Руханият • 10 Ақпан, 2021

«Ғашық-жүрек» премьерасы ұсынылды

632 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі, әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Ғашық-жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымын сахналап, премьерасын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ғашық-жүрек» премьерасы ұсынылды

Ақиық ақынның 90 жылдығына арналған премьераға ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Шәрбану Қонақбайқызы Бейсенова және Қазақстанның Жазушылар одағы мүшелері, басқа да көптеген ақын жазушылар арнайы қатысты.

1

Шара барысында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов ақиық ақын М.Мақатаевтың өнегеге толы  шығармалары келер ұрпаққа қалдырған асыл мұра екенін, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барша қазақстандықтарды бүгінгі ерекше күнмен арнайы құттықтағанын былай жеткізді:

- Мұқағали Мақатаевтың өсиет пен өнегеге толы  шығармалары – келер ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барша қазақстандықтарды бүгінгі ерекше күнмен арнайы құттықтады. Мәдениет және спорт министрлігі биыл М. Мақатаевтың 90 жылдығына орай басқа өңірлермен бірлесіп көптеген шараларды жоспарлауда. Осындай шаралар біздің руханиятымызды байыта түседі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры кеше ғана ашылса да, өз көрермендерінің жүрегінен ерекше орын алып үлгерді. Оған өте қуаныштымыз. Сондықтан әрқашан қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің туы биік болсын! Шығармашылық ұжымға алғыс айтамын және сәттілік тілеймін! – деді вице-министр Нұрқиса Дәуешов.

Поэзия мен Мұқағали, ақынның өз өлеңінде толғанғанындай, егіз ұғымға айналып кеткені рас. Поэзия десе бірден ойымызға келе қалатын тұлғалардың бірі де осы Мұқағали екені анық. Сондықтан да, халқымыздың асыл перзентінің, әдебиетіміздегі үлкен суреткердің есімі әрқашанда ел есінде жүруі тиіс. Осы мақсатта Елордамыздағы бір мектепке ақынның есімін беруді ұсынып жатқанын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы айтып берді.

- Мұқағали атамыздың мерейтойы құтты болсын! Болашақта осы мерейтойды жыл сайын қарсы алып, басқа мекемелерде де, білім ошақтарында да бірігіп ұйымдастырамыз деген сеніміміз мол. Нұр-Сұлтан қаласында №74 мектепке Мұқағали Мақатаевтың атын беруді ұсынып жатырмыз. Менің ойымша, Елордада руханият пен мәдениеттің дамуында көп еңбек атқарып жүрген тұлғалардың атын шығару өте маңызды. Сондықтан бүгінгі мәдени кешіміз құтты болсын! – деді Нұр-Сұлтан шаһары әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.

Журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова болса, қазақтың қара өлеңінің үлкен құдіретін көрсеткен ақын – М.Мақатаевтың аруағы үшін осындай қойылым көрсетіліп жатқанына, Музыкалық жас көрермен театры ашылғаннан бері тұрақты көрерменіне айналғанын айтып, өзінің жүрекжарды тілегін, алғысын білдірді.

- Бүгін қазақтың қара өлеңінің үлкен құдіретін көрсеткен ақын – Мұқағали Мақатаевтың құрметіне осындай қойылым көрсетіліп жатыр. Адам өзі өлеңді тазару үшін оқиды деп ойлаймын. Адамның санасын, көңіл-күйін дәл осы өлеңдей, күйдей тазартатын құдірет жоқ шығар.  Сондықтан жастарымыз өлең оқып өссе, біздің әдебиетімізді танып білсе,  еліміздің келешегі зор болады. Біз осы театр ашылғаннан бері тұрақты көрерменіне айналдық. Ақиық ақынның 90 жылдығы құтты болсын! Жақсы кеште кездесейік! – деді Шәрбану Қонақбайқызы.

Ал Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Максимұлы Маемиров осы «Ғашық-жүрек» қойылымында М.Мақатаевтың өлеңдері арқылы өзінің бүкіл болмысын көрсетпек болғанын айтып және бүгінгі кешке келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

- Біз бүгін көрермендерді қазақ поэзиясының ақиық ақыны М.Мақатаевтың өлеңдерімен таныстыруды жөн санадық. Бұл «Ғашық-жүрек» қойылымы өлеңдер арқылы ақынның бүкіл болмысын көрсетпек! Қазір қоғамда «Жастар поэзияны оқымайды, өлеңдерді көп түсінбейді» деген кереғар ұғым бар. Сондықтан, осы сахналанып жатқан қойылым ерекше шынайы сезімдерді тарқататын болады. Жас ұрпақтың бойында ақын шығармашылығы туралы ерекше ой қалыптастырады деп ойлаймын! Ұлтымыздың бағына бітіп, барша қазақтың жүрегіне жыр болып сіңген Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арнайы қойылып жатқан премьераға келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін!, – деді театр директоры Асхат Маемиров.

1

«Ғашық-жүрек» спектаклі –  автордың ой-арманынан, жан сарайынан, ішкі танымы мен толғанысынан туған өлең-жырлары мен әндеріне құрылған сахналық қойылым. Театр актерлері қала тұрғындары мен қонақтарына үйлесімділік пен тартымды режиссерлік компонеттерден құрылған тамаша музыкалық кеш сыйлады.

Қойылымның қоюшы-режиссері Аман Ғұмаров. Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазыбек Есқара, ал оның досы Шәмілдің бейнесін актер Ерназар Жаңатілек сомдады. Сондай-ақ, спектакльге театрымыздың барлық артистері қатысты. Қойылымды музыкамен сүйемелдеген – театр оркестрі, музыкасын әрлеген – Болат Жолдасов.

Поэтикалық-музыкалық қойылымда мұзбалақ ақынның «Есіңе мені алғайсың!», «Күн қайда», «Ана, сен бақыттысың», « Жапырақ жүрек жас қайың»,  «Отыздан асып барамын», «Құм ғана ауған», «Күрең күз», «Бақыт деген», «Сәби болғым келеді», «Қайран жеңгем», «Қазақстаным» шығармалары және одан басқа «Алтай-Атырау»  поэмасы, сондай-ақ «Бақыт деген не өзі?!», «Шыда, шыда», «Сүйеді екем», «Шәміл-ау», тағы басқа  өлеңдері оқылды.

41

Елімізде орын алып отырған пандемия жағдайына байланысты Музыкалық жас көрермен театрында барлық санитарлық талаптар сақталды. Осы тәртіпте «Ғашық-жүрек» музыкалық поэтикалық қойылымы 10, 11 ақпанға дейін жалғасады.