Экономика • 04 Ақпан, 2021

Тұтынушы құқығы тапталған: Банктер қандай заң бұзушылықтар жасап жүр?

988 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы ұйымдары клиенттердің мүддесі мен тұтынушылық құқығын аяқ асты етіп, бірқатар заң бұзушылық әрекеттерге жол берген. Нәтижесінде қаржы нарығын қадағалау және дамыту агенттігі тәртіпке бағынбағаны үшін қаржы ұйымдарына 127,3 млн теңгеге айыппұл салыпты.

Тұтынушы құқығы тапталған: Банктер қандай заң бұзушылықтар жасап жүр?

Қаржы ұйымдары дегенде, екінші деңгейлі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, коллекторлық агенттіктер және микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға агенттік тарапынан 253 әкімшілік жаза қолданылған. Тек банктерге қатысты 94 қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасы, 4 жазбаша ұйғарым, 75 әкімшілік жаза қолданылып, 38,8 млн теңге айыппұл салынған.

Банктер негізінен төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды орындаудың төлемдер туралы заңда белгіленген мерзімдерінің бұзылуы, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсету жөніндегі міндетті орындамау, БАҚ-та шындыққа сәйкес келмейтін жарнаманы жариялау, несие тарихы субъектілеріне қатысты дұрыс емес мәліметтерді беру, клиенттің келісімінсіз несиелік есеп алу жағдайлары бойынша кінәлі деп танылған.

Сақтандыру ұйымдарына қатысты 6 әкімшілік жаза қолданылып, жалпы сомасы 1,8 млн теңгеге айыппұл салынған. Бұл ретте микро қаржы ұйымдарына қолданылған әкімшілік жаза әлдеқайда көп – 165 әкімшілік жаза. Шағын қаржы ұйымдары шарт жасасу тәртіптерін жиі бұзады екен. Олар жалпы сомасы 85,1 млн теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Сонымен қатар микро қаржы ұйымдары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін көрсетпей, несие бюросына дәйексіз мәліметтер ұсынып, заң бұзушылықтарға жол берген.

Өз кезегінде коллекторлық агенттіктер де жазадан тыс қалмаған. Оларға қатысты 7 әкімшілік жаза қолданылып, 1,6 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.