Аймақтар • 10 Ақпан, 2021

Шымкенттік шаруа қожалығы мемлекеттік қолдаудың арқасында ірі кооперативке айналды

640 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы сүт-ет өнімдерімен қамтамасыз етуге «Бәйтерек Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі өзіндік үлесін қосып келеді. Мал бордақылау және тауарлы сүт өнімін өндірумен айналысатын шаруақожалық Сайрам тұрғын алабында орналасқан.

Шымкенттік шаруа қожалығы мемлекеттік қолдаудың арқасында ірі кооперативке айналды

2012 жылы «Бәйтерек» шаруақожалығы болып құрылған мекеме ең алдымен 400 бас ірі қара мал бордақылаудан бастаған.

2016 жылы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар арқасында шаруашылық аумағын ұлғайтып, мал бордақылау алаңының сыйымдылығын 700 басқа дейін жеткізді. Ал 2018 жылы бұл меже 1200 басқа дейін жетті. Сол жылы шаруашылықтың бас директоры Тахирбек Нишанбаев өндіріс саласын ауқымды дамытуды қолға алып, «Бәйтерек Агро» ауылшаруашылығы кооперативін құрды. Кооперативке 20-дан аса жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктірді. Бұл өз кезегінде ұсақ шаруақожалықтардың дамуына және бірлесе жұмыс атқарып, өз өнімдерін тікелей делдалсыз сатуларына себепкер болды.

Кооперативте заманауи құрал-жабдықтармен, техникалармен қамтылған сүт өңдеу цехы және мал сою алаңы бар.

Бүгінде қожалықтың жалпы аумағы 300 гектарға жетіп, оның 14 гектарында қоражайлар мен ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін цехтар орналасқан.

Шаруашылықта қазіргі таңда 1300 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы мен 500 бас сауынды сиыр бар. Сонымен қатар, қожалық тәулігіне 8 тоннаға дейін сүтті қабылдап, өндіре алады.

Ерекше атап өтерлігі, сүт өнімдерін өндіру арқылы, атап айтқанда сүзбе, құрт, айран, қазы, ірі қара мал, жылқы, қой еттеріне арнайы шаруашылық белгілері қойылған өнімдерін тікелей делдалсыз қолжетімді бағада ұсына отырып, қала тұрғындары тығыз шоғырланған жерлерде сатылымға шығарып отыр.

Алдағы уақытта қожалық иесі шаруашылықта сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды сиырларды көбейтіп, сапалы өнім алуды және репродукторлы (асыл тұқымды төл өсіретін) шаруашылық құруды жоспарлауда.