Суретті түсірген Ж.Құспанов
Отырыста қатысушылар алдында баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов заң жобасын әзірлеу мен қабылдаудың мақсаттары өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру мен іске асырудың тиімділігін арттыруға және елімізде өнеркәсіптің дамуына ықпал ету екенін айтты.
Жалпы заң жобасы бес бөлімнен тұрады, оны құқықтық реттеуде өңдеу өнеркәсібін дамытуға және экономикалық өсу көздерін әртараптандыруға баса назар аударылған. Тұтастай алғанда, әртүрлі мүдделі мемлекеттік органдар мен даму институттарының қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету үшін заң жобасында өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру және іске асыру мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үшін инфрақұрылым құруды көздеу ұсынылады.
Заң жобасын әзірлеу кезінде өнеркәсіпті дамыту үшін кедергілерді жою және оның салаларын ынталандыру тұрғысынан өнеркәсіптік саясат мәселелерін реттейтін өзге де заңдардың ережелері жетілдірілетін болады.
Заң жобасын қабылдаудың әлеуметтік-экономикалық салдарын атап өтсек:
- өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша шешімдер қабылдау кезінде мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестірудің тиімді жүйесін құру;
- елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті және жоғары технологиялық өнеркәсіпті қалыптастыру үшін нормативтік құқықтық негіз жасау;
- еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік тізбекті ұзарту және нарықты кеңейту, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтай отырып, өндірістік қуаттарды құру және қалпына келтіру, оңалған өндірістерді іске қосу мақсатында өндірістік объектілерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру), қаржылық-экономикалық сауықтыру, инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру үшін қолайлы жағдайлар жасау;
- инновациялық қызметті ынталандыру, инновацияларды тиімді енгізу және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту;
- өнеркәсіптік кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын және экспорттық әлеуетін арттыру;
- өнеркәсіптік кәсіпорындарға технологияларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруда жәрдем көрсету;
- өнеркәсіпте ғылыми-зерттеу базасын дамыту және оны өндірістік процеспен интеграциялау;
- өнеркәсіп саласындағы халықаралық ынтымақтастықта өнеркәсіп кәсіпорындарына жәрдем көрсету, оның ішінде өнеркәсіп мұқтажы үшін жоғары білікті кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық;
- Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі мақсатында өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғыртуды қамтамасыз ету;
- өнеркәсіптік кәсіпорындарды материалдық, қаржылық, еңбек және табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалануға ынталандыру, еңбек өнімділігін арттыруды, импортты алмастыратын, ресурс үнемдейтін және экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізуді қамтамасыз ету;
- қосылған құн үлесі жоғары өнім шығаруды ұлғайту және осындай өнімнің экспортын қолдау.
Осы аталғандар Қазақстанға жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, оларды болашақта ұлғайтуға да мүмкіндік береді. Нәтижесінде жалпы қазақстандықтардың әл-ауқатының деңгейі артады деп күтілуде.
Ал, осы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді.
Заң жобасын әзірлеу мен қабылдаудың мақсаттары әзірленіп жатқан негізгі заң жобасына сәйкес келтіру, сондай-ақ өнеркәсіп проблемаларын шешу және Жолдаудан туындайтын жекелеген тапсырмаларды іске асыру үшін өзге де заңнамалық актілерге нақты түзетулер енгізу болып табылады.
Оның ішінде, заң жобасы шеңберінде Кәсіпкерлік кодекске, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске, «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы туралы» заңдарға өзгерістер енгізіледі.
Отырыс барысында депутаттар заң жобасы бойынша жауапты мемлекеттік органның басшысына бірқатар сұрақтары қойып, пікір алмасты.
Аталған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, заң жобасымен одан әрі жұмыс істеу үшін Мәжілістің Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің мүшесі, депутат Ғалым Әміреев жұмыс тобына жетекшілік етеді.
Айта кету керек, отырысқа азаматтық қоғам, парламенттік емес саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдар өкілдері қатысып, бейне байланыс арқылы ашық диалог форматында өтті.