Аймақтар • 08 Ақпан, 2021

Алматы облысы Сарқан ауданында жел электр стансасы салынады

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сарқан ауданында жел электр стансасы салынады. Бұл жөнінде аудан әкімі Талғат Қайнарбеков тұрғындармен алдындағы есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы облысы Сарқан ауданында жел электр стансасы салынады

Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Лепсі ауылдық округіне қарасты аймақта «Абай 2» ЖШС қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр стансасын салмақ. Жобаның инвестициялық көлемі 19 млрд 400 млн теңгені құрап отыр, онда 50 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Сонымен қатар «Басқан пауер» ЖШС қуаттылығы 4,2 МВт және 4,8 МВт болатын су электр стансалары құрылысының жобасын іске асыра бастады. Оны жүзеге асыру үшін жеке қаражаты есебінен 11 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Сарқан ауданының 2021 жылға арналған жоспарлары мұнымен шектелмейді.  Черкасск а/о Қарғалы ауылында «AZIA GOLD» ЖШС дәрілік шөп өндіру кәсіпорнын ашуды көздеп отыр. Жобалық құны – 442 млн теңге. Кәсіпорын 35 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды.

Ауыл шаруашылығы бойынша Амангелді ауылдық округінде «BASKAN RIV» ЖШС жобалық құны 1 млрд теңге болатын 10 мың аналық басқа арналған қой шаруашылығы кешенін салуды жоспарлап отыр.

Аудан туризмді дамытуға да басымдық бермек. Осы орайда Балқаш көлі жағалауының инженерлік коммуникациялар желісіне жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр.

«Бүгінгі күнге Балқаш көлінің жолдарының жөндеу жұмыстарына 200,0 млн теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін 13 млрд теңге инвестиция тарту және 7 мың адамға жаңа маусымдық жұмыс орындары ашылады деген жоспарымыз бар», деді Сарқан ауданының басшысы Талғат Қайнарбеков.

Айта кетсек, 2020 жылы негізгі капиталға 10 млрд 934 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған.