Кеше облыс әкімдігі үйінде бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың ХХІ кезектен тыс сессиясы болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов қатысты.
Кеше облыс әкімдігі үйінде бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың ХХІ кезектен тыс сессиясы болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов қатысты.
Сессияда облыс әкімінің қызметіне жаңадан тағайындалатын әкімнің кандидатурасына келісім беру туралы мәселе қаралды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жамбыл облысының әкімі қызметіне бұған дейін Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарып келген Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевты ұсынғанын жеткізді. Елбасы ұсынған кандидатты қолдап сессияға жиналған 27 депутат бір ауыздан дауыс берді.
Бұдан кейін Кәрім Мәсімов облыстың актив мүшелеріне Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаевтың Павлодар облысына әкім болып тағайындалғанын айтып, сөз кезегін оның өзіне ұсынды. Қ.Бозымбаев соңғы төрт жыл ішінде облыста атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, Әулиеата өңірінің меймандос халқын ешқашан ұмытпайтынын және әрқашан құрметпен есіне алып жүретінін жеткізді.
Бұдан кейін К.Мәсімов активке жиналғандарға Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығын оқып, Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевтың Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалғанын хабарлады. Елбасының Жамбыл облысына сапары кезіндегі тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді дер кезінде орындау керектігіне тоқталды.
К.Көкірекбаев Павлодар облысына әкім болып тағайындалған әріптесі Қ.Бозымбаевқа ақ жол тілеп, Елбасы тарапынан өзіне сеніп тапсырылған жауапкершілігі зор лауазымды қызметке алғыс сезімін білдіріп, сенімді ақтайтынын жеткізді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.