Қоғам • 05 Ақпан, 2021

Қоғам белсенділері гранттық механизмді жетілдіру бойынша заң жобасын әзірлеуге кірісті

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар және сыйлықақылар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талқылау бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қоғам белсенділері гранттық механизмді жетілдіру бойынша заң жобасын әзірлеуге кірісті

Жұмыс тобының құрамына азаматтық қоғам саласындағы сарапшылар, ҮЕҰ, халықаралық ұйымдардың басшылары және мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі гранттық механизмнің транспаренттілігін арттыру, межеленген гранттар жүйесін енгізу және тиімділікті бағалау бөлігінде заңнаманы жетілдіру бойынша негізгі тәсілдерді таныстырды.

Бірінші отырыста гранттық жобаларды қалыптастыру механизмінің мәселелері талқыланды.

Заң жобасын әзірлеушілер ҮЕҰ-дан, азаматтар мен сарапшылардан ұсыныстар жинау, қажеттіліктерді талдау және әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері негізінде проблемаларды саралау арқылы гранттарды «төменнен жоғарыға қарай» қағидаты бойынша қалыптастыруды қамтамасыз етуді ұсынады.

Сондай-ақ Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының (АБҚО) сайтында гранттар бағыттарын жария талқылау және уәкілетті орган жанындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің, осыған ұқсас өңірлік ҮЕҰ кеңестері мен қоғамдық кеңестердің отырыстарында талқылау ұсынылды.

Талқылау барысында Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева гранттық қаржыландыру механизмдерін жеңілдету және азаматтық бастамаларға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, гранттық жобалардың басты міндеті –жұмыстың нәтижесі мен сапалы орындалуы.

Өз кезегінде «Орталық Азияның Еуразия қоры» корпоративтік қорының атқарушы директоры Ринад Темірбеков тапсырыс беруші тек тақырып пен мақсатты айқындап, проблемаларды шешу тетіктерін ҮЕҰ ұсынған кезде гранттарға деген көзқарасты өзгерту қажет екендігіне баса назар аударды. Сондай-ақ Р.Темірбеков АБҚО ҮЕҰ мен азаматтардың ұсыныстарын зерделеу бойынша әдістемелік және талдау жұмыстарын жүргізетін ҮЕҰ үшін ресурстық орталық рөлін атқаруы тиіс екенін атап өтті. 

Қарағанды облысының Азаматтық альянсының басшысы Гүлнар Құрбанбаева гранттық жобаларды жоспарлау бойынша нақты ұсыныстар енгізді.

Талқылау барысында қоғам өкілдерінен көптеген ұсыныстар мен пікірлер түсті.