Қоғам • 09 Ақпан, 2021

Қостанайда мұқтаж азаматтарға пәтер кілті табысталды

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласында екі шағын ауданның құрылысы аяқталуға жақын. Қазір мұнда 76 тұрғын үй салынса, жыл соңына дейін тағы 12 үйдің құрылысы аяқталады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанайда мұқтаж азаматтарға пәтер кілті табысталды

Қостанай облысында 2020 жылдың басынан бері 3600 пәтер пайдалануға берілді. Оның 430-ы жалға берілетін пәтер болса, 665-і – жеке тұрғын үйлер. Қазіргі уақытта «Қонай» және «Береке» жаңа шағын аудандарында құрылыс қарқынды. Жоспарға сәйкес, мұнда 102 көпқабатты тұрғын үй салынады, сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2 мыңнан астам жер учаскесі бөлінеді. Ал «Береке» шағын ауданында 8 үй бой көтереді.

«Соңғы 4 жылда Қостанайда тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алды. Аталған мерзімде облыс орталығында 1 млн шаршы метрден астам жерге үй салынып, 4 шағын аудан бой көтерді. 11 мыңнан астам отбасы жеке пәтерге ие болды. Облыс орталығында «Әуежай» және «Юбилейный» шағын ауданының құрылысы аяқталуға жақын, оларда 76 үй тұрғызылды. Тағы 12 үйдің құрылысы аяқталып келеді. «Қонай» шағын ауданында осы жылы 19 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ауданда бір және екі қабатты коттеждік үйлер салуды жоспарлап отырмыз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірегей сәулет стилінде жер үйлер салу жобасы алғаш Қостанай ауданының Заречный кентінде қолға алынған болатын. Бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде 37 гектар бос жерде коттедж үлгісіндегі үйлер қалашығы пайда болды», дейді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

2020 жылы облыста мұқтаж азаматтарға 281 пәтер берілді. Оың ішінде 153 көп балалы отбасы баспаналы болды. Қалғандары жетім балаларға, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, бюджет қызметкерлеріне тапсырылды.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 10%-ға артады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2021 жылы бюджеттен барлығы 20,4 млрд теңге бөлінді.