Аталған картина Ұлттық музейде орналасқан. Адамның ішкі сана-сезімін өзіне елітіп әкететін таңғажайып туынды әсіресе аға буынның ерекше ықыласына ие. Өткен күннің жаңғырығындай көңілге ыстық, жүрекке жақын көрінеді.
Мейіржан Нұрғожин өнердегі классикалық реализм мектебінің жолын қуушы суретшілердің қатарына жатады. Оның шығармашылығынан тарихқа деген қызығушылық анық байқалады. Солай бола тұра сағат сайын өзгеріп жатқан қазіргі заман белгілерінен де, еуропалақ кескіндеме жетістіктерінен де айналып өтпейді. Өзінің білімін қылқалам ұшына төгеді. Адамның күнделікті тіршілігін бейнелеуге деген ұмтылысы ерекше.
Суретшінің балалық шаққа арнаған картиналары мен сызбалары аз емес. Олардың көбі балаларға арналған. Күшіктер мен лақтар, алма мен ойыншықтар сынды қымбат атрибуттарға толы әртүрлі картиналар өзгеше бедерленген. Әрбір туындысында кішкентай балдырғандарға деген мейірімі мен махаббаты көзге оттай басылады.
Жалпы, «Ұшақ, ұшақ..» картинасының сюжеті өте қарапайым. Екі бала даланың ортасында күннің сәулесінен сығырайып аспанға қызыға қарап тұр. Өмірдің әртүрлі қызықты оқиғалары күнде бола бермейтін ауыл балалары үшін бұл нағыз керемет дүние. Шексіз аспанда кішкене нүкте болып ұшып бара жатқан күміс ұшақ. Барлық пейзажға, картинаға күн нұры төгіліп тұр. Сонымен бірге бояулардың жарқын спектрінің алуан түрлі реңктері бар. Жарық, күн, бір сәттік әсер, көңіл күй, ғажап нәрсені күту – міне, осылардың барлығы туындыға әр беріп тұрғандай.
Автор бала шынайылығының ұшқыны мен табиғилығын, әлемді тануға деген қызығушылығын еркін сезініп, мөлдіретіп жеткізген. Ат үстінде аспанға қол созған бала арман картинаның жұмбағын шешіп тұрғандай.
Бұл картина – шебер шығармашылығының поэтикалық және стилистік ерекшеліктерінің бәрін сыйдырып тұрған нағыз жауһар туынды.