Экономика • 07 Ақпан, 2021

Қазақстан ОПЕК+ міндеттемесін орындауға дайын екенін мәлімдеді

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан ОПЕК+ халықаралық келісімі аясында өзіне жүктелген міндеттемелерді орындауға және бұдан бұрын артығымен өндірілген көлемдерді өтеу бойынша шаралар қабылдауға әзір. Бұл туралы энергетика министрлігі хабарлады.

Қазақстан ОПЕК+ міндеттемесін орындауға дайын екенін мәлімдеді

3 ақпанда бейнеконференция форматында ОПЕК+ министрліктері бірлескен мониторинг комитетінің 26-отырысы өткен. Онда өндірісті қысқарту бойынша қабылданған шаралардың арқасында әлемдік мұнай нарығындағы оң үрдістер аталған.

2021 жылы әлемдік экономиканың өсуі 4,4 пайыз деңгейінде болып, мұнайға деген әлемдік сұраныс тәулігіне 95,9 млн.баррельге жетпек. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда тәулігіне 5,6 млн баррель өсім болғандығын көрсетеді.

Сондай-ақ, желтоқсан айында келісімге қатысушы елдердің міндеттемелерін орындауы бойынша көрсеткіштердің жақсарғаны да айтылды: 101 пайыз, оның ішінде ОПЕК елдері – 103 пайыз, ОПЕК емес елдер – 93 пайыз.

Энергетика министрлігі бұған дейін хабарлағандай ОПЕК+ келісімі аясында Қазақстанның өз міндеттемесін орындауы 2020 жылдың желтоқсан айында 96 пайызды құраған. Желтоқсанда ел аумағында 5,9 млн тонна мұнай өндіріліпті. Ал қаңтар айында Қазақстан ОПЕК+ келісімін 111 пайызға орындаған.

Еске салсақ, мұнай өндірісін азайту туралы келісімді ОПЕК+ елдері алғаш рет былтыр сәуір айында жасасты. Мұндай келісім мұнайға деген әлемдік сұраныстың күрт төмендеп кетуіне байланысты іске асырылды. Келісім екі жылды қамтиды. Бірақ біртіндеп әр тоқсан сайын өндірісті ұлғайту жоспарда бар.

2021 жылдың 4-5 қаңтарында жасалған келісім бойынша Қазақстан ақпан айында тәулігіне 1,427 млн, ал наурыз айында 1,437 млн баррель мұнай өндіруге құқылы.