Аймақтар • 09 Ақпан, 2021

Өскеменде полицейге шабуыл жасады

1109 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемендегі патрульдік полиция қызметкерлеріне «102» арнасынан түнгі уақытта тыныштықты бұзған азаматтарға шара қолдану бойынша шақырту түскен. Өкінішке орай, жедел жеткен полицейлердің бірі жарақат алған.

Өскеменде полицейге шабуыл жасады

Жаяу патрульді полиция батальонының қызмет инспекторлары полиция аға лейтенанты Нұржан Какеев пен Бекарыс Абдолданов көпқабатты үйдің 9-шы қабатында екі жігіттің ішімдік ішіп, бір-біріне дауыс көтере сөйлесіп тұрғандарын көреді.

Полиция қызметкерлері оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түнгі уақытта тұрғындардың мазасын алмауын өтінген. Алайда, тәртіп сақшысының ескертуіне құлақ аспаған екі жігіт дөрекілік танытқан. Сол сәтте ер азаматтың бірі күтпеген жерден полицейдің мойнына пышақ сұғып алған. Сөйтіп, сыртқа қарай қаша жөнелген.

Алған дене жарақатына қарамастан полиция аға лейтенанты Какеев Нұржан серіктесімен бірге тәртіп бұзған азаматтың соңына түседі. Сыртқа шығып пышағын онды-солды сермеген азаматты тәртіп сақшылары резіңке таяқшамен қолынан соғып, пышағын жерге құлатады.

Қолға түскен 24 жастағы ер адам тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған қатысты ҚР ҚК 380-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция аға лейтенанты Нұржан Кәкеевке қажетті ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, өміріне қауіп төнетіндей қауіп жоқ.

Өскемен