Аймақтар • 09 Ақпан, 2021

Біліктілікті шыңдау бағдарламасы

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Тotal energy school» мектебі ашылды. Енді мұнда Францияның жетекші профессорлары атыраулық студенттер мен жас ғалымдарға дәріс береді. Мақсат – тәжірибелі халықаралық сарапшылардың теориялық білімі мен практикалық дағдысын үйрену, мұнай өнеркәсібі, академиялық оралымдылық тұрғысында байланыс орнату.

Біліктілікті шыңдау бағдарламасы

– Қазір жоғары білімді ма­мандарға қойылатын талап күшейді. Әсіресе қайта даярлау мәселесі, жаңа технологияларды меңгеру маңызды болып отыр. «Total energy school» мектебі ұйымдастыратын курс­тар осы мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Бұған дейін Назарбаев Университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен курстар тиімділігін көрсетті. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ уни­верситетінде екі аптада 350 адам осы курсқа қатысып, бі­лі­мін жетілдіреді. Бұл жас­тар­дың ғылым-білімге деген құлшынысын арттырып, бола­шағына сенім мен серпін береді, – деді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Университет ректоры Гүл­зада Шакуликованың айтуынша, төмен көміртекті энер­гетика саласының көшбас­шысы атанып отырған «Total energy school» әлемдегі ең үз­дік энергетикалық компа­ния­лардың жұмысын тек тео­риялық тұрғыда емес, іс жү­зінде зерттеуге мүмкіндік бе­ріп отыр. «Total» профессорлар қа­­уымдастығы бакалавриат пен ма­гистратурада білім алатын студенттерге, профессор-оқы­тушылар құрамына мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика және қоршаған орта пәндерінен курс­тар ұйымдастырады.

– Бұл тәжірибе студенттердің болашақта жұмысқа орналасуына даңғыл жол ашады. Дәрістерді «Total» мамандары кәсіби сараптама мен нақты іс-тәжірибедегі мысалдарды зерделеу негізінде дайындап отыр. Біз ынтымақтастықты тек мұнай-газ секторында ғана емес, болашағы зор жаң­ғырмалы энергия көздері сала­сында да жалғастыруға, бір­лескен жобаларды дамытуға ниеттіміз, – деді Гүлзада Ша­куликова.

Жақында аталған университетте белсенді трансформациялау аясында білім бе­ру процесіне тағы бір үздік тәжірибе енгізілді. Бұл жо­лы энергетика секторын кә­сіби мамандармен қамту үшін МВА бағдарламасы ашылды. Ректор Гүлзада Шакуликованың пікі­рінше, бұл бағдарлама тек өңірдің ғана емес, еліміздің индустриясына ұлттық кадр­ларды даярлауға ықпал етеді. Өйткені көшбасшы маман­ды тек үздіксіз кәсі­би және жеке даму ғана ерекше­лейді. Сол себептен МВА бағ­дарламасы мансабын одан әрі жоғарылатуды, сондай-ақ қоғамның дамуына үлесін қосуды көздейтін көшбасшыларға арналып отыр.

– Кез келген мемлекеттің дамуының негізі – білім мен ғылымды жетілдіру. Бұған біз­дің университеттегі МВА бағ­дарламасының қосар үлесі зор болмақ. Мұнда дәріс бе­ре­тін қазақстандық және шетел­­­дік ірі компаниялардың тә­­жірибелі оқытушылары мен танымал сарапшылары мо­дульдік нысандағы жұмыс­тан қол үзбей оқытуды, шетел­дік тағылымдаманы, ком­му­­никациялық мүмкіндікті ке­­ңейтуді көздейді, – деді Г.Шакуликова.

 

Атырау облысы