Қоғам • 09 Ақпан, 2021

Депутаттарға айыппұл салынбай ма?

221 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Індеттің беті қайтар емес. Кешегі тәулікте тіркелген мәлі­метке сүйенсек, өңірде 63 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Сол үшін де бірқатар шектеу шаралары әлі жалғасып келеді. Бірақ санитарлық дәрігер енгізген ережелерге бағынбай жүргендер де бар. Ережені елемегендердің ішінде депутаттар да, әкім-қаралар да кездеседі.

Депутаттарға айыппұл салынбай ма?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Кейбір ел құлақ аспай жүрген негізгі ереже тым қарапайым – маска тағу, ара қашықтықты сақтау. Бар болғаны осы. Ден­сау­лық әркімнің өзі үшін керек. Мұндай ескертуді айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ тәртіпті сақ­тайын десе де, сақталмайтын жағ­дайлар бар. Мәселен, қала­лық автобустар ішіндегі иін ті­рес­­кен жолаушылар маска тақ­­қаны­мен ара қашықтықты қай­тіп сақ­тайды? Облыс әкімі Д­аниал Ахметов те вирус­тың қо­ғам­дық көліктерде жұғаты­нын айт­қан. Рас, бұл жерде сани­тар­­лық талаптарды сақтау мүмкін емес.

– Қоғамдық көліктерде ара қашық­тық туралы айтудың өзі күл­кілі. Автобустарда таңертең және кешке ине шаншар орын болмай­ды. Жолаушылардың ішінде жөтеліп-жөткірініп келе жататындары қан­шама?! Қызық, ауа жоқ автобуспен жұмысқа жеткенде дене температурамызды тексереді. Банк сияқты қызмет көрсету мекемелерінде ара қашықтық ұстауымызды сұрай­ды. Бейнебір вирус қоғам­дық көлікте жүрмейтін сияқты. Бәрі көзбояу­шылық, – дейді Өс­кемен қаласының тұрғыны Ринат Әділбек.

Кейбір жағдайға көз жұма қара­ғанның өзінде соңғы тәу­лікте 30-дан астам тәртіп бұзу­­шылық тіркелген. Елдің бере­кесін қашырған кеселдің алдын алу үшін облыстық сани­тар­лық дәрігер бекіткен шектеу режі­мінің сақталуы күнделікті мони­торингтік топтың назарында. Ал арнайы құрылған мо­ни­торингтік топтың жұмысын «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсе­сінің өкілдері қадағалайды.

– «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің нөміріне күн сайын ереже бұзылғандығы жөнінде ақпараттар түседі. Біз мониторингтік топтың жұ­мысында «бармақ басты, көз қыс­­тылықтардың» болмауын қадағалаймыз. Ал далада, ша­ғын дүкендерде маска тақ­па­ғаны үшін айыппұл салуды құптамаймын. Біз қоғам өкілі ретінде үлкен кәсіп­керлік ны­сандарындағы заңбұзу­шы­лықты міндетті түрде тіркеп, қандай айыппұл салынғанын тексеріп отырамыз. Бұл бір жағынан жемқорлықтың да алдын алады, – дейді «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақытқызы.

Облыс орталығы Өскеменде мо­ни­торингтік топ 6 ақпанда дү­кен­дерде маскалық режімді бұзу бо­йын­ша 6 жағдайды тір­ке­ген. Ал Семей қаласының сау­да үй­лерінде, базарлар мен қо­ғам­дық көліктерде маскалық ре­­жімнің сақталмауына байла­ныс­ты 21 тәртіп бұзушылық анық­­талған. Сонымен қатар, 12 хат­­тама толтырылып, 393 795 тең­ге кө­лемінде 9 айыппұл салынды.

Риддер қаласында келуші­лерге маскасыз қызмет көр­сет­кендері үшін 4 тәртіп бұзу­шылық тіркелген. Зайсан қала­сындағы сауда үйінде 12 адамға арналған семинар ұйымдас­ты­рылып, санитарлық талаптар бұзылғаны белгілі болып, жа­уапты азамат 15 АЕК көлемінде айыппұл арқалады.

Енді мына мәселеге мән берейік: Күршім ауданында маскалық режім­ді сақтамау фактілері тіркеліп, тәртіп бұз­ған­дарға қатысты хаттамалар толтырылды. Глубокое ауданында В.Гуляшев есімді тұр­ғынға маскасыз жүргені үшін 43 755 теңге көлемінде айыппұл салынды. Олар қарапайым тұрғындар болса керек, қалтасы 43 755 теңгені көтере ме, жоқ па? Ал Тарбағатай ауданында аудан­дық мәслихаттың бірін­ші сессия­сында депутаттар мен аудан әкімі маскасыз, ара қашық­тықты сақтамастан естелік суретке түскен. Сурет аудан­дық газетке жарияланған. Демек санитарлық талаптар бұзыл­ды. Ереже бірдей, заң ортақ. Қарапайым тұрғынға салынған айыппұл депутатқа да салыну керек емес пе?

Облыстық санитариялық-эпиде­мио­ло­гиялық бақылау департа­менті мамандарының хабарлауын­ша, санитарлық-эпи­де­миология­лық саламат­ты­лығы саласын­дағы заңнама талап­тарын, сондай-ақ әлеумет­тік қашықтық пен маскалық режімді сақтамай, гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бө­лігі бойынша 21 адам әкім­шілік жауапкершілікке тар­тылған. Аталған адамдар өз кінәсін мойындап, заңда белгіленген мер­зім­де ерікті түрде әкімшілік айып­пұл төле­ген. Олай болса, тарбағатайлық де­пу­тат­тарға да шара қолданылуы тиіс.

– Барлық жеке және заңды тұлға­лар санитарлық шектеу­лерді сақтауы керек. Кемінде 2 метр қашықтықты, маскалық ре­жімді сақтау және қоғамдық орын­дарға барғаннан кейін қол­ды өңдеу қажеттілігі туралы тағы бір мәрте естеріңізге саламыз, – дей­ді Санитарлық-эпиде­мио­­ло­гиялық бақылау департа­менті­нің жұртшылықпен байланыс жөнін­дегі бас маманы Бағлан Тауанова.

Олай болса, қарапайым ере­же есте жүрсін. Ауырып ем із­де­генше, ауырмаудың жо­­лын ұс­танған жөн. Вирус шен­ді-шек­пенді деп талғамай жұға­тынына көз жеткіздік емес пе?! Түптеп келгенде, айыппұлдан емес, індеттен сақтанғанымыз дұрыс.

 

Шығыс Қазақстан облысы