23 Желтоқсан, 2013

Спорт ардагері Сайлау Тұрыскелдин өмірден өтті

488 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

23-12-13-legkaia atletika-1

Жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сайлау Алтынбайұлы Тұрыскелдин жасы 76-ға қараған шағында өмірден өтті.

Сайлау Тұрыскелдин 1937 жылғы 12 желтоқсанда Алматы облысы Қаратал ауданында туған. 1963 жылы Алматы дене тәрбиесі институтын бітірген. Әр жылдары Алматы зооветеринарлық институтының оқытушысы, Алматы қалалық білім бөлімі балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры, дене тәрбиесі және спорт комитетінің аға жаттықтырушысы, Білім министрлігінің бөлім бастығы, Қазақ кәсіптік одағының бөлім меңгерушісі, «Қайрат» ерікті спорт қоғамы орталық комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. 2001-2008 жылдары Алматы технологиялық университетінің дене тәрбиесі кафедрасын басқарды.

С.Тұрыскелдин Алматыда XIII Бүкілодақтық оқушылар спартакиадасын өткізу жөніндегі ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысты. Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін дайындауға айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар облыстар мен аудандарда ауыл спортшылары ойындарын өткізудің бастамашыларының бірі болды.

Спортты бала жасынан серік еткен Сайлау Алтынбайұлы одан өмір бойы қол  үзген жоқ. Ол ардагерлер арасында өткен көптеген халықаралық жарыстарға ұдайы қатысып отырды. Жасы алпыстан асқаннан кейін Азияның ардагерлер арасындағы чемпионатында екі дүркін топ жарды, бір рет қола жүлдегер атанды. Ол Отан алдында сіңірген еңбектері үшін «КСРО ағарту ісінің үздігі», «ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі», «Дене тәрбиесі және спорт ісінің үздігі» атақтарын алды.

Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Сайлау Алтынбайұлының қайтыс болуына байланысты қайғырып, туған-туысқандары мен достарына көңіл айтады.

Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі.

Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40