Қоғам • 05 Ақпан, 2021

Келер деп күтемін өзіңді...

2015 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр қыста әлеуметтік желі арқылы Қызылорда қаласында аяқ астынан бір тұрғынның хабарсыз кеткені жайлы ақпарат тарады. Екінші ақпан күні таң алагеуімде әдеттегідей дария жағасына жүгіруге шыққан 72 жастағы кәсіпкерді содан кейін ешкім көрмеген. Полицейлер мәліметіндегі кезекті бір оқиға саналатын осы жағдайға ең алдымен еріктілер назар аударды, жұртшылықтан жәрдем сұрады. Жастар тобы құқық қорғаушыларға көмектесіп, айға жуық уақыт дария бойын сүзіп шықты, қалаға жақын саяжайлар аумағын аралады. Бірақ хабарсыз кеткен кәсіпкер сол күйі табылмады. Жалпы, азаматтардың із-түзсіз кетуінің басты себебі қандай? Айдың-күннің аманында отбасынан, ортасынан ажырап қалатындар неге көп?

Келер деп күтемін өзіңді...

Полицейлердің айтуынша, бұл мәселенің түбі талдың тамырындай тарамдалып жатыр. Мысалы, қазір әкенің зекігенін, шешенің ұрысқанын көтере алмаған бала бірден далаға безетін болған. Бір-бірімен келіспей қалған ерлі-зайыптылар да көбіне осы жолды таңдап жатады. Шаңырақта күн сайын қайталанатын ұрыс-керістен қажыған жасөспірім де өздігінен өмір сүрмекке ұмтылып, үйде жоқ жылуды сырттан іздейді. Біреуге қарыз болып, соны өтеу үшін өзге аймаққа барып жұмысқа жалданатындар да бар. Басқа қалада оқып жүрген баласы хабарсыз қалса да, әке-шешесі ең алдымен осы ішкі істер органына табан тірейтіні белгілі.

Қандай жағдай болса да полицейлер із-түзсіз кеткендерді іздейді. Ізі шық­ты деген хабар естілсе, өзге өңірге ісса­парға шығады, кейде сол жақтағы әріп­тес­теріне қолқа салатын кездері де бар. Әйтеуір, қалай болғанда да жоғалды дегендердің бір дерегін анықтап, отбасына оралуына мүмкіндік жасайды.

– Хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу 10 жылдан кейін тоқтатылады. Жо­ғал­ғандардың бір дерегі осы уақыт ішінде анықталып жатады. Ол мерзім өткен­нен кейін табылғандар әзірше жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, өзге мемлекет аумағынан ізі шыққандар кездес­кен жоқ, із-түзсіз кеткендер арасында елі­міздің басқа өңірінен табылып жат­қан­дар бар, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшиддин Әмитов.

Айтпақшы, әңгімеміздің басы кә­сіп­кер­дің жоғалуынан басталған еді ғой. Өткен жылы ақпан айының екісінде 1948 жылы туған сол азаматтың хабарсыз кетуіне байланысты қалалық полиция бөлімі іздеу салған, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі негізінде бір дерегін анықтау бағытындағы жұмыстар әлі жалғасып жатыр екен.

Былтырғы жыл соңында жұртшылық әлеуметтік желі арқылы облыс орталы­ғын­да 32 жастағы келіншектің жоғал­ғанынан хабардар болған еді. Туыс­та­рының айтуынша, хабарсыз кетерден бес айдай бұрын үшінші баласын босанған келіншектің аяқ астынан мі­не­зі тұйықталып, күйзеліске түсіпті. Үн­демеген күйі ұялы телефонын үйде қал­дырып, көшеге шығып жүре берген. Халық көп шоғырланатын жерлерге, маршрутты көліктерге суреті ілініп, республикалық телеарналардан көрсе­тіл­ді. Жоғалғанына екі айдан асып бара жат­қан отыз сегіз жастағы келіншекті із­деу бір сәтке де тоқтаған емес.

Хабарсыз кеткендерді іздеуге ерік­ті жастардың жәрдемі көп болып отыр. Қарапайым тұрғындардан алын­ған мәлімет бойынша да анықталып жат­қан­дар аз емес. Полицейлерге әлеу­мет­тік желі қол­­да­нушыларының көмегі тиетін де кезі болады.

Осыдан 2 жыл бұрын облыста 130, был­тыр 118 адам іздестіріліпті. Көбінің дерегі көп ұзамай-ақ анықталған. Қазір облыс полицейлері хабар-ошарсыз кеткен 48 тұрғынды іздестіру үстінде.

Кейде қарбалас тірліктің жан-жа­ғы­ңа мойын бұрғызбай, көп көрі­ніс­­ке көз тоқтатып қарауға мұрша бер­мейтіні бар. Аялдамада ілінген хабар­сыз кет­кендердің фотосына асығыс көз жүгір­тіп, көшедегі кезбелердің қасынан тезірек сытылып кеткіміз келіп тұратыны да бар.

Бір сәт тоқтап, айналаңызға көз са­лыңызшы. Жоғалған жақынынан күдер үзбей, келер деп күткен жанға сіздің де көмегіңіз тиіп қалар. Бәрі мүмкін, өйткені бұл өмір ғой...

 

Қызылорда