Аймақтар • 05 Ақпан, 2021

Балаларға абай болайық

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы тәуліктерде облыс «қызыл аймақтың» құрсауында. Сақ­тан­дыру бағытындағы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіл­генімен, қауіптің бетін қайтару әзірге мүмкін болмай тұр. Қаңтар айында өңірде 3 615 адам індет жұқтырды. Оның 253-і мектеп оқушысы.

Балаларға абай болайық

Қауіпті дерт қармаған оқу­шы­лар, негізінен Көкшетау қала­сын­да. Әзірге облыс орта­лығын­да­ғы 11 мектеп карантинге жабыл­ды. Осы орайда бірден айта кете­тін ұсы­ныс, қызыл аймақтың» қа­тері­­нен құтыла алмай тұрғанда бі­лім ошақ­тарындағы оқу-тәрбие жұ­мыс­тарын толығымен онлайн жү­йе­сіне көшірсек қалай болады екен? Соңғы тәулікте 20 оқушы ін­дет­ке шалдықты. Олардың дені мек­теп­ке барып білім алып жүрген балалар.

– Барлық білім ошақтары дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп, сақтандыру шараларына мұқият болғанымен, ахуал осындай болып тұр, – дейді Көкшетау қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлнар Жайлауова.

Бүгінгі таңда білім ошақ­та­рын­дағы жағдай шын мәнісінде алаңдатарлық. Өткен бір айдың ішінде жүзден астам оқушы «жаман тұмау» дертіне шалдығып отыр. Жалғыз оқушылар ғана емес, мұ­ға­лімдер де коронавирус жұқтырған.

– Оқу жылы басталғалы 243 оқушы­дан коронавирус анық­талды, – дейді Көкшетау қала­сының бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов. Талдау жасап қарасаңыз, осы балалардың 26-сы ғана онлайн жүйе арқылы бі­лім алған екен. Қалғандары мектептерде білім алған. Демек, қауіп оқу орнында көп деген сөз. Мысалы, бір білім ошағында дерт жұқтырғанын аңғармаған мұғалім бес бірдей сыныптың оқушысына сабақ берген. Соның салдарынан 100-ден астам оқушы карантинге жіберілді.

Облыс бойынша 38 білім беру мекемесі жабылды. Әсіресе, Сандықтау және Зеренді аудандарында қатерлі дертке шалдығу оқиғалары көп. Сондықтан, қауіп сейілгенше барлық білім ошақтары онлайн жүйесі арқылы жұмыс істесе, жас толқынға деген қауіп-қатер азаяр ма еді деген тілегімізді тағы бір қайталап айтуға тура келіп тұр.

 

КӨКШЕТАУ