Былтыр облыстың ауылшаруашылық саласында нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлердің 10 ай ішінде 11,5 млрд теңгеге сатып алған техникасының саны 996 бірлікке жетті. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 21%-ға көп.
Өңірдегі фермерлерге «ҚазАгроҚаржы» компаниясы жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Былтыр лизингтік бағдарлама аясында 5 млрд 764,8 млн теңгеге 377 техника бірлігі алынған. Мұның басым бөлігі тракторлар болды. Айта кететін бір жайт, қарағандылық фермерлердің қолайына әсіресе Беларусь елінде шығарылатын МТЗ тракторы жағады екен: сапасы көңілден шығады, бағасы да қолжетімді. Бұдан бөлек өзіміздің Қостанайда құрастырылатын «Бюлер» тракторына және ресейлік К-700 сияқты алып техникаға да сұраныс жоғары.
Ауыл шаруашылығындағы көліктің төресі комбайн екені белгілі. Былтыр өңір диқандары 28 комбайн сатып алды. Қолы жеткендері америкалық «John Deere» комбайнын алса, таңдаудың басым бөлігі бағасы арзандау «Акрос» және «Вектор» техникаларына түскен. Айтпақшы, бұл комбайндар Қазақстанда құрастырылады.
Ауыл шаруашылығы жұмыстарына қажетті техниканы жаңалауда Нұра, Осакаров және Шет аудандарының фермерлері өзгелерден көш ілгері келеді. Мысалы, нұралық кәсіпкерлер жоспардағы 120 бірлік техниканың орнына 187-сін сатып алған. «ҚазАгроҚаржы» компаниясы Қарағанды облыстық филиалының басшылығы өңірдің шаруалары ауылшаруашылық техникаларын биыл да көптеп сатып аларына сенімді.
Қарағанды облысы