Қазақстан • 05 Ақпан, 2021

Былтыр еліміздің кәсіпорындарында жазатайым оқиғалар салдарынан 208 адам қаза тапты

860 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитеті мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «ҚТЖ» ҰК» АҚ) еңбек инспекциясы жөніндегі өңірлік басқармалар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ өңірлік бөлімшелерінің еңбек қауіпсіздігі бөлімдерінің басшылары және ел кәсіпорындарының 100-ден астам өкілдері үшін өндірістік қауіпсіздік жөнінде бірлескен кеңес өткізді.

Былтыр еліміздің кәсіпорындарында жазатайым оқиғалар салдарынан 208 адам қаза тапты

ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің қызметкерлері іс-шараның негізгі спикерлері болды.

Өз сөзінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Нұрғалиев статистика бойынша жыл сайын еліміздің кәсіпорындарында жазатайым оқиғалар салдарынан 1,3 мыңнан астам қызметкер мертіксе, олардың 200-ге жуығы қаза табатынын айтты. Өткен жылы зардап шеккендер саны 1,5 мың адамға жетті, ал қаза тапқандар саны – 208-ді құрады.

«Мемлекеттік бақылау нәтижелері анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтардың шамамен 28,8%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша екенін көрсетеді», – деп атап өтті Ербол Нұрғалиев.

Ол мемлекеттік еңбек инспекторларының деректері бойынша соңғы үш жылда (2018-2020 жылдары) теміржол көлігі кәсіпорындарында жарақаттану деңгейі 24,2% - ға (33 адамнан 41 адамға дейін), оның ішінде өліммен аяқталғандары 71,4% - ға (7 адамнан 12 адамға дейін) өскенін атап өтті.

Сонымен қатар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері «Өндірістік қауіпсіздік» интеграцияланған жүйесін таныстырды, онда компанияның әрбір қызметкері қауіпті факторларды тіркей алады және өндірістік қауіпсіздікті басқару бойынша барлық негізгі процестерді өзіне қоса алады.

Тұтастай алғанда, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында АТ шешімдерін енгізу жобасы өндірістік қауіпсіздікті басқарудағы абсолютті ашықтықты және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың бұзылуына нөлдік төзімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және еңбек қауіпсіздігі мәдениетінің деңгейін арттыру бағытындағы елеулі қадам болып табылады.

Сондай-ақ, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы өндірістік жарақаттануды төмендету үшін қабылданып жатқан, 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасын іске асыру және еліміздің 200-ден астам кәсіпорны қолдау көрсеткен «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету сияқты басқа да шаралар туралы айтып берді.

Сонымен қатар, іс-шара аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері өз қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту және еңбек қауіпсіздігін арттыру бойынша өз тәсілдерімен, соның ішінде ішкі процестерді жеңілдетуге және жеделдетуге арналған АT шешімдерімен бөлісті.