Абай • 11 Ақпан, 2021

Абай орталығы ашылды

1152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №3 мектеп-интернатта Абайтану кабинеті ашылды.

Абай орталығы ашылды

Көркі көз тартарлық етіп бе­зен­дірілген, әрқилы заманауи қон­дырғылармен жабдықталған кабинетке ұлы ойшылдың елуден астам шығармасы қойылыпты. Қазір мектеп оқушылары осы жерде рухани нәр алуда. Оқу­шылардың бірі Динара Нұр­мұ­ханова ұлы ақын­ның жүзден астам өлеңін жатқа біледі екен. Жыл сайын тұрақты өт­кізілетін «Абай оқулары» бай­қа­уында бір­неше мәрте топ жарған.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасыр» атты мақа­ласында ұлттық сананы жаң­ғырту үшін жас ұрпақ ата мұра­сын оқу керектігін атап өтті емес пе? – дейді оқушы Ди­нара Нұрмұханова. – Біз осы талап­тың үдесінен шы­ғуы­мыз ке­рек. Мен өзімнің осы ойымды құр­быларыма ұдайы айтып, жақ­сылыққа жетелеп жүремін.

Мектепте жақсылық ша­ра­па­ты мол талай іс қолға алын­­ған екен. Соның бірі оқу жы­лының басынан бас­тап құрылған Абайтану клубы. Клуб мүшелері онлайн жү­йе­де кемеңгер тұлғаның мол мұра­сын мұқият зерттеп, әр өлеңінде айтылатын те­рең ойды тебірене талдайды. Әркім өзінің түй­сінгенін, шә­кірт көңілде алау­лаған ұш­қын­ды жеткізуге тырысады. Клуб құрамындағы елу­ден ас­там оқушы әрбір жылуы мол жиын­ға ыждаһатты да­йын­далып, ықыласпен қа­тысады.

– Абай мұрасы көл-көсір рухани қазына, – дейді клуб жетекшісі Мақсат Мұратов, – біз Абайтану кабинетінің арқасында жас толқынға жарасымды тәрбие беруге ұмты­лу­дамыз. Телефондағы арнайы бағдарлама арқылы кез келген қара сөзін, оқушы көңілі қалаған шығармасын көрсете аламыз.

Ойға бөккен орталықтың артықшылығы да осында. Кез келген адам көрнекі құралдар арқылы өзіне қажетті дүниені табан астында таба алады. Ой теңізін кешемін деген оқушыға одан артық не керек.

 

КӨКШЕТАУ