Руханият • 08 Ақпан, 2021

Өнердің өрісін тарылтып тұр

595 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Тарихи фильм түсірудің ең үлкен артықшылығы – өзге жанрдағы кинолармен салыстырғанда мемлекет тарапынан жасалатын қолдау мен бөлінетін қаржының әлдеқайда қомақты болатындығы. Яғни ұлт тарихын түгендеуге арналған жобаны қолға алған режиссерлерді өткеннің өнегесін бүгінге жеткізу мұратынан бөлек, фильмнің бай бюджеті де бейтарап қалдырмайтыны және анық жайт.  

Өнердің өрісін тарылтып тұр

Өйткені сапалы фильм жасау бюджет ахуалына тікелей қатысты мәселе. Дегенмен тарихи туынды түсіруге әркімнің-ақ таласы болғанымен, бағы жанатыны саусақпен санарлық қана. Сондықтан да болса керек, кино маңайындағы даулы оқиғалардың тым жиі өршіп тұратындығы.

Әрине, егер кино төңірегіндегі бар таластың төркіні тек өлмес туынды таспалаумен байланысты болса, құптарлық-ақ қадам болар еді. Бірақ көп жағдайда дау киноның көркемдік сапасы емес, бөлінген қаржының қолды болуымен тұтанып жататындығы өкінішті. Соның бірі – «Қасым хан» көп сериялы тарихи картинасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарыққа шыққаннан кейін-ақ, 2019 жылы 75 бөлімнен тұратын «Қасым хан» тарихи сериалын түсіруге қызу дайындық жұмыстары басталып кеткен болатын. Тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен қалған дана ел билеушінің кинодағы көркем келбетінен рухани ләззат алуды көзіқарақты көрермен де асыға күткен. Алайда сүйінші жаңалықтың соңы үлкен дауға ұласып, Мәдениет министрінен бастап түсірілімге қатысты топты біраз сарсаңға да салғаны бар. Даудың басы – даңқты қолбасшы жайлы фильмді түсіруге Түркиядан режиссер шақырылудан басталған. «Ұлт тарихы туралы туындыны ұлттық режиссер түсіруі керек» деген желеумен, түсірілім жұмыстары уақытша тоқтап, режиссер Метин Гюнаймен келсімшартты тоқтатуға тура келді. Сөйтіп, кинодағы бұл даулы оқиғаның соңы бейбіт шешілгендей болып, ұлы хан туралы фильм түсіру жауапкершілігі «Қасым ханға» дейін «Жаужүрек мың бала», «Томирис» секілді бірнеше тарихи фильм түсірген тәжірибесі ескеріліп, «Қазақфильм» киностудиясының президенті, режиссер Ақан Сатаевқа жүктелген еді.

Тарихи туынды төңірегіндегі дауға осылайша нүкте қойылып, сең енді орнынан қозғалды-ау дей бергенде «жер астынан тағы да жік шықты». «Қасым хан» тарихи сериалының бюджетінен 30 миллион теңге сомасындағы қаражат қолды болды. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Мырзахан Жақсылық мәлім етті. Заңды өкілдің хабарлауынша, «Қасым хан» тарихи сериалының түсірілімінде 30 миллионға жуық теңге сомасындағы бюджет қаражатының ұрланғаны дәлелденді. Келтірілген залал сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде толық көлемде өтелген. Сот ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша К.С.Ахметов пен өзге заңды тұлғаларды кінәлі деп танып, заңды түрде құқықтық жауапкершілікке тартылды. Яғни сот шешімі бойынша «Қазақфильм» акционерлік қоғамның «Қасым хан» киножобасының экс-директоры К.Ахметов екі жылға сотталса, осы іске қатысы бар тағы екі қызметкердің бас бостандығы үш жылға шектеліп, оларға 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.

Түсірілім жұмысының алғашқы кезеңінде-ақ осындай қомақты қаржы қолды болып жатса, демек фильм айналасында жүргендердің көкейін өлмейтін өнер тудыру емес, фильм түсіріліміне мемлекеттік бюджеттен бөлінген 11 миллиард теңгеден барынша пайда көріп қалу пиғылы дендегені ғой деген ой түйгізеді амалсыз. «Саф сұлу өнер көңілі бықсық адамнан тумайды» деген ұлы Абай даналығын ойға алсақ та, бүгінгі ұлттық киномыздың бет-бейнесі өз-өзінен айқындалып шыға келетіндей. Әлбетте, өкінішті жайт.

Өкініштісі, бұл ұлттық кинематография айналасында тұтанып жатқан алғашқы дау емес. 2006 жылы 40 млн АҚШ долларына түсірілген «Көшпенділер» фильмі жарыққа шыққаннан кейін айтулы туынды сын садағына ілініп, әлі күнге дейін мойындалмай келеді. Мұнда да картинаның көркемдік сапасынан бұрын ең әуелі түсірілім барысындағы есепсіз ысырапшылдық сөз болады. Сол секілді осыдан екі-үш жыл бұрын өршіген «Феникс» фильмі бюджетінің қолды болуына қатысты өршіген дауды да көзіқарақты көпшілік ұмыта қойған жоқ. Осы мысалдардың өзі-ақ бүгінгі кино әлеміндегі көп былықтың шетін шығарып беретіндей.

Мұны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сұхбатында жақсы көтеріп: «Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай», деп ұлттық фильмдердің қаржылық жағдайы мен түсірілім сапасы арасындағы алшақтықты мысалға ала отырып, бүгінгі ұлттық кинематографияның аяқ алысына көңіл толмайтындығын жеткізген болатын.

«Қасым хан» туындысының айналасынан өршіп жатқан бұл қылмыстық оқиға Мемлекет басшысының ұлттық кино төңірегінде айтқан сынын және қалыңдата түскендей. Өйткені біздегі түсіріліп жатқан тарихи фильмдердің дені бастапқыда дабырлап, атойлап басталғанымен, іс соңында көп жағдайда деңгейі көркем фильм талабынан әлдеқайда алшақ, насихаттық баяндау тәсілінен ұзай алмаған шалажансар дүние болып аяқталып жатады, өкінішке қарай. Не болмаса әлдеқашан құпиясы ашылып қойған Голливуд фильмдерінің айна-қатесіз көшірмесі болып ортамызға оралады. Оған көзіміз де, етіміз де әбден үйреніп кеткендей. Ешкімге еліктемей, өнер әлемінде өз сүрлеуін салған нағыз ұлттық фильмді күтумен жүріп үміт те үзілуге шақ қалғандай. Олай деп ой түюімізге тәуелсіздік жылдары түсірілген тарихи туындылардың көркемдік сапасы дәлел. Ал мұның себебі мен салдарын режиссер Ермек Тұрсынов төмендегіше тарқатып көруге тырысты:

– Өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи фильмдер төңірегінде дұрыс әңгіме айтты. Бұл біздің еліміз үшін, жас ұрпақ үшін керек. Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары кино айналасында көптеген қылмыстық іс қозғалды. Одан бұрын Кино орталығына қатысты Гүлнәр Сәрсенова да біраз дауға қалды. Бұл орталықтың да жемқорлықтың ордасына айналғанын естідік. Мұның бәрін Мәдениет және спорт министрлігі біле тұра ешқандай қорытынды шығармаса, бұл жағдай өзгермейді. Президент айтудай-ақ айтты, бірақ жағымсыз оқиғалар болып жатса, қандай тұщымды кино өмірге келеді? Тағы бір айта кетерлік жайт – бізде Ақан Сатаевтан басқа режиссер қалмаған ба? «Жаужүрек мың баланы», «Томиристі» түсірді. Мәселен, бұл фильмдер менің көңілімнен шыққан жоқ. Ешқандай көркемдік ізденіс көрмедім. Мұндай киноны 20-30 жыл бұрын көріп қойғанмын. Голливудтағы режиссерлер баяғыда түсіріп тастаған. Яғни бұл екі фильмде Батыстың киноларына еліктеушілік қана бар. Сонда Ақанның көрермені екінші сұрыптағы адам болып есептеле ме, білмеймін. Көрерменді сыйлау керек емес пе? Қомақты бюджет қаржысы жұмсалған соң «Осы жолы жақсы кино түсірілетін шығар» деп күтеміз. Ал оған әлгіндей түкке тұрмайтын фильмді түсіреді. Бұл кімге керек? Осындай тақырыпты неге басқа режиссерлерге ұсынбайды? Киногер ретінде, Киногерлер одағының бірінші басшысы ретінде билікке осы сұрақты қояр едім. Бізде режиссерлер жоқ па? Бәріміз бір Ақан Сатаевқа қарап қалдық па?!. – деп ашына сөйлеген режиссер, «Қазақфильмге» басшы болып тағайындалған адам заңды белден басып, миллиардтаған бюджеті бар фильмді өзі ала бермей, өзге режиссерлердің де шығармашылық қарымын көрсетуіне мүмкіндік бергені дұрыс деп есептейді.

– «Қазақфильмге» президент болып келген екен, ендеше ең әуелі барлық күш-жігер сол мекеменің жағдайын түзеуге бағытталуы керек емес пе? Ал режиссер болғың келсе, басшылықты түбегейлі тастап, тек қана өнермен, шығармашылықпен айналысқан жөн. Сатаев бюджеті миллиардтаған фильмдерді неге өзі түсіргісі келеді? Қалған режиссерлерді неге ойламайды? Қазақстанда кино түсіріп жүрген жалғыз Ақан Сатаев емес! Айсұлтан Сейітов, Жанат Алшанова деген дарынды жас режиссерлер бар. Осындай талантты жаңа есімдердің шығуына, көтерілуіне көмектесу керек, – дейді Ермек Тұрсынов.

Осы сарындас пікірді бізге берген бір сұхбатында ұлттық режиссураның ақсақалы Сатыбалды Нарымбетовтің де аузынан естіп қалып едік:

– Менің режиссер ретіндегі арманым – Кенесары туралы фильм түсіру. Мұны өмір бойы армандап келемін. Ал оны ақиқатқа айналдыру үшін маған кемінде 40 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат керек. Бірақ оны кім қолдап жатыр? Бұл Голливуд туындыларымен салыстырғанда әлдеқайда аз қаржы. Америкалық киностудиялар бір фильм түсіру үшін ең аз дегенде 180-200 млн АҚШ долларын жұмсайды. Әлбетте, оны біздегі жағдаймен салыстыра алмайсың. Бірақ, десе де, жиып-теріп жоқтан бар жасамай, барлық рухани мүмкіндік пен материалдық жағдайды тікелей сол туындыға бағыттап, көркемдік талаптарға жауап бере алатын, бастысы әр кадрынан ұлттың иісі аңқып, өз үні шығып тұратын ұлттық бағыттағы таза қазақы тарихи фильм түсіргім келеді. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмейді, қиялды байлайды, – деп Сатыбалды Нарымбетов ішкі режиссерлік сырымен бөліскен еді.

Иә, арманға адал болып, өнерге риясыз қызмет ету һәм сол арманын адалынан жүріп ақиқатқа айналдыру – бұл ұлтқа, ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етудің үлкен бір тармағы болса керек. Бірақ ол мұратқа жету жолында пенделігін жеңіп, азаматтығын сақтай алатын суреткерлер сирек. Әйтпесе, бір ғана «Қасым ханның» түсіріліміне бөлінген 11 миллиард теңгеге қайталанбас өнер туындысын жасауға барлық жағынан тамаша мүмкіндік бар еді. «Әттең!» дейсің амалсыз.

Ұлттық өнердің дамуына кинодағы коррупция ғана тежеу болып тұрған жоқ, мұндай түйткіл, дау-дамай, қылмыстық оқиғалар «хас сұлудың көз жасындай мөлдір әлем»  театрдың да абыройына өз салқынын тигізуде. Осыдан аз уақыт бұрын Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы облыстық сазды драма театрының директорына қатысты қозғалған қылмыстық іс театр әлемінің де тұнығы лайланғанын көрсетіп берді. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Әйтсе де бір құмалақтың бір қарын майды шірітетінін де ұмытпағанымыз абзал.

Иә, мемлекет қаржысын талан-таражға салғандар театр саласында да бой көрсетуде. Соның бірі – Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрдың бұрынғы директоры Нұрнияз Мұқанов бюджеттің қаржысын жымқырды деп айыпталды. Театр басшысы қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, жұмыс істемейтін танысының есепшотына бір жылдан аса уақыт бойы заңсыз жалақы аударып келген. Салдарынан мемлекет бюджетіне
1 млн 402 мың теңге көлемінде шығын келген. Сөйтіп, «өлі жандарды» қаржылық қолдаған театр директоры қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда бекітілген 3 жылдық жазасы айыппұлмен алмастырылып, мемлекетке келтірілген шығынды он есе мөлшерде қайтаруға, яғни 14 млн 21 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметке оралуына тыйым салынды.

Бұл театр әлеміндегі бір ғана былық емес. Шулы оқиғаға дейін елордалық М.Горький атындағы академиялық облыстық драма театрының бұрынғы директоры да жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражатты жымқырды деген айыппен қызметтен шеттетілсе, осыдан біраз бұрын Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының экс-басшысы Нұрлан Сыдықов, М.Әуезов театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләл да парамен ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Мұның барлығы өнердің өрісін тұралатқан өрескел жағдай ретінде театр тарихының беттерінде дақ болып таңбаланып қалды.

Өнердің тегі – тазалық, пірі – талант, өзегі – еңбек десек, бүгінде сол бір кіршіксіз әлемнің әсемдігіне нұқсан келтіріп жатқан мұндай жағдайлар, яғни өнердегі коррупция саф өнердің абыройын аласартып, дамуына тұсау болғаны рас. Тазалық пен адалдық ұялаған мекенде ғана нағыз өнер туары хақ. Хакімнің сөзіне қайта оралсақ, саф сұлу өнердің көңілі бықсық ортада тумайтынын естен шығармасақ екен. Өйткені өнердің тіні нәзік, үзіліп кетуі мүмкін...