Саясат • 11 Ақпан, 2021

Президент тапсырмасы қалай орындалуда?

349 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында бірқатар шенеунікке сөгіс жарияланып, тәртіптік шара қолданылды. Оған себеп те жоқ емес еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлердегі кемшіліктерді атап, бірқатар сын-ескерту айтқан болатын. Айтылған мәселелер аппарат отырысында ортаға салынып,  жауапты сала басшылары есеп берді.  

Президент тапсырмасы қалай орындалуда?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, EQ

 

Елдің әлеуметтік-экономи­калық дамуының 2020 жылғы қоры­тындылары мен алдағы жос­пары талқыланған Үкімет­тің кеңейтілген отырысында Пре­зид­ент Қасым-Жомарт Тоқаев са­тып алудағы жергілікті қам­ту­­ды ұлғайту жөніндегі жұ­мыс­­тар бойынша берілген тап­сыр­ма қанағаттанарлықсыз орын­­дал­ғанын атап өтті. «Отан­дық тауарлар мен қызмет­терді сатып алуға ең аз қаражатты мем­­ле­кеттік органдар жұмсай­ды. Жер­г­ілікті қамту тек 30 па­йыз­ды көрсетіп отыр. Инф­ра­құры­лым­дық бағдар­ламаларды іске асыру аясында мемлекеттік органдар осы көрсеткіш бойынша 90 пайыз деңгейге жетуі тиіс еді. Іс жүзінде қазақстандық қамту 83 пайыз ғана қамтамасыз етілді. «Нұрлы жер» жобасына сəй­кес, сегіз өңірде жүктелген тап­сыр­ма орындалмаған. Нашар көр­­сет­кіштер елордада – 59 па­йыз, Түркістан, Павлодар облыс­тарын­да – 64 жəне 61 пайыз», деді Мем­ле­кет басшысы. Өңірге қатыстыра айт­сақ, жалпы сомасы 100 млн тең­геден асатын құрылыс-мон­таж жұмыстарындағы инфра­құ­ры­лым­дық бағдарламаларды іске асы­ру шеңберінде «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарлама­сы бойынша жергілікті қамту үлесі, яғни облыстың құрылыс алаң­дары­ның отандық тауарлар­мен қам­тылуы 64%-ды құра­ған. «Құры­лыс барысына отан­дық тауар­лардың тартылуы, яғни жергі­лікті қамту үлесі қиын­ға соқ­қан кездер болды. Бұл ең ал­­ды­мен пандемиялық жағ­дай­ға бай­­ланысты, деп айта ала­мыз. Сонымен қатар инфра­құры­лым­д­ық жобаларды іске асыру­да құрылыспен айналысатын мер­дігер мекемелер уақытында тиіс­ті есептерін бермегені де сеп болды», деді аппарат жиналысын­да есеп берген облыстық құры­лыс басқармасының бас­шысы Тоқ­тар Үсіпәлиев. Об­лыс әкімі Өмір­зақ Шөкеев бұл салада ба­қы­лау, қадағалау жұ­мыс­тары­ның тиісті деңгейде жүр­гізіл­ме­гені үшін об­лыстық құ­рылыс басқар­ма­сы­ны­ң басшысына сөгіс жариялады.

Президент жоғарыда аталған жиында жайылым мәселесіне де ерекше тоқталған болатын. «Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың  99  пайызы шаруа қожалықтарының  иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған  46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн», деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда аппарат отырысында ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы тиіс жерлердің тапшылығы Түркістан облысында да тіркелгені айтылды. Облыс әкімі пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыс­тары аудан, қала әкімдіктерінде ұзақ­қа созылып, тиісті деңгей­де жүр­гізілмейтінін мәлім етті. Об­лыс­тық басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне екі апта уақыт берді. Ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы пай­да­ла­ныл­май жатқан жайылым жер­лер­ді мемлекеттік мен­шікке қай­тару­дың қадамдық алгоритмін әзір­леп, ұсынуды тапсырды. Осы ретте ауыл шаруа­шылығы жер­лері­не ғарыштық мониторинг жүр­гізу жүйесін негізгі тетік ретін­де қарастыру керектігін айт­ты. Сондай-ақ Өмірзақ Естай­ұлы бос жатқан жерлерді мемлекет мен­ші­гіне қайтаруды жыл соңы­на дейін толық орындауды тапсырды.

«Жайылымдар туралы» заңға сәйкес 2020-2021 жылдарға арналған жайылымдар жоспары аудандар мен қалалар бойынша бекітіліп, нормативтік-құқық­тық акт ретінде әділет органына тіркелді. Жоспарда әр елді мекен бойынша халықтың мұқтажына қажетті ортақ жайылымға алаңы 5 166,0 мың гектар жерді алу қарастырылған. Түркістан об­лыс­тық жер қатынастары бас­қар­масының басшысы Самат Рамазанов қазір өңірде 27 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай отырғанын айтты. Өткен жылғы түгендеу жұмыс­тары кезінде осындай 77 мың гектар жер анықталып, оның 50 мың гектары жер иелерінің келі­сімімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Жауаптылардың ай­туынша, қазір келісімін берме­ген жер иеленушілермен заң ая­сында жұмыс жүргізілуде. Жал­пы, Түркістан облысында 3 млн 200 мың гектар жайылымдық жер бар.

Үкімет отырысында айтылған сын-ескертудің бірі – жұмыспен қамтуға қатысты болатын. Аза­мат­тарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отырғанын айта келе, Мемлекет басшысы бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мəлімет қайта-қайта енгізілетінін атап көрсеткен-ді. «Дəл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай, əсіресе Түркістан (79%), Қызылорда (43%) жəне Жамбыл облыстарында (36%) анық­­талып отыр. Жалпы, ең­бек­­пен қамтылғандардың 40 па­­йызға жуығы «көлеңкеде» қа­лып қойған», деген болатын Президент. Осыған байла­ныс­ты Түркістан облыстық жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қар­масының басшысы Әсия Темір­баева тұрғындарды жұмыс­пен қамту бойынша соңғы ақпа­рат­тарды ортаға салды. Үкімет­тің ке­ңейтілген отырысында айтыл­ған­дай, өңірде мемлекеттік бағ­дар­­ламалар арқылы жұмысқа орна­ласқан кей азаматтардың мін­детті зейнетақы жарналары аударыл­маған. Бұл орайда облыс әкімі бас­қарма басшысына облыстық кіріс департаментімен бірлесіп тексеру жүргізуді тап­сыр­­ды. Тексеру қоры­тындысы бір апта ішінде бел­гілі болуы тиіс. Олай болмаған жағ­дайда, жауапты мамандарға тиіс­ті шаралар қолданылатын бо­ла­­ды. Сондай-ақ аппарат отыры­сын­­да көрсеткіштері төмен Түркі­стан мен Кентау қала­лық әкім­дік­тің әлеуметтік бөлім жетек­ші­леріне тәртіптік шара қарастырылды.

 

Түркістан облысы