Заман бір орнында тұрмайды, сынаптай сырғып буын артынан буын алмасады. Кезінде күллі дүниенің жартысын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған кеңес заманы келмеске кеткеннен кейін оның орнында жаңадан пайда болған мемлекеттердің басына талай саясаткер келді, талайы кетті. Көпшілігінің есімін жұрт жадынан шығарып та үлгерді. Дегенмен, елін тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бері басқарып келе жатқан, атағы алысқа жайылып, беделі бүкіл Жер шарын шарлаған, жеке-дара шың тәрізді тұлғалар да бар. Ол – тәуелсіз Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Заман бір орнында тұрмайды, сынаптай сырғып буын артынан буын алмасады. Кезінде күллі дүниенің жартысын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған кеңес заманы келмеске кеткеннен кейін оның орнында жаңадан пайда болған мемлекеттердің басына талай саясаткер келді, талайы кетті. Көпшілігінің есімін жұрт жадынан шығарып та үлгерді. Дегенмен, елін тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бері басқарып келе жатқан, атағы алысқа жайылып, беделі бүкіл Жер шарын шарлаған, жеке-дара шың тәрізді тұлғалар да бар. Ол – тәуелсіз Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Елбасымыздың басшылығымен еліміз тәуелсіздік жылдарында әлем таныған абыройлы мемлекетке айналды. Алдымен аузынан ажал шашқан алып сынақ алаңы – Семей полигонын жапты, әлемдік ядролық державалардың қауіпсіздік кепілдігін ала отырып Қазақстанды аждаһа қарудан біржола азат етті, осы арқылы әлемнің ең бақуатты, бай да қуатты елдерімен қатынастарды достық және өзара сенім арнасына салды. Елдің ішкі тұрақтылығы тұрғысынан оның Қазақстандағы әсіреұлтшылдыққа жол бермеуін, әлемнің барлық қиырына тарыдай шашылып кеткен қазақтарды тарихи отандарына қайтара отырып, оларға барлық көмекті жасай отырып, Қазақстан жеріне тағдырдың жазуымен қоныстанып, тұрақтап қалған басқа ұлт өкілдерінің де елден түңіліп, сыртқа ауа көшуіне жол берген жоқ. Себебі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – әлдеқашан тарих-таразының елегінен өткен, тек қазақстандықтардың ғана емес, барша адамзат баласының болашақ тағдырын айқындауға өзінің үлесін қосқан азамат. Тарих беттерінде кино өнері арқылы мәңгі жадыда қалуға лайық ұлы тұлға. Осы ретте «Қазақфильм» киностудиясы қолға алған «Елбасы жолы» фильмдер циклы – қазақ киносындағы ғана емес, Қазақстан тарихындағы, ұлт өміріндегі рухани зор құбылыс!
Туынды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолы, сондай-ақ, жастық шағынан сыр шерткенімен, фильмнің басты мақсаты – жастарымыздың ел азаматы болып қалыптасуына, оларды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулу. Елбасымыздың кең тарапты өмір атты жолындағы алғашқы жеңістері мен көңілі қалған сәттерін, жүректегі үміт оты мен арманға толы жан дүниесін әсерлі бейнелей отырып, оның тұлға ретінде қалыптасуын баяндайтын көркем фильм өзінің әсемдігімен көз тартады.
Фильмнің сценарийін белгілі кинодраматург Шахимарден Құсайынов және Рүстем Әбдірашев жазды. Сценарий бойынша екінші және үшінші фильмдерде 1950-жылдар аяғы мен 1960-жылдар кезеңіндегі оқиғалар қамтылады. Бұл кезде Елбасы комсомолдық жолдамамен Теміртау қаласындағы металлургиялық зауытқа жіберіліп, сонда жұмыс істейді, сол жақтан Украинаға оқуға жіберіледі. Днепродзержинскідегі екіжылдық оқуды тәмамдаған соң, Теміртау қаласына қайтып келіп жұмысын жалғастырады.
Фильм Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған Теміртау қаласындағы металлургия комбинаты аумағында түсірілген. Дәл осында Тұңғыш Президенттің еңбек жолы басталған. Ең бірінші шойынды алу, салтанатты шеру секілді кульминациялық көріністерін беру талпыныстары да дәл осы Теміртау қаласында жүзеге асты. Түсірілім жұмыстары, сонымен қатар, Қарағанды, Қаражал, Абай қалалары мен Ресей, Украина және Эстония мемлекеттерінде де жүрді. Жоба продюсерінің айтуынша, фильмнің қызықты сәттері көп, әсіресе, Н.Назарбаевтың Гагаринмен кездесуі және өзіне күмәнмен қараған америкалық журналиске күстенген алақанын көрсетуі, болашақ жарымен танысу үшін хор және би үйірмелеріне қатысуға мәжбүр болуы, тағы сол сияқты эпизодтар бас кейіпкер Сұлтан образын қарапайым халықтың адамы, еңбек адамы ретінде халыққа жақындата түседі. Басты кейіпкер Сұлтан рөлін Нұрлан Әлімжанов, әкесі Әбішті – Нұржұман Ықтымбаев, анасы Әлжанды – Наталья Орынбасарова, Сараны – Мәдина Есманова сомдайды. Ресейден арнайы шақыртылған Валентин Гафт, Виктор Сухоруков, Сергей Шакуров, Мария Голубкина сынды кино және театр майталмандары отандық актерлермен үйлесімді актерлік ансамбль құра білген. Әлбетте, образдардың нанымды әрі шынайы шығуы, біріншіден, режиссерге байланысты.
Айта кететін бір жайт, сценарий авторлары жазған әрбір сурет, әрбір көрініс, әрбір образ фильмнің алғашқы кадрын түсіруден әлдеқашан бұрын режиссердің көңіл экранында пісуі жеткенше қайталанып, июі қанғанша иленгені көрініп тұр. Аталған актерлердің де фильмнің жалпы көркемдік сапасын көтеруде шешуші рөл атқарғанына куә болдық.
Фильмде сан алуан образ, характер бар. Ең бастысы, герой бар. Ол – Сұлтан. Сол кезеңді қамтыған барлық оқиғаға Сұлтанның көзімен, танымымен қараймыз. Себебі, образ нанымды және шынайы.
«Елбасы жолы» циклын қазақ киносындағы соны леп деуге әбден болады.
Біріншіден, «Елбасы жолы» циклының «Отты өзен» және «Темір тау» атты фильмдері – қазақ киносында деректі-көркем фильм стилистикасында жасалған тұңғыш фильм.
Әр уақыттың өз талабы бар. Фильм, осы тұрғыдан, жаңашылдық қоғамға тың серпіліс бергендей көрінеді. Қоғамның, мемлекеттің дамуына айтулы ықпал жасаған тұлғаларды кеңінен насихаттау – қазақ киносындағы жақсы беталыс. Осылайша, өз көрермендеріміз ғана емес, әлем халықтары мойындайтындай деңгейде көркем бейнелерді қалыптастыра білуіміз қажет.
Әлі талай буын, талай ұрпақ нағыз мемлекетшіл адам, ұлтын сүйген ұлан, көреген саясаткер қандай болады деген сауалға жауап іздер болса, әрдайым Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық болмысына, азаматтық бейнесіне жүгінері даусыз!
Қорыта келе айтарым, «Елбасы жолы» циклы – соңғы жылдардың қазақ кинематограф саласындағы ең ірі әрі бірегей жобасы. Киносыншылар мен қалың жұртшылық ілтипатына бөленіп, оң бағасын аларына кәміл сенемін. Шарықтай бер, қазақ киносы!..
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты.