейді. Алайда, антисептик барлық жерлерде қолжетімді орында тұру керек. Ол соған арналған. Кірген кезінде антсептикті қолданып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл сабақ болды», деді Дінислам Болатханұлы.

Павлодар облысында өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға арналған 2 орталық бар. Орталықтарда 73 бала тұрады. Павлодардағы орталықта – 29, Екібастұздағы орталықта – 44 бала бар. Орталыққа 3-18 жас аралығындағы балалар келеді. Орта есеппен әр бала орталықта 3-6 ай аралығында болады. Оған қоса, орталықта тұрақты болатын топ бар. Ол топта 10 бала бар.

Еске салайық, 2 қаңтар күні сағат 18:30-да облыстық балалар ауруханасына жедел жәрдеммен 2003 жылы туған қыз бала жеткізілген. Ол облыстық өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығынан ес-түссіз күйде жеткізілді. Қыз бала белгісіз заттың улы әсері диагнозымен түсті.

Бас миының ісінуімен жансақтау бөліміне жатқызылды. Интенсивті терапия басталды. Жасалған емдеу шараларына қарамастан сағат 20:00-де жүрегі тоқтады.