Саясат • 10 Ақпан, 2021

Салық саясаты – сан істің басы

789 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралды. Бұл жөнінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

Салық саясаты – сан істің басы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Қызметтерді алу уақыты қысқарды

Ерұлан Жамаубаев салықтық-кедендік әкімшілендірудегі оң динамиканы атап өтті. 2020 жылы мемлекеттік кірістер ор­гандары 11,4 мың салықтық тексеру жүр­гізді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 58% аз, ал нәтиже көрсеткіші 29%-ға артық. Бұл салада қашықтан бақылаудың жаңа әдістері енгізілді. Мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру мақсатында тиісті қағидаларға өзгерістер енгізілді, онда мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың қаржылық тұрақтылығы расталады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,5 мың өтініш қаралып, 7,4 млрд теңге сомасына түсімдер қамта­ма­сыз етілді. ҚХР экспорты – Қазақстан импор­ты бағыты бойынша статистикалық дерек­тердегі айырмашылықтар өткен жылы 45%-ға дейін төмендеді. Кедендік тексе­рулердің тиімділігі 51%-ға дейін артты, бұл қосымша 25 млрд теңгені қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Әкімшілендіру процестерін авто­мат­­тандыру және адами факторды бол­­дырмау мақсатында «Экспорттық бақы­­лау» модулі іске қосылды және навига­циялық пломбаларды пайдалану бастал­ды. Қазірдің өзінде айтарлықтай нәти­жесі байқалған.  Мемлекеттік кірістер ко­ми­тетінің Байланыс орталығы 2020 жылы 670 мыңнан астам салық төлеушінің өті­нішін өңдеді. Олардың 91%-ы опера­тор­лардың жұмысын «өте жақсы» деп баға­лаған. «Өткен жылы 22,3 млн мемле­кеттік қызмет көрсетілді, оның 97% – электронды түрде берілген. Көбі­не­се адам­дар жергілікті салықтарды төлеу, са­лық берешегінің сомалары, есептіліктерді толтыру және тағы басқа мәселелер бойынша жүгінді» деді Е.Жамаубаев.

Енгізілген цифрлы технологияларға келетін болсақ, 2019 жылы «Астана-1», «Электронды шот-фактуралар», «Тәуе­кел­дерді басқару жүйесі» ақпараттық жүйелері енгізілді. Бүгінгі күні салық декларацияларының 99%-ы және кедендік декларациялардың 100%-ы қашықтан тапсырылады. Қаржы министрінің айтуынша, «Электронды шот-фактуралар» жүйесін енгізу контрагенттер арасындағы мәмілелерді онлайн режімде қадағалауға мүмкіндік берді.

2020 жылдың қорытындысы бойын­ша әкімшілендіру және цифрландыру есе­бінен қосымша 710 млрд тең­ге са­лық түсімдері түскен. Қаржы министр­лігі әкімшілендіруді одан әрі жетіл­діру және бюджетті толықтыру үшін цифр­ландыруға баса назар аудара отырып, бір­қатар нақты шаралар әзірлеген. Олар: транс­шекаралық сауданы бақылауды күшей­ту; кедендік инфрақұрылымды жаң­ғырту; ақпараттық жүйелерді жетілдіру және жаңа платформаға көшу; ірі салық тө­леушілердің көлденең мониторингін қолдану; халық пен бизнеске арналған мо­бильді қосымшаларды дамыту;  заңнаманы жетілдіру.

Е. Жамаубаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар әзірленетін болады. Та­уарлардың жалған транзитін және жеткізілуін болдырмау мақсатында авто­көлік құралдарына навигациялық плом­ба­ларды қолдану кеңейтіледі. Салық­тарды төлеудің толықтығы үшін тауарларға арналған электронды ілеспе жүк құ­жаттарын ресімдеу жолымен импорттан бастап бөлшек саудаға өткізуге де­йінгі барлық тізбек бойынша бақылау енгі­зіледі. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің уәкілетті органдарымен тауар­лардың саны мен құны туралы ақпарат алмасу қамтамасыз етіледі.

«Нұр жолы» өткізу пунктінің үлгі­сі бойынша, басқа да учаскелерде «Элек­тронды кезек» жүйесі енгізіледі. Бұл мобильді қосымша арқылы кезекке алдын ала тапсырыс беруге мүмкіндік береді. «2021-2022 жылдары «Интеграцияланған деректер базасы» және «Салықтық әкім­шілендірудің интеграцияланған жүйесі» АЖ жаңғыртылатын болады. Жалпы, ақпараттық жүйелер саны 21-ден 6-ға дейін қысқарады» деді министр.

Сонымен қатар Ерұлан Жамаубаев реинжиниринг және жүйелерді микро­сервистік архитектураға ауыстыру өнім­ділікті 10 есеге арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ қосымша құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясын енгізу жоспарлануда. Бұл салықтарды төлеуден жалтару тәуекелін төмендетеді және қолма-қол ақшаға айналдыру мәмілелерін азайтады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ірі салық төлеушілері үшін көлденең мониторинг енгізіледі. Оны квазимемлекеттік сектордан бастайды.

Үкіметтің өткен кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев алға қойған салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдету және осыған байланысты қабылданған шаралар туралы айта келе, Ерұлан Жамаубаев биылдан бастап жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтар біріктірілгенін, екі салық та бірыңғай төлеммен төленетінін хабарлады. Бұл ретте көп пәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталды. «Халыққа арналған салық төлеудің ыңғайлы «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымша реквизиттерді толтырмай-ақ салық төлеуге мүмкіндік береді. Жеке кәсіпкерлер үшін «E-Salyq Business» қосымшасы әзірленуде» деп қосты ол.

Жеке кәсіпкерлерді тіркеу мен жабуды, салық есептілігін ұсынуды оңайлату, сондай-ақ комиссияны және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеуді алып тастау қарастырылуда. Осы қосымшалар салық төлеуші растай алатын немесе түзете алатын есептілікті автоматты түрде қалыптастырады.

Қаржы министрінің айтуынша, ка­пи­талды шетелге шығаруға және эконо­миканың офшорлануына қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. ЭЫДҰ және Ұлттық банкпен электронды мәліметтер алмасу шеңберінде көпжақты конвенцияға қол қойылды. Осы жылдан бастап 100-ден астам юрисдикцияда (елде) біздің азаматтарымыздың қаржылық шоттары бойынша ЭЫДҰ-мен ақпарат алмасуды бастау жоспарлануда.

Бұдан әрі Мемлекет басшысының трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмалары аясында тауарларды дұрыс декларацияламағаны үшін кеден саласындағы әкімшілік жауап­кершілікті күшейту ұсынылады.

Е.Жамаубаев 2020 жылдан бастап тексерулерге енгізілген 3 жылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендеткенін атап өтті. Кейбір кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдады. Тек өткен жылдың өзінде «Азаматтық бақылау – чекті талап ет» жобасы шеңберінде Мемлекеттік кірістер комитетіне бұзушылықтар туралы бейне-тіркеумен 16,5 мың хабарлама келіп түсті.

Тағы бір маңызды ұсыныс кейбір кадр­лық өзгерістерге қатысты. Атап айтқанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік кірістер қызметкерлерінің жалақының төмен болуына, әлеуметтік қорғалмауына және жауапкершіліктің жоғары болуына байланысты сыбайлас жемқорлыққа ұшырау қаупі туралы хабарлайды. «Мұндай жағдай жеке секторда алған білімдері мен дағдыларын жиі қолданатын, тәжірибелі қызметкерлердің кетуіне әкеп соғады. Осыған байланысты, базалық жалақыға үстемақымен сыныптық шендерді енгізу және бірыңғай нысанды киім-кешекті енгізу ұсынылады», деді Е.Жамаубаев.

Салық және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша баяндама жасаған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов бюджеттің кіріс бөлігін арттыру басым міндеттердің бірі болғанын және болып қала беретінін атап өтті. Бұл бағытта цифрландырудың барлық әлеуетін пайдалану маңызды. Сондай-ақ ол Қаржы министрлігіне кәсіпкерлердің банктер арқылы ақша аударымдарын фискализациялау мәсе­ле­леріне ерекше назар аудару қажет еке­нін айтты. «Соңғы үш жылда жоға­рыда аталған шаралар бюджетке 2 трлн теңге­ден астам қосымша түсімдерді қам­тама­сыз етуге мүмкіндік берді. Осыған байланысты осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет», деп атап өтті Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

 

Ынталандыру шарасы 700 мың бизнес субъектіні қамтыды

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, бизнесті қолдау үшін өткен жылы Қазақстанда 700 мыңнан астам заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді қамти отырып, салықтық ынталандырудың ау­қымды шаралары іске асырылды.

Қазіргі кезде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге тыйым салған 3 жылдық мораторий жалғасу үстінде (2023 жылғы 1 қаңтарға дейін). Мұның сыр­тында арнайы салық режімдерін қол­данатын ШОБ субъектілері табыс салы­ғынан босатылды. Бұл шаралар кәсіп­керлерге 3 жыл ішінде шамамен 400 млрд теңгені өз бизнесін дамыту үшін жұмсау мүмкіндігін береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы 1 қаңтардан бас­тап ерікті түрде қолданылатын бөлшек салықтың жаңа арнайы салық режімі енгізілді. Салық мөлшерлемесі алынған кірістің 3% көлемінде белгіленген. Үкімет осы режімді қолдану үшін қыз­мет түрлерінің тізбесін анықтады. Тізбеде пан­демия кезеңінде карантиндік шектеу шаралары қолданылған қызмет түр­лері қарастырылған. Режім ШОБ субъек­тілеріне салық жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету және бюджетке төлемдер мен салық төлеу тәртібін оңтайландыру үшін дағдарысқа қарсы шара ретінде 2 жылға есептелген.

Жеке тұлғалардың салық міндет­те­ме­­лерін орындауын жеңілдету үшін биыл­ғы жылдан бастап мүлік пен жерге са­лы­­натын салықтар бірыңғай төлемге бірік­­тіріліп, көп пәтерлі тұрғын үйлердің мен­шік иелері үшін жер салығы алынып тасталды.

Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйелерін жаңғырту және оларды басқа мемлекеттік органдармен заманауи әдістерді, соның ішінде блокчейн мен үлкен деректерді қолдана отырып интеграциялау жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. «Салық төлеу­шілер мен бизнеске ыңғайлы болу үшін әзірленген «Е-Salyq Azamat» (салық әмияны) және «E-Salyq Business» тегін мобильді қосымшаларын белсенді түрде ілгерілету керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қаржы министрлігіне жеке кәсіпкерлер үшін онлайн-БКМ мен POS-терминалдарды пайдалану кезінде есептілікті автоматты түрде толтыру мәселесін сапалы түрде пысықтау қажет», деді А.Мамин.

Премьер-министр Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау аясында осы жылдың наурыз айының соңына дейін Шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жос­парына ұсыныстар дайындау қажеттігін атап өтті. Биыл Реформалар жөніндегі Жо­ғары кеңестің отырысында (биылғы 29 қаңтарда) қаралған ШОБ қолдау жөніндегі қосымша шараларды іске асыру мақсатында Премьер-Министр биылғы 1 наурызға дейін салық заңнамасына қажетті түзетулер дайындауды тапсырды. «Ұсынылып отырған өзгерістер 500 мыңға жуық жалдамалы қызметкерді ресми жұмысқа тартуға, еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуға, салық міндет­темелерін орындау тәртібін жеңілдетуге және республика экономикасына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», деді А.Мамин.

 

Жаңартылатын энергетиканы дамыту – маңызды міндет

Үкімет отырысында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту мәселелері қаралды. Бұл мәселе жөнінде Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «KEGOC» электр желілерін басқару жөніндегі қазақ­стандық компания» АҚ басқарма төр­ағасы Бақытжан Қажиев, Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Елдегі экологиялық жағдайды жақсарту Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған басым міндеттерінің бірі. Экология мен қоршаған ортаны жақсарту құралдарының бірі – жаңартылатын энергия көздері. Аталған сала­ны дамыту үшін жүйелі жұмыс жүр­гізу қажет», деді.

Оның айтуынша, 2020 жылы Қазақ­станда қуаттылығы 583 МВт болатын 25 ЖЭК нысаны – 10 жел, 1 су және 12 күн электр стансалары пайдалануға берілді. Жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру 2019 жылдағымен салыстырғанда 74%-ға 3,24 млрд кВтс-ға дейін (елде өндірілетін энергияның жалпы көлемінің 3%-ы) өсті. Биыл 381 МВт-қа 23 жоба (13 ЖЭС, 5 СЭС және 5 КЭС) жүзеге асырылады.

«Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі еліміздің іске асырылып жатқан тұжы­рымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай өндірілетін электр энергиясының жартысы баламалы энергетикадан алынады. Бұл Қазақстан Республикасының төмен көміртекті және климаттық орнықты даму жөніндегі Париж келісімі аясындағы міндеттемелерін орындауға, сондай-ақ жаһандық трендтерге сәйкес «жасыл энергетиканы» дамытуға жол ашады.

Қазақстанның бірыңғай энергия жүйе­сінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне Экология министрлігімен және «KEGOC» АҚ-пен бірлесіп, электр энергиясының тұрақты өндірісін дамыту жөнінде ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ ЖЭК жинақтауыштарын енгізу жөніндегі мәселелерді пысықтауды тапсырды. Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп ЖЭК өңірлік аймақтарын құру мәселелерін пысықтауды міндеттеді. «Газ электр стансаларын іске қосу ЖЭК қосымша көлемдерін интеграциялау бо­йынша энергия жүйесінің мүмкіндіктерін ұлғайтуға жол ашады. Осыған байланыс­ты Энергетика министрлігіне «KEGOC» АҚ-пен бірлесіп, 2022 жылдан бастап теңгерімдеуші нарықты нақты уақыт режімінде іске асыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырамын», деді А.Мамин.