Қоғам • 06 Ақпан, 2021

СҚО-да 5 күн ішінде көлік басқару құқығынан айырылған үш мас жүргізуші ұсталды

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

СҚО-да 5  күн ішінде көлік басқару құқығынан айырылған үш мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

СҚО-да 5  күн ішінде көлік басқару құқығынан айырылған үш мас жүргізуші ұсталды

4 ақпанға қараған түні Петропавл қаласының патрульдік полицейлері Труд көшесінде “ВАЗ 2114” автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында 33 жастағы жүргізушінің бұрын масаң күйде көлік басқарғаны үшін үш жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Медициналық куәландыру нәтижесі оның тағы да алкогольдік масаң күйде екендігін көрсетті. Көлік салонында жолаушы болған. Ер адамдар ортақ таныстарымен ішімдік ішкендігін түсіндірді.

Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

– Бұндай жағдайлар сирек емес. Облыс орталығы мен М.Жұмабаев ауданында қаңтардың 30-ынан бастап осыған ұқсас тағы екі факт анықталды. Заң талаптарын елемеуге жол берілмейді. Патрульдік полицейлер осындай фактілерді анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Басқару құқығынан айырылса да, көлік тізгіндеп жүрген адамдарға айыппұл салынады немесе бас бостандығын шектеу, сондай-ақ өмір бойы жүргізу құқығынан айыру жазасы қолданылады.

Өткен жылы полицейлер көлік басқару құқығынан айырылған 72 мас жүргізушіге қатысты материалдарды сотқа тапсырған. Олардың 65-іне қатысты сот шешімі шығарылды. Төртеуінің көлік басқару құқығы үш жыл мерзімге шектелді. Ал 61 жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/sqo-politsejleri-5-kun-ishinde-kolik-basqaru-quqyghynan-ajyrylghan-ush-mas-zhurgizushini-ustady/