Руханият • 11 Ақпан, 2021

Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік архив ескі құжаттарды жаңғыртуда

226 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде мұрағаттағы 1920-1930 жылдар аралығындағы құжаттарды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Архивтік құжаттарды физикалық-химиялық және техникалық өңдеуден өткізу архив саласының негізгі жұмыстарының бірі болып табылады. Қолда бар қордалы деректердің маңызын бұзбай, сақтау мерзімін ұзарту. Сондай-ақ мәтіндерінің жазуы солғын тартқан архивтік құжаттарды фотореставрациялау және шаң-тозаңнан тазартып, қайта түптеу.

Реставратор Сырым Ботабеков құжаттарды қайта қалпына келтіру жұмыстары өте күрделі екенін жеткізді. Маман зертханадағы реставрация аппараттарының көмегімен тозығы жеткен қарт қағаздардың көшірмесін жасауда.

«Зертханамызға мұрағаттан ескі әрі бүлінген құжаттар келіп түседі. Құжаттарды бірден қалпына келтіруге кірісіп кетпейміз. Қағаз бойында адамға зиян келтіретін бактериялар болуы мүмкін. Кейде көгерген не саңырауқұлақтар өскен құжаттар кездеседі. Болмаса адам өміріне қауіп төндіретін әртүрлі инвекциялар кездеседі. Адамның денесінде алуан қышымалар тудырады. Мәселен саңырауқұлақтар мұрын арқылы кіріп өкпенің әртүрлі ауруларына әкелуі ғажап емес. Процесс барысында мұнын бәрі ескеріледі. Сондықтан келіп түсе салысымен дизинфекция, дизинсекция жасаймыз. Дизинсекция арнайы инертті газ құрылғысы арқылы жасалынады.

Бұрындары формалин, тимол, этиленоксид секілді антибактериялды заттарды қолданған. Оны Иран архивінде әлі күнге дейін пайдаланады. Соңғы реставрациялық үрдіс бойынша қағаздың құрылымында өте зиян элеметтер болатыны анықталды. Сондықтан одан бәрі бас тартып, инертті газға көше бастады. Алдымен ескі құжаттарды инертті газға толы камераға қамап, 3-4 апта бақылаймыз. Одан кейін үлкейткіш әйнекпен қарап, саңырауқұлақтардың іздері байқалса тазалап алып тастаймыз. Микромиценттен тазартамыз.  Егер бар болса, қағаздың сол тұсын қосымша биоситтер арқылы орап өңдейміз. Сосын барып реставратордың қолына беріледі», дейді С.Ботабеков.

Маманның айтуынша камерадан шыққан құжаттардың әрбір парағын шаң-тозаңнан тазарту қажет. Олар да арнайы аппарат арқылы жүзеге асады.

Шеттері жетіспейтін, жыртық, көп жағдайларды скотч жапсырылған құжаттар кездеседі екен. Негізінде қағазды скотчпен жабыстыруға болмайды. Алған кезде қиындық тудырады. Сондықтан жапан қағазының көмегіне жүгінеді. Бұл жұмыс Германияда жасалған құрылғы арқылы орындалады. Екі жақты жапан қағазы көшірме жасауға таптырмас мүмкіндік. 8,5 граммдық жапан қағазының екінші бетінде термореактивті желім бар. Жұқа қағазды ескі құжаттарға қыздырып желімдейді. Ол тозығы жеткен құжатты нығайтып, қорғайды. Құжат ішіндегі мәтін өшіп қалған жағдайда жапан қағазы арқылы қалпына келтіруге  болады. Бірақ бұл әдісті өте сирек кездесетін құжаттарға қолдануға болмайды. Жапан қағазын құжаттан сұйықтық арқылы айырып алған кезде әріптерді бүлдіруі мүмкін.

Реставрация екі түрге бөлінеді. Бірі – сулы, бірі – сусыз. Сулы реставрацияны сулап отырып, арнайы ұн желімі арқылы жасалады. Құжаттың қалыңдығына байланысты жапан қағазы да сондай болуы шарт. Құжатты жарық үстелге орналастырып, астынан да жарық түсіреді. Зертханада бу қарындаш аппараты бар. Кейбір құжаттар бір-біріне нығыз жабысып қалады. Оны тартып ашсақ сиялары бүлінуі мүмкін. Кейін жазылғанын оқи алмайсын. Сол кезде сулап алу керек. Одан кейін сырғанау кептіргішіне орналастырамыз. Бұл жерде әр түрлі су процестерінде шыққан құжаттарды кептіреміз.

Екінші құрғақ әдіс. Мұнда сиямен жазылған құжаттарда ылғалды әдіс қолдана алмайды. Себебі бояуын құртады.

Реставрация үстелінің үстінен жарық түседі. Астынан ары-бері жылжытуға болады. Лупамен асықпай қарап, әріптерді байланыстырады. Ал қағаздан мүңкіген жағымсыз иісті мобильді шаңсорғыш сорып алады. Мамандар әр түрлі скальпельдердің көмегімен құжаттарды тазартып, жұмыс істейді. Олар түптеу, қағазды түзету жұмыстарына қолданылады.

«Астана қаласының әкімінің қолдауымен осы құрылғыларды иелендік. Бұл Қазақстанда біздің мекемеде ғана бар. 1920-1930  жылғы құжаттарды қайта жаңғыртып жатырмыз. Құжаттардағы ақпараттардың жойылып кетпеуі үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Реставрациялауға арналған соңғы үлгідегі аппараттар осында орналасқан. Олар маңызды құжаттардың бұзылуын тежеп, ғұмырын ұзартады», дейді архив жұмысы қызметінің басшысы Ардақ Каипжанова.

Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев реставрация жұмыстарының ел тарихы үшін пайдасы зор екенін тілге тиек етті.

«Біздің мақсат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілгендей тарихты қадірлеп, өткенді жаңарту. Сол үшін қарт құжаттарды болашаққа таныстыру үшін барлық әдіс-тәсілді пайдаланып жатырмыз.  Олардың сақталуын қадағалап, өңі кеткен жерлерін түзетудеміз. Ғасырдан асқан құжаттардың бір де бірі бір рет болса да реставрация жасалмаған. Біздегі реставрациялық зертхана еліміздегі ең үздік зертханалардың бірі. Өкінішке қарай, аппараттың тілін білетін мамандар жетіспейді. Қазір іздестіру үстіндеміз. Болмай жатса, өзімізде бар мамандарды шетелге оқытуға жібереміз. Қандай жағдай болғанда да қолда бар дүниені игілікке жаратуымыз шарт», дейді М.Бектембаев.

Шынында, еліміздегі бір де бір жоғары оқу орны реставрация жұмыстарын жүрзіге алатын маман даярламайды. Әттеген-айы сол, қала архивінде іс білетін бір-екі ғана маман бар. Елімізде ең үлкен реставрация зертханалары Алматыдағы Ұлттық кітапханада және Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында ғана бар екен. Бірақ, оларға да мамандар жетіспейді.

Бүгінде кадр тапшылығы қолбайлау болып отыр. Қазақстанда жалғыз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғана архив мамандарын оқытады. Сол салағат қызығушылық танытқан түлектерге бөлінетін грант саны бірен-сараң. Ал сол саладағы мамандарды Алматығады архив мекемелері жұмысқа бірден шақыртып алады. Астанаға жетпейді.

Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві 2018 жылдан бері өзінде бар мамандардың білімін жетілдіруге күш салып келеді. Мәскеудегі құжаттама және мұрағаттану мамандығы бойынша арнайы университеттерден білім алуда. Былтыр 10 қызметкер қашықтан оқыған.