Ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаланың жағдайын жақсартуы тиіс.
«Жасыл Қазақстан» негізгі 7 бөлімнен тұрады. Су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықты басқару, биоалуандылықты сақтау, елімізді көгалдандыру, энергия тиімділігі, сол секілді экоқұрылым мен экологиялық мәдениетті арттыру – аталған жобада қамтылып отырған негізгі бағыттар. Бұл Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Шымкенттегі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді», деді министр.
М.Мырзағалиев айтқандай, 2025 жылға қарай ағын суларды төгу көлемін төмендету, қалдықты өңдеу үлесін ағымдағы 18%-дан 35%-ға дейін арттыру, сондай-ақ еліміздің ІЖӨ-дегі энергия сыйымдылығын қысқарту көзделуде.
«Республиканың орман қорында 2 млрд ағаш отырғызуға байланысты орындалып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттырып, қоғамдық мониторингті күшейту үшін министрліктің қолданыстағы геопорталының базасында интерактивті картаны құру ұсынылады. Қазір осы порталда орман өрттері мен заңсыз ағаш кесу мониторингі онлайн режімде жүргізіліп жатыр», деді еліміздің бас экологі.
Су ресурстарын басқару мәселесінде мемлекеттік бағдарламаның жобасын қайта құру жоспарланып отыр.
«Су ресурстарын басқаруға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы әзірленді. Бүгінде аталған бағдарламаны ұлттық жобаға айналдыру жұмыстары іске асырылып келеді. Су дипломатиясын нығайту үшін мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіретін, сол секілді цифрландыруды, су ресурстарын есепке алу мен мониторингті күшейтуді, суды үнемдеуді, ирригациялық жүйелер мен құрылыстарды қалпына келтіруді қамтитын 6 негізгі бағыт айқындалды», деді министр.
Бұдан бөлек, құқықтық базаны жаңарту, жаңа редакциядағы Су кодексін әзірлеу және су саласының мамандарын даярлау жөніндегі жұмыс күшейтілмек. Ұлттық жоба аясында 2 мың шақырымға жуық магистралды арналарды жаңғырту, жалпы көлемі 885 млн текше метрді құрайтын 8 жаңа су қоймасын салу міндеті қойылып отыр.