Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Жанашырлық та, жауапкершілік те қажет

301 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Төтеннен келген тажал дерт адамдарды бір-біріне барынша жақындастырып, бауырластырып, қам көңілге қамқоршы болуға себеп болып отырғанын айқын аңғаруға болады. Халық қай кезде де дәл осындай ел басына күн туған шақта тұтаса бірігіп, еңсені езген ауыртпалыққа иықтарын төсеп, бірлесе көтеріп алатын. Қазір де осы бірлікпен әдіптелген жан жадыратар жылылықты қолы қысқа әлеумет айқын сезініп отыр.

Жанашырлық та, жауапкершілік те қажет

Осындай ізгі ниетті жас толқынның бойынан байқаған кезде үміт оты лаулай жанатыны бар. Олардың жан жылуы «жаман тұмаудың» жан ауыртар қаты­гез көрінісін жібіте түскендей. Жал­пақ әлемді жан алқымнан алған дерт сал­мағын қоғамдаса көтеріп, көмек қажет ет­кендерге қол ұшын беруді адамгерші­лік­тің асыл көрінісі десек те әбден болады.

Облыс – айға жуық «қызыл аймақ» санатында. Дауасыз дерт күннен-күнге өршіп, үдеп барады. Алғашқы бетте үрпиіп қараған, үркіп бойын жинаған халық бұл күнде босбелбеу күйге түскенін де жасыруға болмас. Індеттің жан жабыр­қатар оқиғалары басылмаса да, бой үйренгендей. Бәлкім содан ба екен, соңғы уақытта сақтандыру тәртібін бұзатындар жиілеп кетті. Өткен аптада облыста карантин режімін бұза отырып, көпшілік шаралар өткізілгені анықталды. Облыстық сани­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментінің мәліметінше, Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында мониторингтік топ карантин режі­мін бұзғандарды әшкере етті. Ауылдағы ағайын «жаман тұмау» жағадан алып жат­қанда 80 адамның қатысуымен 70 жыл­дық мерейтой ұйымдастырыпты. Мони­торингтік топ Көкшетау қаласын­дағы «Алтын шаңырақ» қонақүй кешенінде үйлену тойы өткізілгенін анықтады. Бұл кешен карантиндік талаптарды елемей, жаппай іс-шаралар өткізіп тұрады екен. Төрт мәрте әкімшілік жауапкершілікке тарты­лыпты. Сондай-ақ облыс орталы­ғындағы «Хан сарайы» мейрамханасында «Тиолайн» серіктестігі 200 адамның қаты­суымен корпоративтік іс-шара ұйым­дастырған. Тәртіп бұзғандарға әкімшілік шара қолданылады.

Жағдай осылай қалыптасып тұрғанда «қызыл аймақ» санатынан шығу әзірге мүмкін еместей. Ешбір жауапкершілікті сезінбей, табаннан таусылып той соңында жүргендер өздерін ғана емес, жалпақ жұрттың басын қатерге тігіп отырғанын аңғара да қоймайтын шығар.

Ал саналы жастар, елімнің келешегі, жұртымның амандығы дейтұғын кейін­гі толқын бар ауыртпалықты тола­йым көтеруге атсалысуда. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, «Аманат» волонтерлер орталығының жетекшісі, қалалық іскер әйелдер ассоциациясының белсенді мүшесі Айжан Құсайынова бастаған жастар қаулаған қара өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап жүр. Айжанның жан-дүниесін жақсы білетін құрбыларының айтуына қарағанда, ол – кішкентайынан қол қусырып қарап отыра алмайтын елгезек, қайырымды адам. Өзімен тілдескенде жүрек қалауы туралы ағынан жарылды.

– Менен таныстарым кім үшін, не үшін жанталасып жүрсің деп те сұрайды. Асылында мұндай сауал қою да қисынсыз. Жанашырлықты әркім де жасауы тиіс. Біз ешқашан қайырымды болудан қашпауымыз керек. Егер жан-жағымызда қайырымды адамдар қаптап жүрсе, олар жатқа жылуын сыйласа, жылаған баланы уатып, өмірден түңілген жанның үміт отын лаулатса, ғанибет емес пе?! – дейді А.Құсайынова.

Айжанның түсінігінше, көмектесу дегеніңіз тек қана материалдық тұрғыдан демеу емес екен, кей-кейде бір ауыз жылы сөздің өзі дерт меңдеген адамның алпыс екі тамырындағы қанды ойнатып, сенім шырағын қоламтаның шоғындай маздатып жіберуі әбден мүмкін.

«Аманат» волонтерлер орталығында 60-тан аса белсенді жас бар. Олардың әр­қай­­сысы өзара ақылдаса келе, жұмыс ауқы­­мын белгілеп, істейтін шаруасын қажет­­­тілігіне орай ыңғайлап отырады. Арман-мұраттары бір арнада тоғысқан бел­сен­ді жастардың басты мақсаты – жас тол­­қынды өз еліне пайдасы тиетін адам ету.

– Негізінде «Аманат» деп атаудың өзінде үлкен мән бар. Арыдағы аруақты ата-бабамыз бізге өз бойларындағы тамаша қасиеттерді аманаттап кетті. Соның бірі, әрі бірегейі – тас-түйін болып бірігу үшін бір-бірін бауырына тартып, жанашыр болу. Бүгінгі жастар сол арыдағы ата-бабаның қанымен дарыған қасиетті қастерлеп ұстауы керек. Өйткені ол – ата аманаты, – дейді Айжан.

Жастардың айтуына қарағанда, демеу­ші болуға ұмтылатындар да аз емес. Әлде­бір қажеттілік туындап қалғанда құлақ­танса болды, жан ұшырып жетіп келеді. Ерікті жастар «Жақсылық жаса» жобасы бойынша облыстағы жүздеген отбасыға әрқилы киім-кешек, азық-түлік жеткізіпті. Әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға дәрі-дәрмек апарған. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын мектепке да­йындауға қолұшын берген. Қысқа да­йын­­далуға мүмкіндігі жоқ отбасылары­на отын, көмір жеткізген. Бұл айтып отыр­ғанымыз – еріктілер орталығының атқар­ған ұлан-ғайыр шаруасының бір парасы ғана. Естіген жан сүйсініп, қам көңілдің ренішін жадыратар жақсы шаруалар әлі де жалғасын табуда. Алдағы уақыт­та орталық жастары әлеуметтік жоба­ларға барынша басымдық бермекші.

Осы бір ізгі істердің ұйытқысы болып отырған Айжан – еріктілер орталы­ғы­ның жетекшісі ғана емес, университет­те тарих пәнінің оқытушысы. Орталық мү­шелеріне халқымыздың көне тари­хын­дағы айрықша мәнді мысалдарды, қайырымдылық пен жанашырлық сипатындағы ізгі қасиеттердің қандай да бір қиындық сәттерде алып шық­қаны жайында айтып отырады. Оның өзі де орталық жастарын рухани кемелдендіріп, жан-дүниелерін байытып, жанашырлығы мол, қайырымдылық қасиетін қанына сіңірген арыстай азамат етіп тәрбиелеуге үлкен ықпалы тиетіні сөзсіз.

Ерікті жастар өткен жылы облыс әкімі Ер­мек Маржықпаевтың қолынан мара­пат ал­­ды. Бұл – олардың мейірімді істеріне бе­ріл­­ген үлкен баға. Бір ғажабы, орталық мү­ше­­­лерінің көбі – Тәуелсіздік құрдас­тары. Тәуел­­сіз елдің текті жастарының дәл осындай қ­а­­йы­­рымын көпке тигізіп, көркейіп өсіп ке­­ле жат­қанын көрудің, естудің өзі – қуаныш.

 

Көкшетау