Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Полицейлер жанашырлығы

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұрттың санасында «полицей жазалайды, айыппұл салады» дегендей түсінік қалыптасып қалғаны рас. Сондықтан да әнеугүні әлеуметтік желіде қарияның сөмкесін көтеріп бара жатқан полицейдің фотосы жұрттың жылы пікіріне ие болған.

Полицейлер жанашырлығы

Шынында да, үлкенге ізет көрсетіп жүрген жаяу патруль­дегі погонды кім екен деп, Өске­мен қалалық полиция бөлімінен сұрастырғанбыз. Жалпы қалада жаяу патрульде 34 қыз­меткер, 6 учаскелік полиция бекеті бар екен. Сақшылар өздеріне бекі­тіл­­ген әкімшілік аумақта тәртіпті қа­да­ға­лайды, қылмыстың алдын алады. Соны­мен қатар 102 арнасына түскен шақыр­тулар бойынша да қызмет көрсетеді. Демек, тәртіпсіздік, ұрлық, атыс-ша­быс орын алған жағдайда, алып-ұшып алдымен жететін де па­труль­дік полицейлер.  

Солардың бірі – қарияға қол­ға­быс етемін деп, көпшіліктің көзіне түс­кен  Санат Әміренов. Өс­ке­меннің тай­ғақ көшесінде ақ жаулықты ананы қолтығынан демеп, тұрғындардың жанары­на жылы ұшыраған полицейдің пікірінше, бұл – кез келген адам­ның парызы. Солай ғой, бірақ біз­дің қоғамда погондылардың көшеде көмек көрсетуі көзге ерек­ше жылы көрінеді. Әрине, аза­маттарға қауіп төнсе, тәртіпсіздік орын алса, құқық қорғау қызмет­кер­леріне жүгіну әдеттегі жағдай. Ал Са­наттай қолғабыс етіп, ал­ғыс арқа­лағандар санаулы десем, өтірік емес.

– Біздің қарамағымыздағы әкім­шілік аумақ – тоғыз жол­дың торабында. Ерсілі-қарсы­лы ағылып жатқан көлік көп. Әлеу­меттік желіде тарап кеткен сурет есімде. Ол күні жұмысқа таңертең кел­дік. Күн аяз. Қарасам, жол жие­гінде ауыр сөмке көтерген апа тұр екен. Сөмкесін алып, жол­дың арғы шетіне өткізіп жібердім. Бойында тәрбиесі бар кез келген азамат үлкенге ізет көрсетеді, – дейді патрульдік полицей Санат Әміренов.

Ұлан ауданы, Бозанбай ауы­лы­ның тумасы Санат Әміренов – қазақы мәдениетті, салт-сананы бойына сіңі­ріп өскен азамат. Волейболдағы жат­тықтырушысы да тәртіп әркімнің өзі­нен баста­латындығын айтып отырады.

Әлбетте, формадағы қызмет­кер – мем­­лекеттің айнасы іспетті. Сон­дық­тан да ортақ тәртіпке бағы­нып, қыз­­мет­ке адал болып, жан-жағына жақ­сы­­лы­ғы­мен танылса, құқық қорғау са­ла­сы­ның се­ні­мін ақтағаны, абыройын ас­қақ­­тат­қаны.

Соңғы жылдары полицейлер­дің ел арасынан табылып, көмек көрсетулері жақсы үрдіске айнал­ған. Жуырда қар қалың түскен күні  Өскеменнің поли­цей­лері қызметтік формасын жұмыс киі­мі­не ауыстырып, «Негізгі орта мек­теп-интернаты» мекемесінің аула­сын қар­дан  тазалады.

– Қаланы қар басқан күні біз­дің қыз­меткерлер қолға кү­рек алып, мектеп ауласының қа­рын күреді. Сенбілік көңілді өтті. Ең бастысы, қоғамға пай­да­­мыз тиіп жатқанына қуан­дық, – дейді об­лыстық Поли­ция депар­таментінің жеке қимыл­дайтын арнайы жасақ ко­мандирі Айдар Нұр­мұхамбетов.

Ойламаған жерден ауласы айна­дай болған мектеп директоры Анар Жеті­бае­ва да оқушылар мен мұғалімдер аты­­нан тәртіп сақшыларына алғыс біл­дірді.

– Интернат аумағында балаларды қойып, ересектердің жүруі мүмкін бол­­май қалды. Қуа­нышымызға орай, поли­ция қызметкерлері көмекке келді. Әйтпегенде, балалар ойын ала­ңына жақындай алмаушы еді, – дейді мектеп директоры.

Мұндай жақсылық жасау жариялана бермегенімен, аудандарда да дәстүрге айналған. Ауылдық жерлердегі полицейлер жұмыстан бос уақыттарында жал­ғызбастыларға, қарттарға көмек көр­сетіп тұрады.

 

Шығыс Қазақстан облысы