Әлем • 08 Ақпан, 2021

Қытайдың мүддесі мүлт кеткендей...

1371 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Келесі аптада Қытайдың бастамашылығымен «17+1» форматындағы саммит өтпек. Шығыс және Орталық Еуропа елдері қатысатын бұл жиынның у-шуы бітер емес. Таяуда Балтық жағалауы елдері аталған іс-шараға аса мән бермейтінін аңғартты.

Қытайдың мүддесі мүлт кеткендей...

 

Мәселен, Эстония мен Литва саммит­ке ел басшылары бармайтынын мәлім­деді. Сарапшылардың пайымдауынша, Балтық жағалауы елдерінің бұл қадамы Қытайдың өңірдегі ықпалына нара­зылықты білдіреді. «Қазіргі таңда «17+1» саммитіне Литва президент не премьер-министр деңгейінде қатыс­пайды», деді Литваның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілдігінің баспасөз хатшысы.

Эстония үкіметінің хабарлауынша, жиынға сыртқы істер министрі Эва-Мария Лииметс қатыспақ. «Біз Еуро­палық одақтың «27+1» форматын дұрыс көреміз және Қытаймен ара қаты­насы­мызды Еуропалық одақтың ортақ саясатымен реттегіміз келеді», деп хабарлады Эстония премьер-министрінің кеңсесі.

Саммитке Латвия премьер-министрі­нің қаты­сып-қатыспауы да екіталай. Оның баспасөз қызметі таратқан ақ­паратқа сүйенсек, кездесуге жоғары дең­гейлі басшылардың бару мүмкіндігі әлі де талқыланып жатыр.

Алдағы аптада өтетін саммиттің форматы әу басында, 2012 жылы «16+1» ретінде құрылған-ды. Оған Орталық және Шығыс Еуропаның 16 мемлекеті қатысатын. Кейінірек, 2019 жылы осы платформаға Грекияның қосылуымен «17+1» болып өзгерді. Бұл бастамаға Еуро­­палық одаққа мүше Болгария, Хор­­ва­тия, Чехия, Мажарстан, Польша, Румы­­ния, Словакия мен Словения қосылған.

Аталған формат құрыла сала, қарт құрлық саясаткерлерінің сынына ұшырады. Сарапшылардың пайымдауынша, осындай тәсіл арқылы Бейжің билігі «бөліп ал да, билей бер» саясатын қолданбақ.

Мұндай қауіп бекерден-бекер туындап отырмаған сияқты. Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейін қарт құрлық демо­кратиялық батыс және социалистік шы­ғыс блок болып бөлінгені мәлім. Кейі­ні­рек екі тарап ортақ келісімге қол жет­кіз­ген. Бірақ Қытайдың ықпалымен Еуро­па тағы екіге қақ жарылуы мүм­кін. Са­рап­шылар Қытайдың араласуы құр­лық­тың тұрақтылығы мен қауіп­сіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептейді.

Мұның бірнеше себебі бар. Бірін­шіден, Бейжің Еуропалық одақтың қатал ережелеріне бағынбай-ақ, бірқатар мемлекетпен сауда-экономикалық байланысын нығайтады. Екіншіден, «17+1» процесіне қосылған елдер Қытай үшін Батысқа ашылған қақпа іспетті.

Бастапқыда аталған платформа дос­тық, ортақ пайда және Қытай мен Еуро­палық одақтың тиімді стратегиялық әріптес­тігін көздейтіні айтылған. Деген­мен Орталық және Шығыс Еуропа елдері келісімнің түпкі мәнін дұрыс ұғынбаған тәрізді. Өйткені «17+1» процесіне мүше мемлекеттер Қытаймен ЕО ережелеріне сай әрекет етпейді. Есесіне, әр ел Бейжің билігімен жеке-дара екіжақты қарым-қатынас орнатуға тиіс. Нәтижесінде, келіссөздер кезінде қарт құрлықтағы мемлекеттердің мүддесі ғана емес, Бейжің билігінің дегені де жүреді. Бұл өз кезегінде Қытай үшін өте қолайлы.

Үшіншіден, Қытайдың Шығыс Еуропадағы саяси беделі арта түспек. «17+1» процесі арқылы Қытай халық­аралық аренадағы жақтаушылар санын арттыра түсті. Мысалы, 2017 жылы Қытайдағы заңгерлердің азапқа тартылуы туралы Еуропалық одақ елдерінің ортақ келісімін Венгрия тарапы қабылдамай тастады. Сондай-ақ Грекия БҰҰ Адамзат құқығы кеңесі­нің Қытайды айыптауын ЕО мәлім­деме­сіне енгізуге қарсы болды. Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде де Мажарстан мен Грекия Қытайдың сойылын соқ­ты. Нә­ти­же­сінде, дауға қатысты қабыл­данған қарарда Қытайдың аты аталған жоқ.

Мұның бәрі Батыс Еуропа елдерінің «17+1» процесіне қауіппен қарауына себеп болып отыр. Оның үстіне, қазіргі таңда қарт құрлықтың Қытайға қырын қарап тұрғаны мәлім. Естеріңізде болса, былтыр қыркүйекте Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Еуропалық одаққа мүше бірнеше мемлекетке жұмыс сапарымен барып, оңбай «таяқ жеп» қайтқан еді. Италияға сапары кезінде Ван Иге Гонконгтың автономиялық мәртебесі мен ондағы халықтың азаттығы туралы сұрақ қарша борады. Парижде қарт құрлықтың дипломаттары Бейжіңнің мұсылмандарды қудалау саясатына алаңдаушылық білдірді.

Германияда журналистерге сұхбат беріп тұрған Ван И Чехия Сенатының прези­денті Милош Выстрчилдің Тайвань­ға барған сапарын сынға алған-ды. Оның айтуынша, Чехия осы қадамы арқы­лы Қытайға сатқындық жасап, 1,4 мил­лиард қытайлықтың жауына айналды. Сондай-ақ дипломат Чехия осы әре­кеті үшін жауап беретінін де жет­кізді. Дипломат И-дің Еуропа аумағын­да тұрып, қарт құрлықтың өкіліне сес көрсетіп, астамсып сөйлеуі Германия­ның сыртқы істер министрі Хэйко Маас­қа ұнаған жоқ. Өзіне сөз кезегі тигенде Маас қытайлық әріптесінің үркі­туін негізсіз деп айыптап, оны тыйып тас­тады. Бұдан бөлек, 5G технология мәсе­ле­сінде де ЕО Қытайға жылы қабақ танытпады. Huawei компаниясының қарт құрлықтағы нарыққа енуі қиындай түсті.

Еуропаның «17+1» форматына алаңдауының тағы бір себебі бар. Бүгінге дейін Қытайдың Шығыс және Орталық Еуропаға салған инвестициясының көлемі 8,6 миллиард доллардан асып кеткен. Әлі де инвестиция тартыла береді. Бірақ Қытай Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне инвестиция құятыны жөнінде үйіп-төгіп уәде берсе де, оны орындауға асықпайтын сыңайлы. Деректерге сүйенсек, өңірдегі Қытай инвестициясының көлемі айтарлықтай көп емес. Мәселен, Си Цзиньпин 2016 жылғы сапарында бір жыл ішінде 3 миллиард доллар еуродан астам инвестиция әкелетінін мәлімдеген болатын. Бірақ аталған сома айтылған күйінде қалды.

Бұдан бөлек уәде етілген бірқатар инвестиция Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің қоржынына түскен жоқ. Жоғарыда «17+1» форматына мүше мемлекеттерге құйылған қаржының көлемі 8,6 миллиард долларды құрайтынын айттық. Салыстырып қарасақ, Қытай бүгінге дейін аталған форумға мүше емес Финляндияға 12 миллиард еуро, Нидерландқа 10,2 миллиард еуро инвес­тиция салған.

«Осыдан-ақ Қытайдың қаншалықты уәдеге берік» екенін аңғару қиын емес. Бейжің билігінің басты мақсаты – экономиканы саясаттандыру сияқты. Ендеше, экономикалық әріптестікті желеу еткен Қытай Еуропадағы ықпалын күшейте түсті деп айтуға толық негіз бар.

Қытай уәде еткен қаражатты форумға мүше мемлекеттерге берген күннің өзінде оның тигізер теріс әсері жетерлік. Жалпы, Бейжің билігі шетелге қаржы құйып, өз дегенін орындатуға тырысып жү­ргені белгілі. Johns Hopkins атындағы халық­аралық мектептің деректеріне сүйенсек, Африка мемлекеттерінің Қытайға берешегі 143 млрд долларға жеткен.

Халықаралық қаржы қорының мәліметіне сүйенсек, Африкадағы кедей елдердің жартысына жуығы Қытай­ға борышкер. Ал Гарвард бизнес мек­тебі Бейжің берген қаражаттың 50 па­йызы көпшілік назарынан тыс қа­лып, нақты сома екі ел билігіне ғана мәлім екенін айта­ды. Дегенмен «қара құрл­ықтың» Қытай­ға қарызын дөп басып айту қиын. Өйт­кені Бейжің билігі екі­жақты келі­сім­де көрсетілген сандарды сыртқа жа­рия етпейді. Жалпылама мәлі­мет бергені­мен, ресми құжатта не жазыл­ғаны бір Құдайға, сосын Қытайға ғана аян.

Бейжің «жұмсақ саясат» қолдану арқылы Африкадағы саяси ықпалын күшейтуінің астары бар. Мұндай қадам – тікелей экономикалық пайда әкелмесе де, әлемдік шахмат тақтасында қажет гамбит. «Қара құрлықта» 50-ден астам мемлекет бар. Олардың бәрі БҰҰ, Халықаралық олимпиада комитеті секіл­ді халықаралық ұйымдарға мүше. «Күл­шелі бала сүймекке жақсы» демек­ші, олар шартарапқа белгілі ұйым­дарда Қытайдың сөзін сөйлеуі қажет. Кедей, бай екеніне қарамастан, әр мемлекет – бір дауыс. Ендеше, «су ішкен құдығына түкірмейтінін» Бейжіңге қарыз елдер де, Қытай да жақсы түсінеді.

Бейжің ақшалай қарыз беріп, оның орнына елдегі стратегиялық маңызды нысандарды алуы мүмкін. Бұлай деп айтуымыздың өзіндік себебі бар. Бірнеше жыл бұрын Шри-Ланка билігі Қытайдан 1,1 млрд доллар инвестиция тартып, Хамбантота портын салған еді. Алайда Шри-Ланка борышын уақтылы өтей алған жоқ. Ақырында оны кешіру мақсатында стратегиялық маңызды портты Қытайға 99 жылға жалға берді.

Қорыта айтқанда, Қытай Еуропа елдерімен қарым-қатынасын жақсартып, «жұмсақ саясатын» қолдануға тырыс­қаны­мен, қарт құрлықтың мұндай айла-шарғыға көне қоюы екіталай. Балтық жағалауы елдерінің алдағы саммитке ел басшылары бармайтыны туралы мәлімдеуі жиынның маңызын түсіреді. Қысқасы, Еуропалық одақтың да бір саусағы бүгулі екенін аңғару қиын емес.